Қазақша білу қиын ба?
Ана тілің арың бұл Ұятың боп тұр бетте!
Өзге тілдің бәрін біл — Өз тіліңді құрметте!
Ақын Қадыр Мырза Әлінің осы бір шумағын қазір кішкентай бала да жатқа біледі. Өйткені тіл мәселесі қазақ үшін өзекті. Ауыл ел қазақылықтан алыстай қоймағанмен қаладағы көп жұрттың тілі дүбара. Оның үстіне урбандалу үдерісі де қарқын алып келеді. Ал ауылда адам азайған сайын қазақшамыз да күлбілтене түсе ме деген уайым көп. Ендігі барымыз осы қасиетті ана тілімізді қалай сақтап қалуға болады? Талай ел мезгіл өткен сайын тілін, одан әрі өзін жоғалтып жатыр. Біз қайтеміз? Бұдан шығар жол қандай? 2023 жылы елдегі қазақ тілін білетін халықтың үлесі 92 пайыздан 81 пайызға дейін төмендеген. Бұл Ғылым және жоғары білім министірлігі Тіл саясаты комитеті жүргізген әлеуметтік зерттеудің қортындысы. Қаладағы қазақтың тіл кемшіндігін дәлелдеу үшін мысал іздеп қажеті жоқ. Сырт көзге де анық көрінеді. Жоел Адамсон, Американың бизнес консалтинг қызметкері: — Көп адамдар Қазақстанда көп адамдар біраз сөз біледі. Бірақ терең нақты шын істеу жұмыс үшін 10мыңдай сөз білу керек. Жазу керек, білу керек, оқу керек. Бірақ негізі көп қазақтар сондай сөздік қоры жоқ оларда сондай. Тек қана көшеде «Саламатсызба» сөз ғана біледі. Деңгейі жұмыс істеуге мүмкіншілік деңгейі жетпейді тәжірибелері сондай жоқ. Тілдің жетімсіреуіне себеп көп. Қазақша контент аз. Кезінде өзге тілде оқыған ата-ана баласына сөз үйрете алмайды. Әйтеуір сылтау көп. Сосын тағы бір себеп былтыр 370 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, оның 9 пайызы этносаралық отбасында өмір есігін ашқан. Яғни 31 мың бүлдіршіннің ата-анасы әр түрлі ұлт өкілдері. Қатарда қазақтың қаракөздері де бар. Аманжол Қалыш, этнограф: — Ұлт аралас неке біздің мемлекетке ең күрделі болып отырғаны — екінші ұрпақ. Олар өзін кім болып сезінеді? Қазақ болып сезіні ме, басқа неге нетіп отыр ма? Біздің тілімізді біле ме? білмей ме? Сөйтіп, елдегі әр оныншы сәби аралас некеден туады. Жыл сайын шамамен 120 жұп шаңырақ көтерсе, оның 17 пайызы этносаралық отбасы. Елдегі Естайлар өзге ұлттың Қорландарына қосылып, Қыз Жібектер шетелдік Төлегендерге тұрмысқа шығуды жиілеткен. Сосын елде өмір бойы тұрып келе жатқан өзге жұрт тұрмақ, өзіміздің қаракөздердің көбі тілге шорқақ. Жоел Адамсон, Американың бизнес консалтинг қызметкері: — Көп қазақ жиналыста боламын және осы жиналыста мүмкін 40 – тай адамдар болады және олар бәрі этникалық адамдар орысша жоқ қазақтар бар. Бірақ бәрі жиналыста орыс тілінде жүргізеді. Сол не үшін ол жағдай болып тұр? Аманжол Қалыш, этнограф: — Енді біздің мемлекеттік тілді қазақстандық азаматтардың бәрі білу керек, мысалы. Мысалы, басқа мынандай мемлекеттерде, бізбен көршілес Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан мұндай тіл секілді бақса мәселелер жоқ. Олар мемлекеттік тілді бәрі меңгереді. Үлкендердің тіл үйренуге қолы тимейді. Ал кішкентайларға не жорық? Не болса да тілді балаға мектеп қабырғасында үйрету керек екені анық. Бірақ елдегі 7964 мектептің 4032-сі ғана қазақша. 2143-і аралас, 999-ы орыс, бесеуі ұйғыр,6 -ауы ағылшын тілінде сабақ береді. Ал өзге тілде сабақ оқып жүрген оқушылар қазақша біледі деуге келмейді. Жоел Адамсон, шетел азаматы: — Мысалы, Америкада бәрі мектептерде ағылшын тілін білу керек. Жыл сайын балаларды тексеру олар деңгейі ағылшын тілін білмей келесі сыныпқа өтпейді. Әрі қарай оқуға болмайды. Себебі бәрі балаларды мектеп бітіргеннен кейін оларда жұмыс ағылшын тілінде жұмыс істеу керек. Үкіметке де өкпе жоқ. Осы тілге деп қыруар қаржы бөліп келеді. Түрлі бағдарламаларды жүзеге асырды. Ендігі бір үміт: келер жылдан бастап мемлекеттік тілдегі телерадиобағдарламалардың үлесі 55, 2027 жылдан бастап 60 пайыздан кем болмауға тиіс. Бұдан бөлек, халықтың тілге деген құрметі артса аралас мектептер де азаяды деген сенім де жоқ емес.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы