ҰҚК шекарада героиннің ірі партиясын алып бара жатқан шетелдік азаматты ұстады

0 496

Шекарашылар қызметтік иттің көмегімен Қазақстан-Ресей шекарасында аса ірі көлемдегі героин партиясын алып бара жатқан қырғызстандықты ұстады.

«Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» автомобиль бақылау-өткізу пунктінде Леди есімді қызметтік иттің көмегімен Қырғызстан азаматы тізгіндеген Renault Magnum автокөлігінің артқы дөңгелектеріне жасырылған, жалпы салмағы 135 келі 493 грамм 52 миллиграмм болатын ерекше иісі бар ақ-сұр түсті зат салынған пакеттер табылды», — деді комитеттегілер.

Ұсталған және тәркіленген зат одан әрі процестік әрекеттер жүргізу үшін ҰҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне жеткізілген.

«Сараптама нәтижелері бойынша тәркіленген зат салмағы 39 килограмм 341 грамм 77 миллиграмм героин және салмағы 96 келі 151 грамм 75 миллиграмм гашиш екені анықталды», — деді ҰҚК өкілдері.

Комитеттегілер бақылау-өткізу пунктеріндегі тексеру кезінде қызметтік иттер таптырмас көмекші екенін атап өтті. Мысалы, 2020 жылдың желтоқсанында Джек есімді қызметтік иттің көмегімен Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан жалпы салмағы 60 килограмм 370 грамм героиннің ірі партиясы табылған.

tengrinews.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.