Конституцияның қандай баптары өзгереді: Әділет министрі жауап берді
Өзгерістер жайлы үкіметте Әділет министрі Қанат Мусин айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мусиннің айтуынша, бүгінгі күні Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасы әзірленген. Ол нормативтік сипаттағы келесі шараларды көздейді.
Конституцияға мынадай өзгерістер енгізілгелі отыр:
— Президент өкілеттігі,
— оның лауазымда болуына байланысты шектеулер,
— Орталық сайлау комиссиясының, Есеп Комитетінің, Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің саяси партиялардан шығуы,
— Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі және оның функциялары,
— республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетін Жоғары Аудиторлық Палатаға қайта құру,
— мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі,
— азаматтардың, Бас Прокурордың және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де өтініш жасауына мүмкіндік бере отырып, Конституциялық Сот құру,
— өлім жазасын жою туралы шешімді Конституцияда бекіту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу.
«Осы блок бойынша заң жобасын әзірлеу 2022 жылғы сәуірде жоспарлануда», — деді ол.
Сонымен қатар Конституциялық заңдарға және басқа заңдарға мынадай өзгерістер енгізіледі:
— әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салу,
— Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі және оның функциялары,
— Конституциялық Кеңестің және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу,
— Жоғары Аудиторлық Палата құру туралы,
— мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі мен олардың функциялары,
— саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату,
— прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша,
— сайлау процесін жетілдіру,
— алқабилер сотының қатысуымен істер санаттарын кеңейту,
— бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау,
— жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер енгізу.
«Осы блок бойынша Конституциялық заңның және заңның жобаларын әзірлеу 2022 жылғы тамызда жоспарланып отыр», — деді ол.