COVID: Жұқпалы дертті жұқтырмай туғандар

0 342

Коронавирус індеті талай жанның жанын жалмағаны жасырын емес. Десе де кеселден құлан таза айығып шығып жатқандар да баршылық. Міне, сондай Тараз қаласының тұрғының бірі – Жанар Дәулетярова

Жанар қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасына  екі жақты пневмония диагнозымен түскен. Ал ең жан түршігерлі сол кезде оның   ай-күні толып, толғағы қысып тұрған екен.   

– Аяғым ауыр болғандықтан қатты қорықтым. Дәрігерлер 4 күн бойы жансақтау бөлімінде ұстап, менің де, баламның да өмірі үшін күресті. Құдайға шүкір күні кеше қызымды аман-есен босандым. Бұл менің төртінші перзентім. Дәрігерлер өте сирек кездесетін жағдай екенін айтады. Себебі мен сияқты диагнозбен, әрі аяғы ауыр болып түскен азаматшалардың дерттен сауығып кетуі қиын көрінеді.

Күндіз-түні қасымда болып, балам екеуіміздің жанымызға араша түскен ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамын. Дәл мен осы ауруға шалдығамын деп ойламаған едім. Сондықтан барлықтарыңызды барынша сақтанып жүруге шақырамын, – дейді ана.

Жалпы бұл жұқпалы аурухана  ашылғаннан бергі үш айда  жарық дүние есігін ашып жатқан 20-шы сәби екен.

– Ағымдағы жылдың алтыншы  қаңтарынан жұмысын бастаған ауруханадан осы күнге дейін 700 адам емделіп шықты. Емдеу мекемесінің өзі 240 науқасқа шақталған. Бүгінде мұнда 185 адам жатыр. Оның 20-ы жансақтау бөлімінде  болса, қалғандары науқастарға арналған  бөлмелерде.

Аурахана қажетті дәрі-дәрмек және материалдық базамен толықтай қамтамасыз етілген. Мұнда аяғы ауыр болып түскен науқастарды да босандыруға болады. Ол үшін дәрігерлеріміз де, қондырғыларымыз да жеткілікті. Ауру жас-кәрі деп таңдамайтындығын көрсетіп отыр. Сондықтан кез келген санаттағы науқастарды қабылдауға сақадай сай дайынбыз.

Наурыз айы келісімен індет қайта өрши түсті. Қазір ауруханаға түсіп жатқан адамдардың саны артуда. Сондықтан барынша сақтанып, той-томалақ, жиын сияқты басқосуларды доғара тұруды сұранамын. Себебі ауруханаға түскен әрбір науқастың өмірі үшін біз жауаптымыз, – дейді Жұқпалы аурулар ауруханасының №2 бөлім меңгерушісі Айдана Жомартқызы.

Иә, дәрігерлердің көзсіз ерлігіне тек бас иеміз. Ал Жанардай аналардың өзіне де, перзентіне де тек ұзақ өмір тілейміз. Мамандардың айтуынша жаңа туған нәрестенің сынамасынан коронавирус инфекциясы анықталмаған екен. Сондықтан олар сәбиді  перениталдық орталыққа тапсырған. Қазір дәрігерлер оның денсаулығын сонда бақылауда.

shanyraq.info

Leave A Reply

Your email address will not be published.