Таласта ерекше сүт өнімдерін өндіретін цех ашылды

0 55

Бүгінде Талас ауданында өндіріс саласы ерекше екпін алып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған бастамалардың қолға алынуы  аудан экономикасын әртараптандыруға, жергілікті өнім көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашуда. Соның бір айғағы  «ARTAZA» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің сублимацияланған сүт өнімдерін өндіретін цехтың пайдалануға берілуі.

Кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысып, ел игілігіне берілген өндіріс орны  аудан экономикасы үшін маңызды екенін жеткізді.

– Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, жергілікті өндірісті дамытуға және отандық өнім көлемін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Ауданымызда жаңа өндіріс орындарының ашылып, жеке инвестициялардың тартылуы – экономиканың дамуына оң серпін береді.

Мұндай жобалардың іске асуы өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді,– деген Нұрбол Әбдімажитұлы цех жұмысына табыс тіледі.

Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Қадірбек Садубаев және «Құлтай ата» шаруа қожалығының басшысы Рысбек Жұмабеков  сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, «ARTAZA» брендімен сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру жобасы саумал, шұбат және ешкі сүтін заманауи технологиялар арқылы өңдеп, табиғи өнімді ұнтақ түрінде шығаруға бағытталған. Саумал, шұбат және ешкі сүтін ұнтақ түрінде өңдеу технологиясы өнімнің сақталу мерзімін ұзартуға, оны тасымалдау мен сақтауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Өндіріс орнының жалпы аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Қазіргі таңда бірінші цехтың құрал-жабдықтары толықтай орналастырылып, өндірістік жұмыс басталған. Ал екінші цехтың құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жоба толық қуатына шыққан кезде өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік мол.

Қазіргі таңда жаңа кәсіпорын 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.