Аурушаңдықты азайтуға бағытталған шаралар артып келеді

0 3
Облыста аурушаңдық көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда өткен жылы 6,7 пайызға жоғарылаған. Ал, өлім-жітім көрсеткіші 2023 жылдан 3,6 пайызға артқан. Өткен жылы ана өлімінің 3 жағдайы тіркелген. Нәресте өлімі алдыңғы жылға қарағанда төмендеген, дегенмен өткен жылы 163 нәресте шетінепті. Облыс халқының денсаулығын сақтау жұмыстарын жүйелеп, өткен жылдардағы атқарылған істерді саралап, алдағыны жоспарлау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті.

Өткен жылға денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 15297,3 миллион теңге қарастырылған. Облыстың медициналық қызметінің өткен жылғы жұмыстары жөнінде мәлімдеген басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев облыста 392 денсаулық сақтау нысаны халыққа медициналық қызмет көрсетіп отырғанын айтты.

– Облыстағы 341 бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету және 38 ауруханалық нысанда 15 237 медициналық қызметкер жұмыс істеуде. Облыстағы мемлекеттік ұйымдардағы дәрігер тапшылығы 2024 жылдың қорытындысында 70 бірлікті құрады. Оның 22-сі қалалық, 48-і ауылдық емдеу мекемелерінде. Кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінеді. Жергілікті атқарушы органның грантымен жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 51 білімгер, резидентурада 84 дәрігер оқиды. Жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып, оқу бітіргеннен кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесімен 62 дәрігер өңірге жұмысқа келді. Республикалық бюджет есебінен облысымызға мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыспен 182 дәрігер резидентурада оқиды. Өткен жылы 3 893 медицина қызметкері оқытылды, оның ішінде 977-сі дәрігер, 2 916-сы орта буын қызметкерлері. Жалпы, шетелде 21 дәрігер біліктілігін арттырды. 2024 жылы өңірге 90 жас маман келді, оның 24-і қалада, 66-сы аудандарда тұрғындардың денсаулығы үшін қызмет етуде. Мамандарды тұрақтандыру мақсатында облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету түрлері санаттарға бөлініп, мөлшерлері өзгерді. Облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандар бойынша 8 500 000 теңге, облыстың ауылдық жерлерінде, кенттерге, моноқалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға 1 200 000 теңге, Тараз қаласына 800 000 теңге мөлшері айқындалды. Республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредитке 3 жас маман құжаттарын өткізді. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақыны 6 жас маман алды, 1 жас маман құжат өткізді. Ауданға келген 3 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді. Аудан әкімдіктерінен келген мамандарға коммуналдық қызметтерге, отын, су, көмірге арналған шығындарды өтеуге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома 11 жас маманға берілді, – деді Ерік Тілләбекұлы.

Өткен жылы 7,4 миллиард теңгеге 24 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 20 медициналық-санитарлық нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен жүргізілген. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде құрылыс басқармасы арқылы Қордай ауданында Масаншы ауылдық ауруханасының емханасына қосымша құрылысы өткен жылдың 29 тамызында және Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысы 23 қазанда аяқталып, пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ өткен жылы жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеуге 775 миллион теңге, психикалық денсаулық орталығына 705 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында күрделі жөндеу толық аяқталған, ал психикалық денсаулық орталығының жөндеу жұмыстары биылға өтпелі.

Облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 92,40 пайызды құраған. Өткен жылға 033 медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары бағдарламасы бойынша 4,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 4 компьютерлік томограф, 1 нейронавигациялық жүйе, 2 маммограф, 3 флюорограф, 1 «С-дуга» жылжымалы рентген, 5 УДЗ, 1 транспорттық инкубатор (кювез), 5 кешенді сандық диагностикалық рентген және тағы басқа жабдықтар сатып алынған. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 миллиард теңгеге 33 санитарлы автокөлік, 3 микроавтобус, 1000 моноблок сатып алыныпты. Ал биылға 6 миллиард теңге қарастырылған. Оған 2 магнитті-резонансты томограф, 2 компьютерлік томограф, 1 ангиограф, 1 лор комбайн, 3 сандық маммограф сатып алынбақшы.

– Облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру деңгейі өткен жылы 92,40 пайызды құрады. Өткен жылға 033 медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары бағдарламасы бойынша 4,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде 4 компьютерлік томограф, 1 нейронавигациялық жүйе, 2 маммограф, 3 флюорограф, 1 «С-дуга» жылжымалы рентген, 5 УДЗ, 1 транспорттық инкубатор (кювез), 5 кешенді сандық диагностикалық рентген және тағы басқа жабдықтар сатып алынған. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1,1 миллиард теңгеге 33 санитарлы автокөлік, 3 микроавтобус, 1000 моноблок сатып алыныпты. Ал биылға 6 миллиард теңге қарастырылған. Оған 2 магнитті-резонансты томограф, 2 компьютерлік томограф, 1 ангиограф, 1 лор комбайн, 3 сандық маммограф сатып алынбақшы. Ауылдың шалғай елді мекендерінде орналасқан халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 10 жылжымалы медициналық кешен 289 елді мекенді қамтыды. Ол кешеннің екеуі КАМАЗ, сегізі автобустық мамандандырылған көлік. Жоспарланған елді мекендерде барлығы 132 383 адам қамтылса, оның ішінде 25 435-і бала. 44 248 диагностикалық зерттеулер, 9 257 зертханалық тексеру, 159 408 бейінді мамандардың консультациясы көрсетілді. Тұрғындарды қарау барысында 7064 науқас анықталды, – дейді Ерік Мұсабаев.

Қан айналым жүйесінен аурушаңдық көрсеткіші алдыңғы жылға қарағанда былтыр жоғарылаған. Осы аурудан болатын өлім-жітім 10 пайызға артыпты. Бір қуанарлығы, туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші төмендеген.

Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын іске асыру жөніндегі жол картасының «Пациенттерді цифрлық құралдар арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (әлеуметтік әмиян)» көрсеткіші бойынша өткен жылы QR-кодпен берілген рецептердің үлесін 10 пайызға (75 781) дейін жеткізу жоспарланған. Былтыр «Egov Mobile» қосымшасының «Әлеуметтік әмиян» бөлімі арқылы «Дәрі-дәрмек» қызметі арқылы QR-кодпен 44 154 рецепт берілген. Бұл – жалпы рецептердің 5,8 пайызын құрады. Яғни, 2024 жылғы межеге қол жеткізілмеген. Кейбір медициналық ұйымдар межеге жеткенімен, бірқатар медициналық ұйымдар жоспарды жүгезе асыра алмаған.

Алқа отырысында медициналық қызметке қатысты түскен арыз-шағымдар да айтылды. Өткен жылы басқармаға Е-өтініш платформасы арқылы 2032 өтініш тіркеліпті. Оның ішінде 1480-і арыз болса, 153-і шағым, 174-і ұсыныс, 225-і басқа өтініштер. Арыз-шағымдардың басым көпшілігі алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына қатысты. Арыздар медициналық қызметкерлер этика деонтологиясын сақтамауы және ақпараттандыру түсіндірме жұмыстарын жүргізбеуінен, жолдамалардың барлық түрлерінің тиісті түрде бермеуінен, дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз етілмеуі жөнінде. Медициналық санитарлық эпидемиологиялық көмек бойынша шағым көбейген. Шағым түсуіне диспансерлік есепте тұрған науқастарды бақылаусыз қалдыру да себеп болған.

Жамбыл облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Айгүл Балғабаева департаменттің өткен жылғы жұмыс нәтижелері туралы ақпарат берді. Облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байдилда Шыналиев жұқпалы аурулардың проблемалық мәселелері және денсаулық сақтау ұйымының жағдайы туралы баяндады.

– Ит пен жануарлардың тістеуінен зардап шеккен 3 457 адам тіркелсе, оның ішінде 24-і құтыру диагнозы қойылған жануарлардың тістеуінен зардап шеккен. Осы орайда қолайсыз эпизоотиялық жағдай емдеу-профилактикалық ұйымдарда антирабиялық иммуноглобулин мен антирабиялық вакцинаның жылдық және төмендетілмейтін резервтік (20-25 пайыз) қорының болуын қамтамасыз етуді, жануарлардың тістеуінен зардап шеккен адамдарды және декреттелген топты антирабиялық егу курсымен 100 пайыз қамтуды, халық арасында құтырудың алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарының тиімділігін арттыруды талап етеді, – деді Байдилда Сейділдәұлы.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

aqjolgazet.kz

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.