Жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға жазылу енді тек «ХҚКО» қосымшасы арқылы мүмкін

0 8

Енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілетін теориялық және тәжірибелік емтиханға тек «ХҚКО» қосымшасы арқылы ғана жазылуға болады. Бұл жаңашылдық азаматтарға ыңғайы болу үшін және сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «ХҚКО» қосымшасының барлық қолданушысы екі факторлы аутентификациядан өтеді: алдымен – биометриялық идентификация, сосын 1414 нөмірінен келіп түскен SMS-коды арқылы өзінің жеке басын растайды. Одан кейін жүргізуші куәлігіне үміткер  «Теориялық емтиханға жазылу» немесе «Тәжірибелік емтиханға жазылу» батырмасын таңдайды. Бұдан соң қызмет алушыға 1414 нөмірінен хабарлама келіп түседі. Айта кету керек, SMS хабарлама Мобильді азаматтар базасына тіркелген телефон нөміріне жіберіледі. Қосымша арқылы емтиханға жазылу үшін алдын ала мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, өтінім нөмірін алу қажет екенін ескертеміз.

Бұл сервис емтихан уақыты мен емтихан тапсыру кестесіндегі өзгерістер туралы пайдаланушыларға хабарлап отырады. Бұл ақпаратты ыңғайлы түрде және дер кезінде алу мүмкіндігін едәуір арттырады.

Еске салайық, емтиханға жазылу бұрын  booking.gov4c.kz сайтында жүзеге асырылатын, алайда «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы қызметті кеңейтілген ауқымда алу үшін сайттағы брондау функциясы өшіріледі. Десек те,  сайт пайдаланушыларға емтихан тапсыру сәтінің трансляциясын онлайн режимде көрсету үшін өз жұмысын жалғастыра береді.

Аталған қосымша ХҚКО-ға бару уақытын брондауға, электронды кезек үшін талон алуға, қызықтырған халыққа қызмет көрсету орталығының орналасқан мекенжайын табу және өзекті сұрақтармен танысуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, «ХҚКО» қосымшасын Google Play және App Store арқылы жазып алуға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.