Аталар берген ақ бата…

0 19
Дана қазақ «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп бекер айтпаса керек. «Баталы ұл арамас» дегендей, ғасырлар бойы атаның ұрпағына шын ықыласпен тілеген тілегі талай сәттілікке жол ашқан. Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің дәуірінде де батаның маңызы жоғары болған. Осы құндылықты дамыту қазіргі қоғамның да басты мәселесіне айналып отыр.

Шынын айту керек, қазіргі таңда бір әулеттің жасы үлкені деп саналатын талай ақсақалдар бата бере алмайды. Бата сұрасаңыз күмілжіп, екі ауыз тілек сөзден аса алмайды. Бәлкім, ондай келеңсіздікке түрлі жағдайлар әсер еткен болар. Дегенмен, зейнет жасына келген кісіге екі ауыз бата шумағын жаттамау ұят. Міне, осы олқылықты облыстық ардагерлер кеңесі назарға алып, төрт жылдан бері «Батамен ел көгерер» атты облыстық батагөй ақсақалдар байқауын өткізіп келеді. Нәтижесі жаман емес. Қазіргі таңда әр ауыл, әр көшеде бата жаттап жүретін қариялардың қатары көбейді. Ол – жас ұрпаққа тәрбие. Батамен басталған істің берекесі болатынын анық.

Аталған байқаудың облыстық кезеңі биыл облыстық ардагерлер кеңесіне қарасты билер алқасы мен Қордай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қордай аудандық мәдениет үйінде өтті. Іс шараның ашылу салтанатында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков сөз сөйлеп, әр ауданнан келген батагөй, парасатты аталарға сәттілік тіледі.

«Өздеріңіз білесіздер, бұл Қордай – қасиетті өңір. Кешегі Өтеген батыр, Ноғайбай биі, Кенен Әзірбаевы аңыз болған жер, талантты жазушы Несіпбек Дәутайұлымен, белгілі айтыскер Күміскүл Сәрсенбаевамен мақтанамыз. Алдыңғы толқын ақсақалдардың бүгінгі тағылымды іс-шарасын қолдаймыз. Байқауға сәттілік тілеймін. Шын үздіктің дара келуіне тілектеспін, – деді ол.

Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алды.

«Қадірлі көпшілік! Бата деген – қасиет, бата деген – өсиет. Қазақ халқы шынайы тілек, ізгі батаға ерекше мән берген. Кешегі жаугершілік заманда да, талай қиын қыстау жылдарда да батаның бағасы биік болған. Сондықтан, бүгінгі байқау – маңызы жоғары іс-шара. Келіп тұрған ақсақалдардың баршасы да – қазына. Барлығы да – өнеге. Қасиетті Қордай сахнасында өнер көрсету де – үлкен жеңіс, – деді.

Мұнан соң белгілі айтыс ақыны, өңірдің мақтанышы Күміскүл Сәрсенбаева жырдан шашу шашып, ардагерлердің өнегелі істерін өлеңмен өрнектеді. Байқаудың қазылар алқасын белгілі журналист, облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық басқарса, танымал журналист, Қордай ауданының Құрметті азаматы Құрманғали Әлімжан, облыстық билер алқасы төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек, Қордай аудандық арлагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлменбет қазылар құрамынан табылды.

Байқаудың шарты бойынша ұлттық салт-дәстүрге бағытталған батаны жатқа айту, жеребе арқылы алған тақырыппен белгілі тұлғалардың батасын жатқа айту, ұлттық салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беру. Жыл сайын өткендіктен болар, байқауға қатысушылардың жауапкершілігі жоғарылап келеді. Оны бірден айтуға тиіспіз. Байқауға қатысушылардың мамандығы әртүрлі болғанымен, ойлары мен тілек-баталары бір арнаға тоғысып, жастарға берер тағылым ретінде үйлесімін тауып жатты. Мәселен, тараздық Сауранбек Жамалбековтың мамандығы – химик.

Дегенмен, ол батадан да, сұрақтан да сүріне қойған жоқ. Жамбыл ауданынан келген Бегалы Сқақовтың мамандығы – құрылыс инженері. Ол да өзінің үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Берілген баталарды тиянақты, кеңінен қамтып, тынысының кең екенін байқатты. Жуалы ауданынан қатысқан Сейітқазы Медетбек – «Жуалы» мешітінің бас имамы. Өзі тағылымды кітаптар жазумен айналысады.

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның алғысөзімен «Билікөл», «Тәбәрік», «Ұлағат» атты кітаптары жарық көрген. Оның байқауда көрсеткен өнері де ешкімнен олқы болған жоқ. Ол өзіне берілген міндеттен бөлек ортаға шығып, Қыбырай бидің батасын да жатқа айтып берді.

Қордайлық қатысушы Еркін Құттықовтың мамандығы – домбырашы, музыкант. Суретші әрлеуші жұмыстарына да машықтанған. Байқауда көрсеткен өнері көптің көңілінен шықты. Оның жастарға берген батасы сәтті шықты. Байзақтық қатысушы инженер – механик Ерназар Монтыбаев та, Т.Рысқұлов ауданынан келген еңбек ардагері Есенғали Құралбаев та шамаларына қарай өнер көрсетті. Мойынқұмдағы орман шаруашылығының маманы болған ақсақал Бодаубек Жүндібаев, меркілік байланыс маманы Белгібай Айнақұлов, сарысулық ағаш шебері болған Дарханбек Ишанов жеңіс жолында аянбай тер төгіп, барын салды. Таластық қатысушы Серік Әбдібеков, шулық қатысушы ақсақал Мейірхан Балықбаев та жауапкершілікті сезініп өнер көрсетті деп айта аламыз.

Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпазы болып қордайлық Еркінбек Құттықов танылды. Жеңімпазға арнайы диплом және 300 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Жүлделі екінші орынды Жамбыл ауданынан келген Бегалы Сқақов иеленсе (200 мың теңге), жүлделі үшінші орын тараздық 79 жастағы Сауранбек Жамалбековке (100 мың теңге) бұйырды. Қыбырай бидің атасы үшін тағайындалған арнайы жүлде залдан шығып өнер көрсеткен Ерғазы Бозшаев ақсақалға бұйырды. Қатысушылардың баршасына 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасының төрағасы Жасұлан Әбдіхалық пен облыстық арлагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай марапаттады. Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне обыстық билер алқасының төрағасы Оңласын Есіркеповтың, облыстық халық шығармашылығы орталығының үлкен үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Байқау жақсы өтті. Біздің бір қосарымыз бар. Әр ауданнан жыл сайын үмітпен талай ақсақал қатысып жүр. Бәрі де шамалас өнер көрсетеді, бәрі де еңбектенеді. Бірақ, үш кісі ғана жүлдегер болып, өзгелері үнемі «әттеген-аймен» қайтады.

Біз республикаға баратын жеңімпаз біреу болса, оған талас жоқ. Қалған екінші, жүлдені екеу етіп, үшінші орындарды екеу етіп тағайындаса, жүлденің ауқымы молая түсер еді деген тілегіміз бар. Сонымен қордайлықтар тамаша іс-шараның куәсі болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.