Ауызашар кімге беріледі?

0 1

Бұрынғының адамдары егде көрінуші ме еді, әлде шынымен солай ма, әйтеуір бала күнімізде құдайы тамақ, ауызашар, соғымбасы секілді жиындарға тек қариялар келетіндей көрінетін. Кісі шақырған үйді аузында аталы сөзі бар ақсақалдар мен ақ кимешегін кірлетпеген әжелер бетке алса, олардан бұрын не кейін есегін тепеңдетіп бірлі-жарым шал-шауқан кетіп бара жататын. Қазан-ошақтың басында келін-кепшік жүрсе, біз сияқты қара сирақтардың міндеті самаурын қою еді.

Қолға су құю мәртебесіне ие болып, дастарқанды жағалай әңгіме айтып отырған көнекөздердің қолына жылы суды шүмектетпей арагідік үзе отырып сыздықтатқанда батаға қарық болып қалушы едік. Бата демекші, ол кездің қариялары көпшілік қол жайып, үй иесі «Ал, ақсақал бата…» дегенде бәтуалы сөз айта алмай бөгеліп, абдырап қалмайтын. Сөз емес сөзді айтып, көптің сынынан кейін күмілжіп, көзімен жер сызғандарды да көрген емеспіз. Жастардан бетер бір-бірімен сөз жағаластырып, рудың мәселесін қозғап, немесе танымал адамымен мақтанып, болмайтын дауды маздатып, өткен-кеткенді қоздатып, білсін-білмесін саясатты сапырып отыратындарды да білмеуші едік. Бір білетініміз – жағалай қолға су құйып бара жатқанда ішіндегі бір кеудесі қазынаға толы қария үзілген әңгімесін қайта жалғайтын. Ұрпаққа ұлағат боларлық әңгіме айтып отырғаны да, оны тыңдаушылар да шіркін, бір-бір әулеттің ақылшысы еді-ау. Біздің бала күніміздегі ауылдық жердегі ас-жиынның мәні осындай болатын. Әлі де солай шығар. Бірақ қазір тап осы ауызашарға келгенде жұрттың пікірі екіге жарылып жүр. Мәселе – сол жиынға кімнің шақырылатынында.

Ауызашар беру – сүннет, бірақ оны міндетті түрде жасау қажет пе? Міне, ойландыратын сұрақтың бірі осы. Себебі біреулер өз күнін әзер көріп жүрсе де шақырған көрші-қолаң, құда-жекжаттың үйінен ауыз ашқан соң олардың үйінен ішіп-жегенін қайтарғысы келіп қарызданып-қауғаланып немесе несие алып ауызашар беріп жатады. Енді біреулер онсызда жағдайы бар бай-бағланға, беделді адамдарға ауызашар бергенді мәртебе санайды.

Тағы біреулер жағдайы жоқ көршісін «Осының елді шақырып ауызашар бергенін көрген емеспіз, шығымы жоқ қой, өмір бойы шегі ағармай жүргені содан» деген пиғылмен сол көршісін ауызашарға шақырмай, тастап кететін жайттар да кездесетіні шындық. Одан бөлек, базбіреулер ауыз бекітпесе де ауызашардан қалмайтынын қайтерсің?

Ауызашарда кейде шақырған үйге онсызда ел сыймай жатқанда қариялармен жағаласып жастардың да жүретіні бар. Сонымен қатар ауыз бекітсін-бекітпесін ауызашар беріп жатқан үйге біреу қарын тойдыру үшін, тағы бірі шақырған адамның разылығы үшін, енді бірі сауап жинау үшін барып жатады. Мейлі ғой, қазақ «шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма» дейді. Десе де ауызашарға ораза тұтпағандарды да шақыруға бола ма? Осы сауал көптен бері ойландырып жүрген. Жақында өзіміздің жерлес ағамыз, белгілі журналист Қауат Бораш әлеуметтік желідегі «Facebook» парақшасында «Ауызашардың мәні мен мәзірі» деген жазба жариялады. Сол жазбада: «Отыз күн оразаға санаулы күндер қалды. Бәріміз жұмырбасты пендеміз. Құдайдан үмітіміз бар. Қасиетті айда қай-қайсымыз да қандай да бір қайырлы іс жасап тастағымыз келеді. Сөйтіп өміріміздің алдағы бір жылына сәулелі өзгерістер енгізсек деп емексиміз. Әлбетте, жұрттың бәрі жұмылып ораза тұта бермейтіні ақиқат. Біреуінің денсаулығы жарамаса, келесісінің жұмысының реті келмейді, үшіншісі толық ұстап шығуға шыдамаймын деп өзіне-өзі сенбейді. Бұл үшін ешкімді кінәлауға да болмайды. Әркімнің өз қалауы, ішкі байламы бар. Тіпті зайырлы қоғамда діни ғұрыптарды күштеп жасатуға ешкімнің қақысы да жоқ.

Содан не керек, жұртшылық салиқалы айда сауап жинауға жететін өзінің аз-кем сауатына жүгінеді. Ол – ауызашар беру. Әрине, мейірімнің ізгі мезгілінде ауызашар беру ағайынмен аралас-құралас жасағанға, дос-жаранмен әңгіме-дүкен құрғанға өте жақсы. Бірақ… Біраздан бері ұдайы айтылып келе жатқан бір мәселе әлі де алдымыздан шыға беретіні болмаса…

Осындай ой қозғауға жақында «WhatsApp» месенджеріндегі ауылдың чатында жарияланған мына бір жазба түрткі болды: «Ауылдас ағайындар ауызашардың дастарқанына байланысты мәселе айтайын деп едім. Сіздерден өтініш, жылдағыдай үйме-жүйме қылып дастарқан жасамауларыңызды сұраймыз. Бәрі ысырап болып жатыр. Ауыз бекітетін санаулы 4-5-ақ адам бар, қалғандарының бәрінің ауызы ашық. Аш жүрген ешкім жоқ құдайға шүкір. Ағыл-тегіл дастарқанды көргеннен кейін қайтыс болған адамдарына құран оқытсам деген жағдайы орта адамдар шамалары жетпей, ұялғандарынан бас тартуда».

Осы жазбаны жіберген Жандос құрдасым: «ауылда әр жылғылар оразаның отыз күнінде ауызашар беруге кезекке жазылып, жарысып жатыр» дейді. Қызық екен деп ойладым. Бұл «байдың асын байқұс қызғанадының» кері емес. Сонда сауап жинау амалы – аяқ-қолы балғадай төрт-бес ораза тұтушыны отыз күн бойы ауыл болып тойдырумен өлшенгені ме? Біздің ойымызша, оразадағы ең абзал сауап – мұқтаж жандарға көмектесу. Сол ауызашарға жиналатын ақшаға жоқ-жітікке шағын үй салып бер, шиеттей бала-шағасының аузы аққа жарысын десең қорасына сауынды сиыр сатып әпер, оған шамаң жетпесе отынын түсіріп бер. Дін-ислам бұл жайында: «Өзгелерге жәрдемдескен жомарт адамның мал-дүниесі кемімейді, керісінше, оған береке кіріп, молая түседі» деген уағыз айтады. Сондықтан да ел өзіміздікі болған соң оразаның сауабын ұлттың салты мен мемлекеттің саясатымен ұштастырсақ та артық болмайды. Мәселен, оразадағы «садақа», салтымыздағы «асар», саясаттағы «волонтерліктің» түптеп келгендегі мәні мен мағынасы бір. Яки, қайырымдылық жасау!

Жоғарыда айтылған жайт, бір ғана біздің ауылға ғана тән әрекет емес, жалпы қазақ қоғамына ортақ құбылыс екені айдан анық. Ендеше, осы рәсімді ретке келтіруде тек имам, молдалар ғана емес, ел-жұрттың ертеңіне жауапты ауыл, аудан әкімдіктері де айналысуы керек деп ойлаймын.

Алдағы Рамазан айы құтты, берекелі, тұтатын оразаларыңыз қабыл болғай!» делінген.

Осы орайда жасы екі жылы кем жетпіс бесті алқымдаған Тараз қаласының тұрғыны Шарбан Желдібаевамен тілдестік. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдан шығып, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, көпті көрген, кісілігі басым ел анасы қонақ шақырғанда жағдайы бар-жоқ, ауыз бекіткен, бекітбеген деп таңдау жасамайтынын айтты.

– Талас ауданының қазіргі Бөлтірік шешен ауылында туып-өстім. Қазіргі біздің жасап жүрген жөн-жоралғымыз, әдеп-ғұрпымыз сол кездегі жасы үлкендердің көрсеткен өнегесі, солардың айтқанынан, іс-әрекетінен түйгеніміз, көрген-білгеніміз арқылы іске асырылып жатыр. Сол кездің өзінде қонақ шақырғанда «мынада бар, мынада жоқ» деп бөліп жармайтын. Үй иесі көрші-қолаңды, тіпті бір көшенің тұрғындарын шақырса да бір үйді қалыс қалдырмайтын.

Ұзақ жыл білім саласында еңбек еткендіктен намаз оқу, ауыз бекітудің ыңғайы келген жоқ. Зейнетке шыққаннан кейін сәждеге бас қойдық. Мекенімізді де осы облыс орталығынан таптық. Қазір өзім тұратын көпқабатты үйде сыйласатын мен секілді 3-4 ақжаулықты әже бар. Олар да, мен де жылда ауыз бекітеміз. Соларға арнап ауызашар бергенде өз үйімнің кіреберісінде (подъезд) бірге тұратын көршілер ауыз бекітсе де, бекітбесе де дастарқанға шақырамын. Олардың арасында ораза тұтқан, тұтпаған өз бауырларым да болады.

Қазіргі уақыт қонақты тойханаға шақыратын заман болды ғой. Кейде ұл-қыздарым осы амалды қолдануды қалап тұрады. Бірақ мен айттан бөлек жылына екі мәрте үйге қонақ шақыруға тырысамын, соның бірі – ауызашар. Өзімнің келін болып түскен жерім Қызыләуіт ауылына да барып құран оқытып тұрамыз. Жалпы, қонақты үйге шақырған дұрыс. Өйткені қонақ өзінің құт-берекесімен келеді. Ал ысырапшылдықты сөз етер болсақ әркім шамасына қарайды. Қонақ шақырған адам дастарқанды бар ықыласымен жаяды. Артылғаны далаға төгілмейді, қонаққа келгендердің сөмкесіне үй иесі бауырсаққа дейін салып береді.

Ауызашар бір бөлек, қайырымдылық бір бөлек. Қандайда бір қайырлы істі жария етуге болмайды. Дегенмен анам ерте кезден мені айлығымнан 21 тиын садақа беруге дағдыландырған. Кейін ол теңгеге айналды, бүгінде сол үрдісті үзбей, айына 14 мың теңге садақа беріп тұрамын. Одан бөлек шын мұқтаж адам дүкенде азық-түлікке ақшасы жетпей жатса, қарыссыз қол ұшын созамын. Кейбір адамдар Құрбан айтта мал сатып алып, оны жоқ-жітікке таратып жатады. Мен құрбан шалсам, дастарқан жаямын, – деді Шарбан Егембердіқызы.

Осы ретте біз «Ауызашар кімге беріледі, ауызашар жасамай, оған кететін шығынды жағдайы жоқ адамға жұмсаса бола ма?», «Әйел адам өз алдына ауызашар ұйымдастырып, қонақ шақыра ала ма?», «Ораза ұстаушы ауызашарға шақырғанда бармаса, оның оразасына немесе сауабына әсері бола ма?» деген секілді сұрақтарды Тараз қаласындағы «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаевқа қойдық.

– Ауызашар ең алдымен ораза тұтқандарға беріледі. Бірақ «ораза ұстамаған адам ауызашарға келмесін» деген тиым жоқ. Бұрын ауыз бекітетін жастардың қатары сирек еді, қазір Аллаға шүкір, ораза ұстаушылардың саны жастар есебінен де артып келеді. Бұрын ауыз бекітетін адамды сирек кездестірсек, қазір қатары көбеюі олардың көпшілікпен бірге осындай жиынға қатысуының нәтижесі. Бір жолы ауыз бекітпей қонаққа шақырылса, келесіде амал жоқ ауыз бекітуге ниеттенуі мүмкін. Демек жастардың ораза ұстап, ауызашарға келуінен қорықпауымыз керек. Қайта олардың осылай біртіндеп ауыз бекіту арқылы парызын өтеуін үлкен олжаға балауымыз қажет.

Мұхамед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Кімде-кім ораза ұстасаушыға ауыз аштыратын болса, ораза ұстаушы қанша сауап алса, ауыз аштырушы сонша сауапқа кенеледі… Дастарқанның ең жаманы – бай-бағланның жиналғаны» делінген. Демек ауыз аштырушы мен ауыз ашқан адамның екеуіне де бірдей сауап жазылады. Ал жағдайы жоқ адамға да, бар адамға да ауыз аштыру міндеттелмейді, әркім шамасына қарайды. Сонымен қатар мүмкіндік болса кез келген ас-жиыннан жетім-жесір, мүсәпір-мүскіндерді қалдырмауымыз керек. Әйел адам күйеуінің рұқсатынсыз өз бетінше қонақ шақыра алмайды, ал күйеуі жоқ болса, онда рұқсат, – деді Ержан Маханұлы.

Имамның айтуынша, Рамазан айында дауласуға, ғайбат айтуға, біреуді жамандауға болмайды. Өйткені оразасы бұзылатын көрінеді. Төрт нәрсе оразаны бұзатын болса, оның ішінде дауласу, біреуді жамандап, ғайбат, өсек, өтірік айту да бар екен. Одан бөлек садақа мен ауызашар екеуі екі бөлек ұғым. Садақа адамды түрлі бәле-жала, кесапаттан сақтаса, ауыз аштыру сауапқа кенелтеді.

Не десек те ауызашардың мәні – пейілдің кеңдігі мен мұсылманшылықтың белгісінде жатыр. Бастысы елді қонаққа шақыратындар өзара дастарқан жарыстырып, мақтангершілікке салынбаса болғаны.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

arainfo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.