Парижден кейінгі соқпақ…

0 6

Әрине, ол заманның өз ерекшеліктері, қоғамға өз көзқарасы болды. Мәселен дүниеден өткен соң Әмiреге деген қоғами немқұрайлылық танылды. Оның жерленген жері, зираты жоғалды. Қырық жыл бойына Әміре жайлы айту ресми түрде еленбеді, ескерілмеді. Оның Парижге барған сапарында алаш ардагері, Кеңестің Қазақстаннан шыққан бірінші жауы Мұстафа Шоқаймен жолығып, достасқаны туралы ол кездері тіс жарып айтылмады. Айтылу мүмкін де емес еді. Тіпті Мәскеу, Петербург, Варшава, Берлин тәрізді Еуропа қалаларының архивтерін ақтарып, Әміре жайлы дерек іздеген менің өзім де Әміренің ОГПУ тізімінде болғанын естімеппін. Неге десеңіз ОГПУ тізіміне іліккен адамды жасырын аңдиды, жасырын өш алады, жасырын жазалайды екен. Онда: «Әміре өмірінің соңғы он жылы бір өкініш, бір үмітпен өтті. Неге десеңіз, Әміре Парижге барғанда алаш азаматы Мұстафа Шоқаймен жолыққан еді. Сол сапарда Мұстафа Әміре әндерін тыңдап, елге деген сағынышын білдіріп, бірнеше күн жанында жүргені белгілі. Әміре елге қайтып оралғанда Мұстафамен жолыққаны үшін «тыңшылардың» назарына ілікті, қысымына түсті.Социалистік Еңбек Ері, халық әртісі Серәлі Қожамқұлов 1974 жылы маған айтқан естелігінде: «Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден аса көңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып, бір күні бет әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол: «Сұрамаңдар, мен айтпаймын», – деді. Оның осы көрінісі арасына айлар салып, қайталанып жүрді. 1929 жылы ұлт театры Алматыға көшті. Мұнда келген соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ. Ұмытпасам, 1931 жылдың көктемі еді. Бір ойын-сауықтан соң Иса, Әміре үшеуміз айлы түннің аспанында үйді-үйімізге бірге тарастық. Сонда Әміре: «Мына пәлелердің менде не ақысы бар екенін білмеймін, түн жамылғысында қара киінген екеу үйден әкетіп, таң сәріге дейін ұстап қоя береді. Сондағы сұрайтыны: «Мұстафа не деді?» – дейді. – Айтқан әнімді тыңдап, көзіне жас алып, елге деген сағынышын білдіргеннен басқа естіген ештеңем жоқ, – десем, сенбейді. Сенген былай тұрсын, бірі ұстап тұрып, екіншісі қол жұмсап, көгала қойдай етеді», – деп көзіне жас алып, қиналып жүргенін жайып салды. Бәрінен де сорақысы: «Осынымызды бір адамға айтушы болсаң, отбасыңа зияны тиеді», – деп әбден қорқытатынын айтып, еңкілдегені естен кетер ме. Қайран Әміренің сол сөзі әлі құлағымда», — деген еді. Осыны Серағаң ішіңде жүрсін дегендей құлағыма сыбырлаған болатын. Ол кезде бұл туралы айту, жазу мүмкін емес-ті. Енді ойласам, Әміре жайлы шындық кейінгілер есінде жүрсін дегені екен [5, 234].Әміренің ендігі өмірінің көңілсіз кейпін оның фото- суреттері дәлелдегендей. Мәселен, Семейден шығып 1917 жылы төңкеріс тұсында Петроградта болған, оқыған азамат Мұсағали Қаңлыбаевпен (атақты ғалым, дәрігер Жамал Қаңлыбаеваның әкесі) 1921 жылы түскен фотосуретінде Әміре жайдары–жарқын, көңілді көрінсе, 1926 жылы сүйген жары Оразкемен, Иса Байзақовпен және сол жылдар шамасында Қалыбек Қуанышбаевпен, Қажымұқанмен, т.б. ұлт театры шаңырағын көтерісушілермен түскен фотосуреттерінде Әміре жүзі қатулы, күдіктің қара көлеңкесі бірге жүргендей сезіледі. Бұл туралы Жарқын Шәкәрім «Абай» журналында жазғаны бар, оқып танысып шықсаңыз болады [12, 73-75].Сол жылы Әмiре дауысын Мәскеуден дыбыс жазу мамандары келiп, әндерiн күйтабаққа жазу да жоспарланған болатын. Оған да үлгермедi. Қырықтан асар-аспасында Әмiренi ауру меңдей бастаған. Өмiрден өтер, қайтыс болар алдында қаршадай қыздары Күлән мен Күләштi “Көз қырыңды салып жүргейсiң” деп Ахмет Жұбановқа табыстауы өмiрден күдер үзудiң белгiсi тәрiздi көрiнедi. Әмiре дүниеден өткенде бүкiл елiмiз болып жоқтағаны сол кездерi шыққан барлық газеттерде молынан жазылған. Сәкен Сейфуллиннiң өзi “Казахстанская правда” газетiнiң 1934 жылғы 12 қараша күнгi санында орыс тiлiнде күңiренiп жоқтау мақала жазды [5, 236-238].Әміренің соқпақ жолы 1925 жылғы ел айтып жүрген Шоқай баласы Мұстафамен жолығуынан басталды деп айтсақ қателеспейміз. Таңқаларлығы Әміре ОГПУ тізімінде болғаны. Демек, Әміре Мұстафамен жолықпаса да назарда болғаны рас. Бірақ жолығуы, дәл сол жылдары Мұстафа Шоқайдың «Ашаршылық» мақаласының шығуы олар үшін таптырмас дәлел болғандай. Бірақ Әміренің қолхат беру кезінде ешқандай мағұлматтың берілмегендігі айтылған болса, хабар жіберуші тұлға есімі әлі де беймәлім болып қала бермек. Тарихқа тапсырамыз, шара не ?! Біз Әміре Қашаубай өмірін зерттеу кезінде, «Абай облысы Мемлекеттік архиві» мекемесінен тұлға шығармашылығына байланысты құжат таптық. Арнайы кәсіби қызметі үшін архив ісінің маманы Лаура Қабдылғазықызына  ерекше алғысымызды білдіреміз. Төменде құжаттың көшірме нұсқасы көрсетілген:

«Әнші» — Әміре Қашаубай өмірі мен шығармашылығы, мақаласынан үзінді.

Нұртөлеуов Сұлтанбейбарыс Талғатұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.