83,7 млн жымқырды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің орынбасары ақталды
Атырау қаласының №2 сотында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа және «Бұйырғын» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Нұрлан Бисембаевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлыбаевқа Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бола тұра, АӨК-ға инвестициялық субсидия беру арқылы 83 700 649 теңге жымқырды, ал Бисембаевқа көрсетілген соманың жартысы 41 900 000 теңгені иемденген деген айып тағылған.
Прокурор Нұрлыбаевты ҚК 189-бабының 4-бөлімімен (Аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұраған болатын. Бірақ Атырау қалалық №2 соты әкім орынбасары мен оның сыбайласын ақтады.
“Тергеумен сотталушылар арасында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау үшін бөлінген ақша қаражатын ұрлауға алдын ала сөз байласудың бар екендігіне дәлелдемелер ұсынылған жоқ”, – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.