«Көлігінен әйелінің іш киімін тауып алған»: Ақтаудағы дәрігердің не себепті өлтірілгені белгілі болды
Ақтаудағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта жаңаөзендік марқұм дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевтің өліміне қатысты резонанстық қылмыстық істі қаралып жатыр. Жас терапевтті 28 қаңтар күні пышақтап кеткен еді. Ол жарақаттан қайтыс болған.
Сот мәліметінше, іс Ақтау қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының өндірісінде, төрағалық етуші судья — Серікқали Бердібеков. Қазір өзге мәліметтер жария етілмейді. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда.
Сот процесіне қатысқан блогер Азамат Сәрсенбаев болған жайтқа қатысты өз пайымын бөлісті.
«Көз алдыңызға елестетіп көріңізші…
Сен — отағасысың. 14 жыл бойы үлгілі отбасы болып, бес қыз тәрбиелеп отырсың. «Өзенмұнайгазда» жұмыс істейсің, жалақың жақсы, баспанаң, көлігің бар. Жыл сайын отбасыңды шетелге демалысқа апарасың. Барлығы мінсіз сияқты еді… Бірақ бір сәтте әйеліңнің саған опасыздық жасап жүргенін білесің.
Отбасыңды сақтап қалу үшін әйеліңнің көңілдесімен бірнеше мәрте кездесесің. Оған араны үзуді өтініп, сөзбен түсіндіресің. Сөз өтпеген соң, қол жұмсауға да барасың. Осы жағдайдан соң, ішкі жан дүниеңді ретке келтіріп, бәрін қайта саралау үшін Меккеге, қажылыққа аттанасың.
Сол жақтан келген соң, балалардың болашағы үшін бәрін кешіріп, отбасын сақтап қалуды ұйғарасың. Түркияға бүкіл отбасыңа билет сатып алып, әйеліңе өткенді ұмытып, жаңа өмір бастағың келетінін айтасың. Ол да келіседі.
Алайда… сол бір қайғылы күні таңертең көлігіңнің орындығының астынан әйеліңнің іш киімін, ал алдыңғы жақтан «насыбайдың» ашылған қорабын тауып аласың.
Сол сәтте миыңда бәрі астаң-кестең болады. Өз көлігіңде әйеліңнің не істегенін елестетіп, есіңді жоғалтасың. Пышақты аласың да, ештеңеге қарамастан әлгі адамның жұмыс орнына барып, бірнеше жерден пышақ салып аласың. Одан соң бірден полицияға барып, өз еркіңмен берілесің…
Осылайша, бір ғана әйелдің кесірінен екі ер адамның тағдыры талқандалды: бірі о дүниеге аттанды, екіншісі кісі өлтіргені үшін ұзақ жылға темір торға тоғытылмақ.
Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін»,- деп жазды ол.
📷 Әлеуметтік желі
https://todayinfo.kz/