«Ақбикеш» мұнарасы республикалық мәртебесін сақтап қалады

0 26

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиеваның айтуынша, алдағы уақытта мұнараға консервациялық жұмыстар жүргізіледі.

– Ең маңыздысы – бұзылған мұнараның өзі емес, қайта қалпына келтіру кезінде қолданылған материалдар. Қазіргі таңда тарихи көрінісін сақтап тұр. Егер қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданса, ғылыми-реставрациялық жұмыстар тиісті лицензиясы, біліктілігі және тәжірибесі бар ұйыммен орындалады. ҚР Заңнамасына сәйкес, ескерткіш тек толық физикалық жойылған жағдайда ғана тарихи-мәдени құндылық мәртебесінен айырылады. Осыған байланысты, «Ақбикеш» мұнарасы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін сақтап қалады, – деді Жанат Сейдалықызы.

Ал, «Қазқайтажаңарту» РМК директоры Алмас Абдиевтің сөзіне сүйенсек, тарихи ескерткішті жөндеу жұмыстары алдын ала дайындалған ғылыми-жобалық құжаттамаға сәйкес орындалған. Соған сай сапалы материалдар пайдаланылған.

— 2020 жылға дейін мұнараның сақталу деңгейі 5-6 метр биіктікте болған. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар күннің суығында жүргізілгендіктен, ауа райының қолайсыздығы жаңа және бұрынғы материалдардың бірігу процесіне кері әсерін тигізді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары (реконструкция) бойынша шешім мамандардың пікірін ескере отырып қабылданады, – деді Алмас Абдиев.

Айта кетейік, тарихи нысан Ақсүмбе ауылынан батысқа қарай 1 шақырым жерде биік жота басында орналасқан. 2019 жылы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Мұнараға 2020 жылы алғаш рет республикалық бюджет есебінен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазқайтажаңарту» РМК-сі тарапынан ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілген.

Еске салайық, бұдан бұрын опырылған Ақбикеш мұнарасын тексеретін жұмыс тобы құрылғанын жазған болатынбыз.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.