Той иелеріне салық салына ма?
«Той иелеріне салық салынады» деген әңгіме бүгінде халық арасында үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттар бұл мәселені жарыса жазып, тіпті белгілі бір талаптар бұзылған жағдайда төленетін салық түрлерін де атап көрсетті. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Осы секілді тойхана иелері мен асабаларға қатысты да түрлі әңгімелер айтылып жүр. Біз көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп, мәселенің анық-қанығын білу үшін мамандармен тілдесіп көрдік.
Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтіп, қазақтың той өткізу дәстүріне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Орталық директоры Жасұлан Әбдхалықтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиынға Тараз қаласындағы мейрамхана иелері қатысып, той мәдениетін өркениетті деңгейге көтеру жолдары қарастырылды. Кездесуде ең алдымен қазақтың той өткізу рәсімінің ұлттық құндылықтармен үйлесуі, оның мәдениетке әсері сараланды. Қазіргі таңда орын алып отырған дарақылық пен бәсекелестікке негізделген ысырапшылдық мәселесі жиынның негізгі тақырыптарының бірі болды. Артық шығынға ұрынбай, қонақ күту әдебін сақтай отырып, салт-дәстүрге сай той ұйымдастыру қажеттілігі баса айтылды.
– Қазіргі таңда қазақтың той өткізу мәдениетінде айтарлықтай өзгерістер орын алып, ұлттық құндылықтар мен этикалық нормалардың сақталмауы алаңдаушылық туғызып отыр. Тойларда орын алатын дарақылық пен шектен тыс ысырапшылдық мәселесі қоғамның назарын аударып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Әдепсіз ойындар, уақыттың қадірін білмеу, тіпті мейрамханаларға үй жануарларын кіргізу секілді келеңсіз жайттар біздің мәдениетімізге жат құбылыстардың белең алғанын көрсетеді. Осы мәселелерді реттеу мақсатында жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері бірлесіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» атты ауқымды жоба қолға алынды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты- қазақтың той мәдениетін өркениетті деңгейге көтеру, ішкі мәдениетті қалыптастыру, той өткізу рәсімдерін ұлттық дәстүрлерге сай жүйелеу. Осы мақсатта сіздермен бас қосып отырмыз. Бүгінгі заманның тойы қандай болуы керек? Қандай ойындар ойналып, қандай әдет-ғұрыптар сақталуы тиіс? Қоғамға жат дәстүрлерден қалай арылуға болады? Осы сұрақтардың төңірегінде арнайы әдістемелік нұсқаулық әзірленіп, алдарыңызға қойылды. Сондай-ақ арнайы бейнеролик те дайындалды. Ендеше, құрметті кәсіпкерлер, осы мәдени шараны қолдап, әдістемелік нұсқаулықтарды той иелеріне таратуға және бейнероликтерді мейрамханалардағы экрандардан көрсетуге ықпал етулеріңізді сұраймыз. Айта кететін жайт, бұл бастама сіздердің салықтық міндеттемелеріңізге немесе баға саясатына ешқандай әсер етпейді. Жоба тек халқымыздың ішкі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған,- деді орталық басшысы Жасұлан Әбдіхалық.
«Кеңесіп пішкен тон келтес болмас» дегендей, той өткізу мәдениетін жетілдіруге бағытталған бұл бастаманы мейрамхана иелері де бірауыздан қолдап, өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салды. Той индустриясының негізгі қатысушылары ретінде олар ұлттық дәстүр мен заманауи талаптардың үйлесімділігін сақтай отырып, мерекелік шаралардың мәдени деңгейін көтеру қажеттігін ерекше атап өтті. «Aristokrat» мейрамханасының басшысы Әбдірахман Бекжанов тойлардағы уақыт тәртібін реттеу мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тойға шақырылған қонақтардың кешігіп келуі жалпы шараның белгіленген кестеден ауытқуына, соның салдарынан мейрамхана қызметкерлерінің жұмыс уақытының созылып кетуіне және жалпы ұйымдастыру процесінің күрделенуіне алып келуде. Осы мәселені шешудің тиімді жолы ретінде ол той уақытын қатаң белгілеуді ұсынды. Оның пікірінше, кез келген тойды сағат 23:00-де аяқтау туралы бірыңғай ереже енгізу керек
– Бүгінде мейрамхана иелері тапсырыс берушілермен келіссөз жүргізу барысында тойдың аяқталу уақытын алдын ала белгілеуге тырысқанымен, көп жағдайда бұл талап ескерусіз қалып, мерекелік кештер белгіленген уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылады. Мұның салдарынан мейрамхана қызметкерлерінің жұмыс уақыты шамадан тыс ұзаруы, қоғамдық тәртіптің бұзылуы және түнгі тыныштық тәртібінің сақталмауы секілді келеңсіз жайттар жиі орын алады. Көптеген той иелері ауызша келісілген уақыт тәртібін елемей, мерекелік кешті түнгі екі-үшке дейін жалғастырып, мейрамхана әкімшілігінің ескертулеріне құлақ аспай жатады. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жергілікті әкімдік тарапынан той өткізу уақытын ресми түрде бекітіп, оны орындауды міндеттеу керек. Еліміздегі заңнамалық талаптарға сәйкес түнгі тыныштық уақыты сағат 23:00-ден басталатынын ескерсек, тойлардың да дәл осы уақытқа дейін аяқталуын қамтамасыз ету орынды болмақ. Бастапқы кезеңде бұл өзгеріске бейімделу оңай болмағанымен уақыт өте келе той иелері мен қонақтар жаңа тәртіпке үйреніп, жауапкершілік мәдениеті қалыптасады. Мен Ташкент қаласында бірнеше рет тойға қатысқанмын. Өзбекстанда той уақытын қатаң сақтау мәдениеті қалыптасқан. Мәселен, шақырылған қонақтар тойға белгіленген уақытта дәл келіп, шара сағат 17:00-де басталса 20:00-ге дейін толық аяқталады. Міне, біздің қоғамда да дәл осындай уақыт тәртібін сақтау мәдениетін қалыптастыру қажет. Егер қонақтар қуаныш иесі белгілеген уақытта той төрінен табылса, онда мерекелік шараларды ретке келтіру, оны ысырапшылдық пен астамшылықтан арылтып, ұлттық дәстүрлерге сай мәдениетті деңгейде ұйымдастыру әлдеқайда жеңіл болар еді,-дейді кәсіпкер.
Жиын барысында тойхана иелері қоғамда қызу талқыланып жүрген бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салды. Олардың арасында дастарханға қойылатын ыстық тағам санын қысқартып, ысырапшылдықтың алдын алу қажеттігі жөніндегі пікірлер айтылды. Кейбірі қазақы дәстүрдің ажырамас бөлшегіне айналған сарқыт рәсімін қайта қарастырып, қонақтарға тағам салынған пакеттерді таратуды тоқтату керектігін алға тартты. Ал кейбір пікір білдірушілер тіпті той мәзірінен қазақтың ұлттық асы етті алып тастау туралы ұсыныс айтып, көпшіліктің таңданысын туғызды.
Сонымен қатар жиын барысында асабалардың мәдени деңгейі мен білімінің маңыздылығы да сөз болды. Қазіргі таңда той жүргізушілерінің өнері мен сөйлеу мәдениеті жиі сынға алынып жүргені жасырын емес. Осыған орай асабалардың кәсіби біліктілігін арттыру қажеттігі баса айтылды.
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалықтың айтуынша, қазіргі таңда асабалармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Асабалардың рөлі айтарлықтай маңызды болғанымен олар ресми тұрғыда тиісті дәрежеде бағаланбай келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл облысымызда алғаш рет асабалар одағы құрылды. Бұл бастама асабалардың қоғамдағы орнын айқындап, олардың еңбегін лайықты деңгейде тану қажеттілігінен туындады. Асабалар ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлшегі ретінде халықтың салт-дәстүрін насихаттап, қазақы болмыс пен сөз өнерін дәріптейтін тұлғалар. Дегенмен қаншама жыл бойы осы салада еңбек еткен азаматтар ел ішінде тиісті деңгейде мойындалмай, мемлекеттік марапаттарға ұсынылмай келген. Осы орайда асабалар одағын құру олардың мәртебесін арттырып, еңбектерін елеп-ескеруге бағытталған маңызды қадам болып отыр. Одақтың құрылуы асабалардың мемлекеттік сыйлықтар мен төсбелгілерге ұсынылу мүмкіндігін береді. Сондай-ақ ұйым мүшелеріне арнайы сертификаттар табысталып, бұл олардың кәсіби әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Асабалар сертификат арқылы өздерінің шеберлігін дәлелдеп, кәсіби ортада сұранысқа ие болуына жол ашпақ. Одақ аясында алға қойылған мақсаттар мен жүзеге асырылатын нақты жоспарлар ауқымды. Ең бастысы асабалар мектебін және үйірмелерін ашу көзделіп отыр. Бұл бастама жас асабалардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына мүмкіндік беріп, олардың біліктілігін жетілдіруге жағдай жасайды. Сонымен қатар тәжірибелі асабалар жас буын өкілдеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің бай тәжірибесімен бөлісетін болады. Қазіргі таңда одаққа 30-ға жуық асаба мүше болып үлгерді. Бұл – ұйымның алғашқы кезеңіндегі көрсеткіш. Болашақта одақтың құрамын кеңейту, оның қызметін жүйелі түрде дамыту, сондай-ақ асабалардың беделін арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ,-дейді Жасұлан Әбдіхалық.
Басқосуда сондай-ақ әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен мәселелердің бірі той иелеріне салық салу жөніндегі ұсыныс та талқыланды. «Жиғаның тойға шашылсын» дейтін қазақ халқы үшін той-томалақ тек бас қосу ғана емес, ұлттық болмысымыздың бір бөлігі екені анық. Тіпті жаһанды жайлаған пандемия кезінде де халық той жасаудан бас тартқан жоқ. Бұл ел ішінде той өткізу дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Алайда соңғы уақытта тараған «той иелеріне салық салынады» деген қауесет қоғамда үлкен пікірталас туындатып, жұртшылықтың алаңдаушылығын арттыра түсті. Осы мәселеге байланысты нақты ақпарат алу мақсатында облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласып, жағдайды егжей-тегжейлі анықтап көрдік.
– Елімізде той иелеріне салық салу туралы нақты заңдық негіздеме жоқ. Бұл бағытта мемлекет тарапынан арнайы реттеулер енгізілмегенімен, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғаларға қатысты бірқатар салықтық талаптар бар. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 35-бабына сәйкес, дара кәсіпкер ретінде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын және 12 есе ең төменгі жалақы мөлшерінен асатын мөлшердегі жылдық табысы болғанда, яғни 1 020 000 теңге қосымша табыс тапқан жеке тұлғалар жатады. Атап айтқанда қызмет көрсету саласында, соның ішінде мерекелік іс-шараларды ұйымдастырушылар, асабалар және мейрамхана иелері кәсіпкерлік мақсатта табыс тапқан жағдайда олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп салық төлеуге міндетті. Сонымен қатар 2021 жылдан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялау жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Оның бастапқы үш кезеңі белгілі бір топтар үшін міндеттелген болса, 2025 жылы декларацияларды ұсыну бойынша міндеттемелерді азаматтардың қалған санаттары тапсыру керек болған. Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында ел аумағынан тыс жерлерде активтері бар адамдарды қоспағанда, азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды ұсынудан босату ұсынылды. Бұл кезең қарапайым азаматтарды, яғни шетелде мүлкі мен табысы жоқ тұлғаларды салықтық міндеттемелерден босатуға бағытталған. Бұдан былай салық органдары ел азаматтарының табысын декларациясыз да қадағалау мүмкіндігіне ие болды. Келешекте «сән-салтанат салығы» енгізілуі мүмкін деген болжам бар. Егер бұл жоба заңнамалық тұрғыда бекітілсе, қымбат жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарына қосымша салық жүктемесі енгізіледі. Мәселен, құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктер үшін 10 пайыздық мөлшерде, ал құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке әр объектіге 2 пайыздық мөлшерде салық салынады. Айта кету керек, бұл салық түрі жылжымайтын мүлік салығынан бөлек қарастырылады. Қоғам арасында кең тараған «Той иелері салық төлейді» деген ақпарат негізсіз және бұрмаланған. Себебі той иесі қызмет тұтынушысы болғандықтан, оның салықтық міндеттемелері жоқ. Тек жеке банктік шотына үш ай қатарынан ай сайын 100 аударымнан астам аударым қабылдаған тұлғалар және табыс табу мақсатында төлем қабылдаған тұлғалар салық төлеуге міндетті. Ал той өткізу арқылы табыс табатын кәсіпкерлер, яғни тойхана иелері, асабалар басқа да қызмет көрсетушілер салық төлеуге міндетті. Бұл ретте олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қолданатын салық режиміне сәйкес салық төлеуі қажет. Осылайша, салық жүйесі кәсіпкерлік қызметті заңдастыруды талап етеді, бірақ азаматтардың жеке мерекелік шараларына тікелей салық салу қарастырылмаған,-дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлнұр Абдалиева.
Сонымен қатар маман мұндай ақпарат көздеріне сенбеуге шақырады. Егер көтерілген мәселе аясында сұрақтар туындаса бірден тиісті мамандарға хабарласу керектігін ескертеді. Жоғарыда айтылғандай, тойдан табыс табатын тұлғалар, яғни асабалар да салық төлеуге міндетті екен. Бұл талап салықтық бақылауды күшейту және «көлеңкелі» экономикамен күресу мақсатында енгізілген. Дегенмен облыс аумағындағы асабалардың нақты санын анықтау қиынға соғуда. Себебі олардың басым көпшілігі бейресми түрде қызмет көрсетіп, табыстарын ресми түрде тіркемейді.
Міне, өңіріміздегі той саласында орын алып жатқан өзгерістер осындай. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, той мәдениетін биік деңгейге шығару мақсатында қолға алынған бастамалардың көп ұзамай оң нәтижесін беретіндігіне сенім мол.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ