Шераға деген екен…
Ай, Камал дос! Айтып – айтпай не керек, мына дүние сенсіз өтіп жатқанына да біршама жылдар өтіп кетті.
… Қағаздарды ақтарып отырғанымда, қолыма бір фотосурет іліге кетті. Сөйтсем баяғы үшеуміз екенбіз: Сен, Қалтай және мен. Редакциялардың Гоголь көшесіндегі жаңадан салынған ғимараты еді. Ең жоғарғы қабатында «Ара-Шмель» журналының редакциясы. Оның бастығы — Қалтай Мұхамеджанов. Оныншы қабатында «Ақиқат» журналының редакциясы. Оның бастығы — сен. Ғимараттың IV-VI қабаттарында — «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы. Оның бастығы — мен.
Бірінші қабатта — кафе. Оны кейін «Камал-кафе» деп атап кетті жұрт.
Түс қайта, жұмыс аяқталады-ау деген шақта ак телефон шырылдайды. Мен трубканы көтеремін. Ар жақтан мақамды қоңыр дауыс:
— Әй, батыр, суатқа құламаймыз ба?- дейді.
Аруағыңнан айналайын Қалекемнің дауысы.
— Қалеке, Камалды ЦК шақырып кетіпті ғой,- деймін мен.
— А-а-а, — деп, Қалекем бір сәт тоқтайды да:
-Ау, Камал ЦК-ға кетсе, екеуміздің аузымызды қалтасына салып әкеткен жоқ қой,- дейді…
Сөйтіп отырғанда, күлімсіреп, аңқылдап Камалдың өзі кіріп келеді.
Камал, Қалекем және мен — үшеуміз астыңғы қабатқа, «Камал- кафеге» түсеміз…
Енді сол ғимаратта редакциялар да жоқ. «Камал-кафе» де жок. Камал мен Қалтай да жок.
Мен жалғыз… Дүние болжаусыз.
Шерхан Мұртаза
«Егемен Қазақстан», 21 желтоқсан, 2006 жыл