Жаңатастық жастардың жақсылығы

0 73

Барша мұсылман қауымның асыға күтетін, мол сауапқа кенеліп, руханиятын жаңартатын, игілік пен жақсылыққа ұмтылатын мейірім айы – Рамазан айы да табалдырығымыздан аттады. Жылына бір келетін бұл қасиетті айда мұсылман қауымы қайырымдылық жасап, мол сауапқа кенелуге асығады. Бұл орайда Жаңатас қаласы такси жүргізушілерінің бастамасы барша елге үлгі. Олай дейтініміз, Сарысу ауданының орталығынан Тараз қаласына жеке көлігімен адам тасып нәпақасын тауып жүрген бір топ жүргізуші қасиетті жұма күні тұрғындарды тегін тасуды бастап кетті.

Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды. Игі істің Рамазан айында жасалуы бекер емес. Өйткені бұл рақым айы, адамдарды бірі-біріне жәрдем етуге жақындататын уақыт. Сондықтан такси жүргізушілері аптасына бір рет аймақ тұрғындарын тегін тасуды ойластырыпты. Аудан мен облыс орталығы арасында адам тасып жүрген олар мұндай игі істі асып-тасығаннан бастап жатпағанын айтады. Олардың басты мақсаты – рақым айында өңір тұрғындарына қолдарынан келгенше жақсылық жасап, Алланың разылығын алу екен.

– Тұрақты жұмысымыз болмаған соң арасында Жаңатас қаласы мен облыс орталығына тұрғындарды тасымалдау арқылы нәпақа табамыз. Күнделікті табысымыз да аса көп емес. Жаңатастан Таразға дейін бір адамға 2000 теңге аламыз. Қазір бұл бағаны 2 500 теңгеге көтерудеміз. Себебі жанар-жағармай бағасы 20 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Соған қарамастан, Рамазан айында игі іс ретінде тұрғындарды тегін тасымалдауға бел байладық. Жұма күні таңғы жетіден мешіттің жанынан облыс орталығына баратын тұрғындарды тегін жеткіземіз. Кері қайтқанда да тегін алып қайтамыз, – дейді такси жүргізуші Рауан Дүйсенбиев.

Жұма, яғни бүгін жаңатастық 7 такси жүргізушісі осындай игі бастаманы бастап кетті. Көлік жүргізушілері бұл бастаманы эстафета ретінде Жаңатас қаласынан өзге бағыттарға жолаушы тасымалдайтын, сондай-ақ өңірдегі барлық әріптестеріне жолдағымыз келеді дейді.
Бұл ретте олардың бұл бастамасына жаңатастық жастар да қолдау білдіріп, әлеуметтік желілер арқылы насихаттауда. Осы арқылы олар барша өңір тұрғындарын игі іс жасауға шақыруда.
– Тараз қаласы мен аудан орталығы арасында күніне 100-ге жуық адам такси арқылы қатынайды екен. Сондықтан такси жүргізушілері осы айда қайырымды іс жасауды ұйғарыпты. Игі іске өзге де көлігі бар азаматтар ниет танытып отыр. Әлеуметтік желі арқылы аудан тұрғындарына хабарладық. Соның нәтижесінде бұл істі қолдайтындардың қатары артып келеді. Сондай-ақ бүгінгі күні карантинге байланысты көп адамның басын қосып, ауызашар беруге болмайды. Сондықтан аудан тұрғындары күнде бізге қаржы жинап береді. Ол қаржыға біз күнделікті 80 адамға тегін тамақ таратып жүрміз, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы Бауыржан Балғабай.
Осылайша жаңатастықтар қайырымды іс жасауда көпке үлгі болып тұр.

Ш.Биділдәұлы,
Жаңатас қаласы

ar-ay.kz

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.