Мақсатымыз – ауыл спортын дамыту
Ауданымызда аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне қарайтын Бұқаралық спортты дамыту орталығы ашылды дегенді естіген соң қызығушылығымыз оянып, бұл қандай мекеме, ол немен айналысады, болашағы бар ма, деген сауалдарға жауап іздедік. Себебі, ауданымызда Бұқаралық спортты дамытуға арналған спорт кешендері мен спорт мектептері жеткілікті. Соңғы жылдардағы реформаларға байланысты олардың дені облыстық спорт басқармасына қарап кетті. Онымен қоса Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдық округтерде спорт нұсқаушысы деген мамандар пайда бола бастады. Енді олардың жұмысын үйлестіретін орталықтың керек екені де байқала бастаған. Осыған байланысты, жаңадан құрылған Орталықтың директоры Саят Балтабекұлы Бегалиевпен сұхбаттасқан едік.
С.Ә.: — Саят інім ең алдымен оқырмандарды сенің өмірбаяның қызықтыратыны анық. Сол себепті, өзіңнің өмір жолың туралы білсек дейміз.
— Мен бөтен емеспін. Көршілес Сарысу өңірінің тумасымын. Орта мектепті Жаңатас қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінде бітірдім. Неге екенін қайдам жас күнімнен спортқа бейім болдым. Біздің бала күнімізде жерлесіміз, атақты боксшы Серік Өмірбековтің атағы дүрілдеп тұрған. Бәріміз де соған еліктеп, қолымызға бокс қолғабын киіп, боксшы болуды армандадық. Сонда 4 сыныпта оқимын. Алғашқы жаттықтырушым, осы Талас ауданының тумасы Кәрібозов Жүсіп ағай. Мектепте оқушылар арасында өтетін жарыстарда жаман нәтиже көрсеткен жоқпын. Жүсіп ағам: «Әй Саят, сенен тәп-тәуір боксшы шығады. Кейін тастап кетпе» деп арқамнан қағып, қанаттандырған соң ба, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түскеннен соң да бокстан қол үзген жоқпын. Бұл институттан өзіңіз білесіз Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев сияқты атақты боксшы шыққан. Бағыма қарай талай тарландарды тәрбиелеген Нұрлан Ақүрпеков жаттықтырушым болды. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты жаттықтырған ол бізден де бар ықыласын аяған жоқ. Осында жүріп спорт шебері атандым.
Оқуды бітірген соң туған жеріме оралдым. Қаладағы спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналастым. Бір күні спорт мектебінің директоры мені шақырып алып, бас есепші боласын деді. 12 жыл сол қызметті атқардым. Атқарғанда есеп-қисаппен шұғылданып қана қоймай боксшыларды жаттықтырдым. Сол жылдары шәкірттерімнің арасынан Шубаев Бағылан екі мәрте Әлем чемпионы атанды. Тағы бір шәкіртім Нұрсұлтан Үзайыр ҚР чемпионы атағын жеңіп алды. Ауылдағы бұқаралық спортты бір жүйеге түсіру үшін бір орталықтың керек екендігін түсіндім. Сөйтіп, Сарысу ауданында Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығын аштық. Әуелгі кезде директордың орынбасары, кейіннен директор болып тағайындалдым.
С.Ә: — Спорт саласының маманы емессіз, сені бұл қызметке қалай тағайындады?
— Иә, ондай әңгіме болғаны рас. Ақыры осы мамандықты қалап, жаныма серік еткен соң Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіндегі физкультура және бұқаралық спорт факультетіне оқуға түсіп, оны бітіріп алдым.
С.Ә: — Аудандағы бұқаралық спортты дамыту үшін жұмысты неден бастадың?
— Қандай спорт түрі болмасын оны сенімді, тәжірбиелі, білімді мамандарға табыстау керек. Мен мысалы, ең алдымен спорттың 18 түрінен тұрақты жаттықтыратын аға жаттықтырушыларды іріктедім. Ол кезегінде қарамағындағы жаттықтырушылармен жұмыс істейтін болып келісілді. Және әр ауылдан команда дайындағанда үздіктерін ғана іріктеп, ауданнан ортақ команда құрып, облыстық жарыстарға жіберіп отыруды дағдымызға айналдырдық. Соның арқасында Сарысу ауданының спортшылары 1-3 жылдың ішінде-ақ нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, облыстық жарыстарда алғашқы үштіктің қатарынан көрінетін болды. Мысалы, биылғы жылы «Ақ бидай» деп аталатын ауыл спортшыларының облыстық спартакиасында сарысулықтар үшінші орынды иеленді. Еткен еңбегіміз, төккен теріміз далаға кеткен жоқ.
С.Ә: — Талас ауданы ше?
— Талас ауданы сегізінші орынды місе тұтты. Осы биылғы жылы мен облыс әкімдігі спорт басқармасында Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізетін бөлім бастығына тағайындалдым. Енді облысқа жауап беретін болдым. Сөйтіп жүргенімде Талас ауданының әкімдігі мені осы ауданға шақырып, Бұқаралық спорт орталығын ашып берді.
С.Ә: — Талас ауданының спорттық әлеуетін бұрыннан білетін шығарсын?
— Әлбетте. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас аудандар емеспіз бе. Талай спорттық шараларда кездесіп жүреміз. Жалпы алғанда бұл ауданның спорттық базасы өте жоғары. Ауданда бес спорт мектебі бар. Қаратау қаласындағы спорт кешені, Үшарал ауылындағы спорт кешені осы заманғы ғимараттар. Сондай-ақ, ауданда спорт мамандарының жеткілікті екенін де білемін. Қалада облыста жоқ футбол стадионы бар. Бірінші лигада «Игілік» атты футбол командасы өнер көрсетеді. Жалпы бұл ауданда футбол жақсы дамыған. Кезінде В.Яровенко сияқты Олимпиада чемпионы шыққан өңір ғой бұл. «Қазақ барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев та осы ауылдың тумасы. Сізге бір қызық дерек айтайын. Самбодан әлемнің алты дүркін чемпионы, Атланта Олимпиадасына қатысушы Евгения Багунованың да туып-өскен жері Қаратау. Оның жаттықтырушысы Әлиев Низами Жаңатас қаласында тұрады. Низамидің тағы бір шәкірті Орынбаева Гүлзат Пекин олимпиадасына қатысты. Ал, сіздердің жерлестеріңіз Өмірәлі Нышан Токио паралимпиадасына қатысып қайтты. Бір сөзбен айтқанда, екі ауданның спортшыларының мәртебелері деңгейлес. Бірақ Талас ауданында спорттың кейбір түрлері кенжелеп қалыпты. Мысалы, грек рим, еркін күрес дамымаған. Мен де қызметке кірісімен ауыл-ауылды аралап спорт нысандарын көріп шықтым. Өкінішке орай, кейбір спорт алаңдарын шөп басып кеткен. Спорт жаттықтырушыларының біліктілігін қайта саралау керек болып тұр. Ең алдымен бұқаралық спорттың әр түрінен аға жаттықтырушыларды іріктеп алсам ба деймін. Олар қоғамдық негізде қызмет атқарады. Сондан кейін аймақтық жарыстар өткізуді ұйымдастырсақ па деп отырмыз. Ауданды 4 аймаққа бөліп көршілес аудандардың іргелес ауылдарында, я болмаса бізде бұқаралық спорт түрлерінен жарыстар өткізудің кестесі жасалуда. Қазірдің өзінде көршілес Жамбыл, Сарысу аудандарының аяқдоп шеберлерімен жолдастық кездесулер өткіздік. Ауылдық әкімдіктерінің құзырындағы спорт нұсқаушыларымен мақсатты жұмыс жүргіземіз. Мақсатымыз – бұқараның спортқа қатысуын қамтамасыз ету. Сөйтіп, мықтыларын іріктеп ауданның құрама командаларын құрып, облыстық спорттық бәсекеде топ жару. Ол үшін көп тер төгуге тура келетінін білеміз.
Айналып келген кезде Бұқаралық спорт орталығының негізгі мақсатына тоқталайын. Дене шынықтыру және спорт саласы жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның берік әлеуметтік бірігуіне, болашағы бір ұлтты қалыптастыруға ықпал ететін перспективалы алаңдардың бірі ретінде қызмет атқарады.
Қазіргі заманда спорт пен саламатты өмір салты экономикалық дамумен бірге, азаматтардың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштері қатарынан орын алады және халықтың әлеуметтік жұмыспен қамтылуының маңызды аспектісі ретінде қарастырылады әрі солай болып табылады.
Түптеп келгенде, спорт жалпыұлттық бірліктің, ынтымақтың нышанына айналып, жаңа қазақстандық патриотизмнің, мақтаныш сезімнің және өз елімен ынтымақтастықтың негіздерін қалыптастырудың маңызды аспектілерінің бірі болып отыр.
Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану — халықты сауықтыру, олардың өзін-өзі танытуы мен дамуының неғұрлым қолжетімді және тиімді тетігі, бейәлеуметтік құбылыстарға қарсы күрес құралы болып табылады.
Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай: «Бұқаралық спортты дамыту үшін әр қала, әр ауылда дербес спорт алаңдары, кешендері болуы тиіс және олар мамандармен қамтамасыз етілуі қажет». Үкіметтің қамқорлығына нақты іспен жауап беру біздің жұмысымыздың өзегіне айналуы тиіс деп есептеймін.
С.Ә: — Сұхбатыңызға рахмет. «Болашақ чемпиондар ауылдан шығады» дегендей соларды тәрбиелеуге қызмет ете берулеріңізге тілектеспіз.
Сұхбаттасқан: С.Әбсадықұлы