Жаңа құрылған Ұлттық университет су мәселесін шешуді көздейді

0 14
«Су – тіршілік нәрі», – дейді халық даналығында. ХХI ғасыр – ғылым-білім және оның туындысы – технология ғасыры болады деп жатырмыз. Өткен ғасырда қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналған ғылыми жаңалықтар мен жетістіктер алдағы уақытта мемлекетаралық су дипломатиясының құралы болары хақ. Еліміздің келешегінде су тапшылығын болдырмау, қауіпсіздігі, экономикасы өркендеген, қуатты мемлекетке айналуы – осы саладағы ұлттық ғылымымыздың әлемдік кеңістіктегі көтерілер биіктігімен анықталады.

Жер шарының 70 пайызын су алып жатса, соның 2,5 пайызы ғана ішуге жарамды. Сондықтан, тіршілік нәріне мейлінше көңіл бөліп, оны тиімді пайдалану адамзат баласы үшін өте маңызды. Елімізде тұтынылатын судың 70 пайызы ауылшаруашылығына, 25 пайызы өнеркәсіпке, 5 пайызы ауызсу мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтарында қолданылады. Мемлекетіміздегі елді мекендердің ауызсуының негізгі көзі – жерасты сулары. Себебі, жерасты суының сапасы жоғары. Сондықтан, жерасты суларының таралу аймағы мен өңірлерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету өзара байланысты. Алайда, еліміздегі жерасты су ресурстарының бөлінісі біркелкі емес.

Қазақстан жан басына шаққанда суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында. Республика бойынша тәуліктік норма – 3,5 мың литр. Ресейде бұл көрсеткіш үш есе аз, бір адамға 1,3 мың литр, Германияда 855 литр, ал Ұлыбританияда небәрі 348 литр.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас шағында сол кездегі СОКП ОК шешіміне сәйкес, жоғары оқу орындарын мүмкіншілігіне қарай өндіріс орындарына жақындату мақсатымен Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы инстиутының су шаруашылығы мамандықтары негізінде республикамызда жаңа оқу орнын ашу күн тәртібінде тұрды. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың айтуынша, республикамыздың әр өңірінен осы институтты ашуға көптеген қызығушылық туған. Өзі ұйытқы болып, Жамбыл облысының болашағын ойлап, сол кездегі республика басшылығына қайта-қайта барып жүріп, 1962 жылы облыс орталығында Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты ашылған. Ол жылдары облысымыз республика бойынша қызылша егу және оны өндіріп, қант шығаратын алып өндіріс орталығына айналған еді.

1974 жылы институтқа жаңадан тағайындалған жас ректор Марс Үркімбаев Кеңес Одағының ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жүз жоғары оқу орындарының арасында Жамбыл қаласында арнайы шетелдік үлгіге негізделген институттың іргетасын қалады. Ол үшін қаланың солтүстік шығыс бөлігінен 45 гектар жүгері алаңы бо с атылып берілген. Санаулы жылда озық үлгідегі бірнеше оқу-зертханалық корпустары, қосымша үш жатақхана, спорт кешені, әскери кафедра курсанттарының арнайы жаттығу полигондары, су-мелиорация техникаларын сынау алаңы және профессор-оқытушыларға арналған төрт көпқабатты үй көтеріліп, шағын ғана «гидроқалашығы» деген атпен ел игілігіне айналған кешен тұрғызылды. Институт қызметкерлерінің жеке автомобильдерін сақтайтын автогараж және бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында әрі студенттердің жазғы спорттық дене шынықтыру лагері ретінде қала сыртынан әсем табиғат аясында тағы бір кешен бой көтерді.

Орта Азия елдері бойынша гидротехника лық құрылымдар мамандарын дайындайтын бірден- бір, одақ көлемінде де бар-жоғы төрт жоғары оқу орны болды. Жыл сайын бітірген мамандары Одақ бойынша батыстағы Калининградтан қиыр шығыстағы Камчаткаға дейін мемлекеттік арнайы тапсырыспен жұмысқа орналасуға таратылып тұрды. Елімізде миллиондаған гектар егін алқаптары, бірнеше су қоймалары игеріліп, халық игілігіне жарап жатты. Сапалы білімді өндіріспен ұштастыру мақсатында студенттерді оқу, өндірістік практикаларды өтуге Москва, Горький, Фрунзе секілді қалалардағы ірі машина жасау заводтарында тәжірибе жинақтауға жіберіліп тұратын.

1998 жылы сол кездегі солақай саясаттың кесірінен облыс орталығындағы үш институт біріктірілді. Кезінде тек гидромелиорация мамандығына 250 студент қабылданған факультетке екі мыңыншы жылдардың басында онға да жетпейтін білімгерлер қабылданды. Жоғары дәрежелі ғалымдарымыз басқа қалаларға ауысып, оқу құрал-жабдықтары, материалдық-техникалық база әбден тозды. Соның бәрі екі мыңыншы жылдың басында түс көргендей «ханталапайға» ұшырап, аз уақыт ішінде жоқ болып кетті. Бірақ, өмір заңы бәрін өз орнына қойды.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮДЫҢ ЖОЛЫ – ҮНЕМДЕУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен алғашқы жылдардан-ақ су мәселелеріне ерекше мән бергені белгілі. 2021 жылы халыққа арнаған Жолдауында: «2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет», – деген еді.

Көп ұзамай Президенттің алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында Су шаруашылығы және ирригация министрлігі құрылып, саланы дамытудың ұзақ мерзімді көзқарасын айқындайтын негізгі стратегиялық құжат «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024- 2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасы», су ресурстарын реттеуді регламенттейтін негізгі нормативтік-құқықтық акт – «Су кодексі» қабылданды. Ведомстволық бағыныстағы «Ұлттық гидрогеологиялық қызмет» құрылды. 2024 жылы Мемлекет басшысының шешімімен М.Х.Дулати атындағы университеттен өз алдына жеке бөлініп, Тараз қаласында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ол туралы «кезінде бұл салада жіберілген қателік болды» деп шегелеп тұрып, атап өтті. Айта кету керек, бүгінде «Ұлттық» мәртебе берілген жоғары оқу орындары бірде-бір облыс орталықтарында жоқ, тек Астана және Алматы қалаларында орналасқан. Бұл – Мемлекет басшысының су мәселелерінің еліміз үшін, оның болашағы жаңа Қазақстан үшін бүгінгі таңда қаншалықты өзекті мәселе екенін білдіреді.

Өткен жылғы алапат су тасқынына байланысты оның салдарымен күресу іс-шараларын күшейтуге бағытталып, көп мәселе қайт а қара лды. Тұжырымдама шеңберінде су тасқынымен құрғақшылықты болжаудың кешенді іс-шаралары, гидротехникалық нысандарды жаңадан салу және қолданыст ағыларды жаңғырту көзделеді. Ғылыми зерттеулерді дамытуға және су саласының кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылды.

Жаңа «Су кодексінде» тазартылған ағынды суларды пайдалану су заңнамасының негізгі міндеттерінің бірі ретінде аталып өтілген. Су ресурстары және ирригация министрлігі – су қоймалары мен су жіберу деңгейі туралы мәліметтерді, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар министрліктеріне, ал олар өз кезегінде қолда бар деректер негізінде су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдеуі қарастырылған.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арнаған тұжырымдамасына сәйкес, 20 жаңа су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан аст ам ирригациялық кана лды қайт а жаңарту және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен су тапшылығын азайту мақсатында гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шараларды іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, суармалы жерлердің ауданын 2,5 миллион гектарға дейін, ал қолда бар су ресурстарының көлемін тасымалдау кезінде су шығынын 50-ден 25 пайызға дейін төмендету жолымен 2,4 текше километрге ұлғайтуға көзделген. Бұдан бөлек, экономика салаларын тұрақты сумен жабдықтау үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға мүмкіндік беретін іс- шаралар қарастырылған. Елімізде су ресурстарын тиімсіз пайдаланылғаны және білікті жас мамандардың тапшы екені де аталып өтілген.

Бүгінде еліміздегі су жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті 0,5-0,6 аралығында. Бұл әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы елдердің суландыру жүйелерімен ссалыстырғанда өте төмен. Мыс алы, Қыт ай халық республикасында ол көрсеткіш – 0,92.

ТАРАЗ БЕН ТАШКЕНТТІҢ ҚОС ДИПЛОМЫН АЛАДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде қашықтан білім беру процесі ұйымдастырылып, 80 студент, оның 65-і екінші және 15-і колледжден кейінгі жоғары білім алуға қабылданды. Университет Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механика ландыру инженерлері институтымен қос дипломды білім берудің бірлескен бағдарламасы туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, бір саладағы мамандықтар бойынша оқитын қазақстандық жоғары оқу орны студенттері көрші мемлекеттің оқу орнының дипломын ала алады.

Болашақ су мамандарын теория мен практиканы ұштастыра отырып, даярлау мәселесі де жолға қойылуда. Мәселен, сәуір мен шілде айлары аралығында «Қазсушар» кәсіпорнының өңірлік мекемелерінде жоғары оқу орындарының 1-4 курстарының студенттері өндірістік практикадан өтеді. Ағымдағы жылы «Қазсушар» кәсіпорнының 450 адамын жоғарылату курстарынан өткізуді және бұл іс-шараны жыл сайын тұрақты түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Өткен жылы тамызда Нидерландының «Апаттар қаупін азайту тобының» мамандары Астана қаласында «Су т асқыны қаупін басқару» тақырыбында арнайы оқу семинарын өткізіп, қазақстандық 30 маман біліктілікті жоғарылатудан өткендігі туралы сертификат алды. Сондай-ақ министрлік алдағы жылдары «Power China» компаниясымен бірлесіп, Қыт ай Халық Ре спубликасында мамандарды біліктілікті жоғарылату курстарынан өткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда министрлік жанынан кәсіби стандарттарды әзірлеу жөніндегі салалық кеңес құрылды. Ол саладағы қажеттіліктерді негізге ала отырып, қолданыстағы білім беру стандарттарын өзектендіреді және әзірлейді.

Өткен жылы елімізде болған алапат су тасқындарының түбегейлі неден болғанын әлі де ешкім тура айта алмайды. Ғалымдар арасында да нақты бір дәлел жоқ. Кейбір шетелдік ғалымдар өз ойларын басқаша білдіруде. Мәселен, Сингапурда өткен әлемдік су мәселелері туралы халықаралық конференцияда сол елдің ғалым- маманы бұл тек қар суларының бірден еріп кетуінен деген уағызға күмәнмен қарайтынын, оны әлі де болса кешенді түрде қарастырып, талдау керегін ұсынған. Жорамал ретінде әлемдік жылудың және орынсыз, жан-жақты ойластырмай жерасты мұнай-газ, тау- кен көздерін өндірудің де әсері бар деген ұсыныс білдірілген. Сондықтан, табиғи жерасты кен орындарын өндіру мен су көздерінің табиғи тепе-теңдігін бұзбай, теңгерілген жағдайын сақтай отырып қарастырылуы шарт. Осы мақсатта болашақта әлемдік климаттың өзгеру үрдісінің Қазақстан мен Орталық Азия су ресурстарына әсерін зерттейтін компьютерлік сценариялық модельдеуді тезірек игеріп, өндіріске енгізу қажет.

Президент «Әлемнің өркениетті бірде-бір елінде машиналарды күнделікті қолданыстағы ауызсумен жуғанды көрген жоқпын», – дегені нені білдіреді? Халықтың, әсіресе жас ұрпақтың бойына суды үнемдеп жұмсау мәдениетін сіңіруді барлық білім және тәрбие мекемелерінде қолға алатын уақыт жетті.

Ре спубликамыздың оңтүстік облыстарынан басқаларында су шаруашылығы бағытындағы кәсіби мамандардың тапшылығы өткен жылғы алапат су т асқындары кезінде бірден байқалды. Батыс өңірлеріне қиын-қыстау кезде нақты кеңес-бағыт беру үшін Тараз өңірлік университетінің профессор- оқытушылары көмекке барды. 2024- 2025 оқу жылында республикалық деңгейде орталықтандырылған негізде әр облыстардансу шаруашылығы бойынша мемлекеттік грантта оқуға жергілікті жастарды арнайы мақсатта оқуға жіберілуі ұсынылды. Көптеген облыстарда осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, 40-50 жасөспірімді мемлекеттік грантта оқуға жібереді. Бірақ, кейбір облыс басшылары, мысалы сол су тасқынынан ең көп зардап шеккен Ақтөбе облысы әлде дұрыс түсінбегендіктен бе, жалғыз баланы жолдамамен шығарып салған.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, кеңестік кезеңде облысымыз бойынша барлық жағынан шаруашылығы шалқып, төгіліп тұрған «Трудовой пахарь» колхозында (басшысы Социалистік Еңбек Ері А.Л.Нахманович) бір мезгілде 17 гидротехник маман жұмыс істеген. Қазір университет сумелиорациясы, гидротехникалық құрылымдар, су шаруашылығы жұмыстарын механикаландыру, су энергетикасы, мұнай-газ және тау- кен ісі бағыттары бойынша мамандар дайындауда. Болашақта су мәселелері халықаралық деңгейде мемлекетаралық келіссөздер негізінде шешілетінін ескере отырып, су дипломатиясы және де басқа мамандықтар ашу жоспарлануда.

Қазір университеттің гидро қалашығында орналасқан оқу кешендері, «Ғылым үйі», жаңа жатақхана, М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайы, спорт кешені, қала орталығында әскери кафедра және механикалық жұмыстардың зертханасы бар. Дәл осындай заманауи талаптарға с ай келетін арнайы студенттер қалашығы елімізде Алматыдағы ҚазМУ қалашығынан басқа еш жерде жоқ. Алдағы уақыттарда қала маңында су шаруашылығы, мұнай-газ және тау-кен машиналарын сынайтын және студенттердің тәжірибелерін өткізетін, заманауи талаптарға сай келетін, көлемі бес гектардай арнайы полигон болады деп үміттеніп отырмыз. Студенттер мен магистранттардың білім деңгейін жақсарту мақсатында алыс-жақын мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен келіссөздр жүргізіліп, бірлескен ғылыми конференциялар өткізу қолға алынуда. Сондай-ақ, олардың және профессор-оқытушылармен өзара алмасу жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Кейінгі жылдары университетте су шаруашылығы мамандықтарына бағыттас, бірін бірі толықтыратын «мұнай-газ ісі» және «тау- кен ісі» мамандықт ары ашылды. Себебі, еліміздің оңтүстік өңірінде (Алматы қаласынан басқа) аталған мамандықтар бойынша кадрларды дайындайтын жоғары оқу орны жоқ. Бұл бағытта жұмыс істейтін өндіріс орындары жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, алтын өндіретін «Ақбақай» кеніші, Қаратау-Жаңатас фосфор кешендері, Созақ өңірінің уран және Амангелді газ өндірістері бар. Жергілікті жастарды аталған алып өндіріс орындарында жұмыс істеуге маман етіп даярлау – университет ұжымының міндеті. Ол үшін қажетті профессор-оқытушылар құрамы жасақталып, материалдық- техникалық база қалыптастырылған. ТМД елдерінің жоғары оқу орындарымен жан-жақты байланыс орнатылып, студенттердің өзара алмасуы қарастырылған.

Өткен жылы «Су шаруашылығы және ирригация» министрі Нұржан Нұржігітов жаңа оқу орнын түбегейлі аралап, жан-жақты көріп, танысқан еді. Ол университеттің студенттері, профессор-оқытушылары және облыс тұрғындарының қатысуымен өткен алқалы жиында елімізде алдағы жылдары болатын тың өзгерістер, жаңа құрылымдар мен қажетті мамандар туралы тың мәліметтермен бөліскен. Минист рдің пікірінше, алдағы жылдары республикамызда әр облыс орталықтарында КСРО кезіндегідей «Суландыру жүйелері басқармасы» ашылып, жалпы еліміз үшін мыңдаған су мамандарын дайындау болады.

Сонымен қатар тұжырымдамада су шаруашылығы саласын бітірген инженерлердің дайындығы 1990 жылдардағы мамандарға қарағанда әлсіз екені айтылған. Көптеген жоғары оқу орнында оқыту тек «су ресурстары және суды пайдалану» бойынша жүргізіледі. Бірақ, елге «гидромелиорация», «өзен құрылыстары мен су электр станцияларының гидротехникалық құрылысы», «суару жұмыстарын механикаландыру», «су шаруашылығындағы экономика», «гидрогеология және инженерлік геология», «сумен жабдықтау және су бұру» және «жердегі гидрология» сияқты с а ла мамандары қажет. «Ұрпақтар сабақтастығы қағидатын бұзудың қауіпті тенденциясы бар сияқты. Өйткені, жоғары білікті маман дайындау үшін және сондай маман болу үшін кемі 10–15 жыл қажет», – делінген тұжырымдамада.

Сағатбек МЫРЗАШЕВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор.

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

                                                                                                                                                   Тараз қаласы

 

aqjolgazet.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.