Асалықтар қоныс тойын тойлады
2025 жылғы 7 сәуір күні Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының әкімшілік орталығы – Аса ауылында халықтың әлеуметтік осал санатына жататын 40 азаматқа жаңа тұрғын үйлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл іс-шара – Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылатын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы нақты нәтижелердің бірі.
Іс-шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қатысып, тұрғындарды жаңа баспанамен құттықтап, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың маңыздылығына тоқталды.
– Баспана мәселесін шешу – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты Мемлекет басшысының тұрақты назарында, – деп атап өтті аудан басшысы.
Аталған тұрғын үйлер – бір қабатты, әрқайсысында екі бөлмеден тұратын 40 пәтерден құралған. Бұл үйлер халықтың тұрғын үйге деген қажеттілігін өтеуді мақсат еткен «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.
Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Салтанат Аманқұлова бұл күнді ерекше қуанышпен қабылдағанын жеткізді:
– Осы сәтті көптен күттік. Он жылдан астам уақыт бұрын кезекке тұрған едік. Үйіміз кең, жайлы, көңілімізден шықты. Ел Президентіне және жергілікті билікке алғыс білдіреміз, – деді ол.
Жалпы, қазіргі уақытта Жамбыл ауданында тұрғын үй кезегінде 1 750 азамат тіркелген. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан нақты шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, 2025 жылы Аса ауылында көпқабатты төрт тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл болашақта тұрғын үймен қамтуды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Жамбыл ауданында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары – Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолындағы нақты көрсеткіші. Бұл қадамдар азаматтардың әл-ауқатын арттырып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік принциптерін жүзеге асыруға бағытталған.