Трамп Қытайға қатаң шара қолданды: импорттық тарифтер еселеп артты
Бұл кезеңде Қытайдан басқа елдер үшін баж салығы 10% мөлшерінде белгіленеді. Ал Қытайдан келетін тауарларға тариф бірден 125%-ға дейін көтеріледі.
Трамп бұл шешімін Truth Social желісіндегі парақшасында түсіндіріп, 75-тен астам елдің АҚШ-пен сауда мәселелері бойынша келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізгенін айтты.
«Бұл елдер менің табанды ұсынысымнан кейін АҚШ-қа қарсы жауапты шаралар қабылдамағандықтан, мен 90 күндік үзіліс жариялап, осы уақыт ішінде тарифті 10% деңгейінде етіп айтарлықтай төмендетуге шешім қабылдадым», – деп жазды Трамп.
Сонымен бірге ол Қытайдың «әлемдік нарыққа құрметсіздік танытқанын» айтып, осыған байланысты Қытайдан әкелінетін өнімдерге салынатын тарифті 125%-ға көтеретінін мәлімдеді.
«АҚШ пен басқа елдерді тонау дәуірі аяқталуы керек екенін Қытай жақын арада түсінеді деп үміттенемін», – деді ол.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент CNBC арнасына берген түсініктемесінде, Қытайдан басқа елдермен келіссөздер жүріп жатқанда, олар үшін тариф 10% деңгейінде қолданылатынын нақтылады. Алайда бұл үзіліс кейбір салалық тарифтерге қатысты емес екенін айтты.