Сенатор жастарды «лаңкеске» теңегісі келді ме?
Бүгін сенатор Әли Бектаев діни ахуалды бақылауға алып, қатал шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, кешегі қаралы қаңтарда митингіге шыққан жастардың басым бөлігі деструктивті діни ағымдармен байланысы болуы мүмкін. Бұл туралы nege.kz сайты жазды.
«Биылғы жыл еліміз үшін күрделі ахуалмен басталды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты бейбіт шеруін қылмыстық және деструктивті ағымдағы топтар өз мүдделеріне пайдаланып кетті. Арты трагедияға ұласып, жазықсыз жандар зардап шекті. Бұл оқиға халыққа да, билікке де үлкен сабақ болды», – деді Бектаев сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бұзақыларға ергендердің басым бөлігі жастар болғанын ерекше атап өтті. Осының өзі жастар саясаты саласындағы олқылықтың бар екенін көрсетіп отыр. «Сонда қай жерден қателестік? Осыған дейін жастар саясаты үшін бөлінген қаржы мен төгілген «тердің» нәтижесі қайда? Расымен, сол жұмыстың бәрі науқаншылыққа жол беріп, алаулатып-жалаулатып өткізген бір күндік шаралармен шектелгені ме? Ашығын айту керек, қасіретті қаңтар еліміздегі ұлттық идеологияның ақсап тұрғанын да анық көрсетті», – деп атап көрсетті Бектаев.
«Жыл басында болған оқиғаларға деструктивті діни ұйымдардың қатысы бар екендігі анықталып отыр. Қоғамда бірнеше жылдан бері айтылып, талқыланып келсе де, бұл мәселеге қатысты қатаң шешімдер қабылданбай келеді. Есесіне біздің дәстүрлі дінімізді, имамдарды, мемлекеттік құрылымдарды мойындай бермейтін, өзі де, сөзі де басқа, жүрісі де, тұрысы да бөлек адамдар көбейді. Олардың немен айналысып жүргенін ешкім білмейді. Тіпті, құзырлы органдардың өздері шарасыздық танытады», – деді Бектаев.
Сенатор діни ахуалды бақылауға алып, рұқсат етілмеген деструктивті діни ағымдармен күресудің нақты және қатал шараларын қабылдау қажеттігін жеткізді. Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Бектаев жастар арасындағы жұмыссыздыққа қатысты жалған статистиканы жоюға үндеді.
Әли Бектаевтың пікіріне келісетін де, келіспейтін де тұс көп. Бұл жерде митингіге шыққан жастардың талабына назар аудару керек. Елде жұмыссыздың белең алған. Жоғары білімі бар қаншама жастар жұмыс таба алмай жүр. Көп жерде парамен жұмысқа қабылдау «дәстүрінің» мұрты бұзылмаған әлі. «Жастар практикасы», «Жұмыспен қамту» бағдарламаалары жұмыссыздық мәселесін тек цифрмен ғана шешіп қойған. Шын мәнінде, едәуір қаржы бөлінген осы жобалар іс жүзінде кәдеге асқан жоқ. Өкініштісі, оған Бектаев сияқты депутаттардың көзі енді жетіп жатқан сияқты.
Екіншіден, митингіге өз талаптарын айтуға шыққан жастардың дені жат діни ағымның жетегінде кеткенін дәлелдейтін факт керек. Алып-ұшып тұрған жастарды бәзбір топ өкілдері өз мақсатына пайдаланып кетті десе сенуге болады. Ал «небәрі 16-20 жастағы жастардың деструктивті діни ағымдарға қатысы болуы мүмкін» деген тек долбар ғана.