Жүргізушілер үшін жақсы хабар: мерзімі өткен куәлікті ауыстыру енді бірер минуттық іс
2026 жылдың сәуір айынан бастап мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігін eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн ауыстыруға мүмкіндік беріледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін онлайн режимде куәлігін тек мерзімі өтпеген азаматтар ғана жаңарта алатын. Енді мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәліктерін де үйден шықпай-ақ ауыстыруға болады.
Онлайн ауыстыру үшін не істеу керек?
eGov.kz порталында:
- eGov.kz порталына кіріп, «Азаматтарға» – «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөліміне өту;
«Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау;
- Куәлікті алатын ХҚКО-ны таңдап, фотоны жүктеу (фото талаптарын орындау қажет);
- Электрондық қолтаңба үлгісін жүктеп, байланыс телефон нөмірін көрсету;
- Мемлекеттік баж (1,25 АЕК немесе 5406 теңге) төлеу. Егер бұрын төленген болса, «бұрын төленген» функциясын қолдануға болады;
Өтінішті электрондық қолтаңба арқылы растау.
eGov Mobile мобильді қосымшасында:
- eGov Mobile қосымшасына кіріп, «eGov Мемлекеттік қызметтер» – «Көлік және жүргізуші куәлігі» бөліміне өту;
- «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау;
- Фото талаптарын орындап, фотоны жүктеу;
- Электрондық қолтаңба үлгісін жазып немесе жүктеп, сақтап қою;
- Куәлікті алатын ХҚКО-ны таңдап, «Жалғастыру» түймесін басу;
- Мемлекеттік бажды (1,25 АЕК немесе 5406 теңге) төлеу. Егер бұрын төленген болса, «бұрын төленген» функциясын қолдануға болады;
- Өтінішті электрондық қолтаңба арқылы растау.
Қызмет нәтижесі eGov.kz порталындағы «Хабарламалар» бөлімінде немесе eGov Mobile қосымшасындағы «Хабарламалар» – «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі. Дайын құжатты таңдалған ХҚКО-дан жеке куәлік көрсетіп алуға болады.
Қандай жағдайда онлайн ауыстыру мүмкін болмайды?
Жүйе жүргізушінің төленбеген айыппұлдарын автоматты түрде тексереді. Егер 30 күннен асқан төленбеген айыппұл болса, алдымен оны толық өтеу қажет. Осыдан кейін ғана куәлікті онлайн ауыстыру мүмкін болады. Айта кетсек, Қазақстанда жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі 10 жыл.
Айтпақшы, Қазақстанда 12 наурыздан бастап айыппұл автоматты түрде жазыла бастайды. Бұрын видеожазбалар негізінен дәлел ретінде қолданылса, енді ұсақ құқықбұзушылықтар үшін бірден автоматты түрде айыппұл салуға мүмкіндік туады.
Фото: gov.kz