Жамбылдың жастық шағы
Ол уақытта қаражаттың тапшылығы байқалып тұратын кез. Көркемфильм түсірмек түгілі еліміз бойынша мекемелер мен кәсіпорын жұмысшыларының айлық жалақысы бірнеше айлап берілмей жатқан уақыт. Зейнетақы да тұрғындардың қолына зарықтырып, кешігіп барып тиетін. Елдегі жалпы ахуал сондай болып тұрған кезде кино түсіру де оңайға соқпаған. Бас кейіпкер жас Жамбылдың рөлі үшін конкурс жарияланып, еліміз бойынша таңдау жүрген. Осы кастинг кезінде белгілі айтыскер ақын, сол жылдары айтыстың аспанында жарқырап тұрған жарық жұлдыз Мұхамеджан Тазабекке таңдау түседі. Танымал режиссер Қаныбек Қасымбеков әуел бастан Мұхамеджан Тазабековті таңдап, жұмысын бастайды. Осылайша, қиын-қыстау кезеңге қарамастан жұмыс жүріп жатыпты. Осы бір киноны түсіру үшін ұйымдастырушылар Талас өзенін, әл-Фараби атындағы университеттің маңында, Киров су қоймасы жағына, Жасөркеннің маңайына киіз үй тігіп түсірілім жасады. Қаратау қаласына бара жатқанда биік жотаға, табиғат аясына да түсіріліп, осы фильм үшін үлкен өнер ұжымы тер төкті. Сол уақытта бір киноны екі жыл уақытқа дейін түсіре береді. Сапасына қарайды. Аталған «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде жас Жамбылдың рөлін белгілі айтыс ақыны, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек сомдайды. Ол сол жастық жылдарын сағына отырып, сыр шертті. «Мен негізі кино әлемінен мүлдем алыс жүрген адам едім. Фильмде ойнаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірақ режиссер Қаныбек Қасымбековтің ықыласы маған ауған екен. Ал, біз бір киноның сәтті шығуы жолында тер төктік. Нұрлан Өнербаев та қолдау білдіргенін ризашылықпен айта кеткен жөн. Ал, киноактерлар ішінен мені алғаш қолдап, бойыма қанат бітірген Нұржұман Ықтымбаев болды. Сол кісі мені үнемі қадағалап «Балам, еш қобалжыма. Еркін тұр. Өзіңді жас Жамбылмын деп сезін де, өзіңе жүктелген рөлді орындай бер. Барлығы жақсы болады. Түптің түбі тамаша кино осы болады», деп жігер берді. Содан аяқ-қолымның дірілін басып еркін ойнай бастадым. Түркістан, Шымкент, Кентау қалаларының маңында да киіз үй тігіп, осы фильмді түсірдік. Бұрын кино әлемінен алыс болғаныммен, айтыскер ақын болып қалыптасып келе жатқаным, Жамбыл Жабаевтың жырлары мен айтыстарын жатқа білуім маған жақсы көмектесті. Ал, домбыра шерту жағын да маған ешкімнің үйретуі қажет емес еді.
Фильмге түсу барысында т ағы бір қол жеткізген олжам жақсы атқа мінуім. Ауылда өскендіктен, атқа мініп есейдік қой. Ал, киноға түсу барысында көкпардың небір ірі аттарын мініп жүрдім. Оның өзі талай құрдастарымның арманы ғой. Маған бекітілген «Бүркіт» деген ат болды. Өзі денесі ірі, қарагер жылқы болатын. Араб тұқымынан еді. Бір күні сол «Бүркіт» байлап қойған жерімізден босанып шығып, шауып жеткізбей кетті. Әлгі жануарға ешқандай жылқы жете алған жоқ. Фильмді жалғастыра беруге дәл сондай қарагер жылқы табылмады. Сөйтіп бірнеше кісі жабылып іздеп, үш күннен кейін бір малшылардың ауылынан «Бүркіттің» өзін тауып келді. Үш күн бойы бір жылқының салдарынан түсірілім тоқтап тұрды. Сол уақыттарда Тараз қаласындағы «Жамбыл» қонақ үйінде үш ай жатып, аталған фильмге түскен сәтім есіме түседі. Бір сөзбен айтқанда, менің жанымдағы өзге актерлер де жауапкершілікті сезініп, фильм жоғары деңгейде сапалы шықты. Ал, жалпы, «Жамбылдың жастық шағы» фильмі менің де жастық шағымның мағыналы парақтары болып сақталды. Жаратушы нәсіп етіп, айтыс әлемінде жұлдызым жанғанына , жастай елдің сұранысына ие болған фильмнің басты рөлі бұйырғанына шүкірлік етемін», – дейді Мұхамеджан Тазабек
Есет ДОСАЛЫ