Ұлтын сүйген ұландар ұлттық нақыштағы мектеп формаларын ұрпақ игілігіне жарата алмай жүр

0 509

Жаһандық өркениеттің өкілдері оқушының мектеп формасының өзінен сол елдің мәдениетінің деңгейін байқауға болатынын айтады. Расында солай. Мектеп оқушыларына сапалы біліммен қоса, саналы тәрбие беруде форманың да рөлі зор. Әсіресе күн сайын көз алдымызда құндылықтар алмасып жатқан бүгінгідей алмағайып заманда ұлттық ұстанымды ұрпақтың бойына сіңіру ауадай қажет. Осы ретте тараздық жастар ұлттық нақыштағы мектеп формасын ойлап тауып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен патриотизмге баулымақ.

Жасыратыны жоқ, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары оқушылар барын киді. Бір форманы бір үйдің бірнеше баласы алмасып кигені де белгілі. Уақыт өте келе ел еңсесін тіктеп, әр мектеп оқушыға арналған өзіндік киім үлгілерін ұсына бастады. Десек те ұзақ жылдар бойы мектеп формасы мәселесі ата-аналарды алаңдатып келгені жасырын емес. Бірі сапасыз болса, енді бірінің бағасы қымбат. Жыл сайын ауа райындай ауыса беретін мектеп формасының үлгілері оқушыларды да әбден әбігерге салған болатын. Бұл мәселеге өздері де қанық болып өскен тараздық жастар – Асылжан Қаратаев пен Асылжан Қуанышұлы өз бастамаларымен ұлттық нақыштағы мектеп формасының үлгілерін жасап шыққан. Істі жүзеге асыру мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандарымен бірге бизнес-жоспарын да әзірлеген. Өкінішке қарай, жастардың бастамасы қолдаусыз қалған.
– Идеямыздың ең негізгі мақсаты– қазақ балаларына нағыз отансүйгіш, патриот екенін сезіндіру болды. «Тәрбие– тал бесіктен» деген қазақта аталы сөз бар. Кез келген тәрбиенің баспалдағы мектептен басталатыны шындық. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған күннен бастап саналы ұрпақ тәрбиелеуге басымдық беріп келе жатыр. Бұл ретте біз де өз үлесімізді қосып, өскелең ұрпаққа біліммен қатар, құндылықтарымызды да қадірлеуге үйреткіміз келеді. Мәселен әрқайсымыз көшеде үстіміздегі киімімізді таза ұстауға тырысамыз. Сол секілді біз жасаған мектеп формасындағы туымыз бен елтаңбамыз да кіршіксіз таза жүруі керек. Әрі ту мен елтаңба тәуелсіз ел ұрпағының бойтұмары болуы тиіс. Сол себепті біз осы киелі құндылықтарымызды формаға бедерледік. Неліктен жастарымыз мектеп кезінен шетелдің біздің дәстүрімізге жат арзан дүниелеріне бейім болуы керек? Неге олар Ұлы дала ұрпақтары екенін сезініп жүрмеске? Жас кезінен патриот екенін сезінген бала ғана болашақта елін сүйген ер болары анық. Еліміздің беделін асқақтату саналы ұрпақтың ғана қолынан келетін іс. Ол үшін әрдайым, мектеп жасынан бастап әнұранымыз жүректе, ту мен елтаңбамыз жан дүниеміздің төрінде болуы тиіс. Осылайша ізімізді басып өсіп келе жатқан іні, қарындастарымызға жол көрсеткіміз келді. Салыстыра алсақ, қарапайым мектеп формасы мен ұлттық нақыштағы форманы киіп өскен екі ұрпақтың келешектегі бейнесін, айырмашылығын айтпасақ та түсінікті. Сәл де болса жастарымыздың жүрегінде отансүйгіштіктің отын тұтата алсақ, бұл біздің рухани азаматтық жеңісіміз болар еді. Мақсатымыз– пайда көру емес, керісінше өз пайдамызды әкелу, еліміздің азаматы ретінде қандайда бір жақсылық жасау. Өзімізден кейінгі жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, елін сүйген азамат қалыптастыру. Барлық оқушыны осындай ұлттық нақыштағы формамен қамтамасыз ету, – дейді Асылжан Қаратаев.
Алайда аттас азаматтардың қолға алған істеріне қолдау болмаған. Өз қаражаттарына бірнеше форманы әзірлеп, грант ұтып алуға талпынса да, ол әрекеттерінен еш нәтиже шықпаған. Әйтпегенде бұл мектеп формасының сапасы да көңілге қонымды, бағасы да арзан екен. Ең бастысы ұлттық құндылықтарымыздан бөлек, баланың қауіпсіздігі де қарастырылған.
– Біз әзірлеген мектеп формасы қазақи ою-өрнектермен безендірілген өте сапалы материалдан тігіледі. Ұзақ мерзімге жарамды. Қазіргі мектеп формаларының көпке жарамайтынын өзіміз де көріп өстік. Әрі басқа мектеп формаларына қарағанда өте арзан бағада. Тұтынушының қалауы бойынша әр мектептің өзіндік логотипін де бедерлеп береміз. Ең басты ерекшелігі, ол – оқушының өмірін сақтау. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде жол апатынан көптеген қаракөздеріміз зардап шегуде. Біздегі формадағы ою-өрнектер әсіресе кешкі уақытта көліктің жарығына шағылысатын материалдан жасалған. Мұндай белгілер осыған дейін ешқандай мектеп формасында кездескен емес. Осы арқылы оқушылардың қауіпсіздігін де басты орынға қойдық. Сонымен қатар әр сыныптағы әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың балаларына форманы тегін үлестіруді де жоспарлап отырмыз. «Әр қазақ– менің жалғызым» демекші, бұл біздің тараптан болатын тұрақты тарту болмақ. Тек ісімізге қолдау қажет болып отыр. Бизнес-жоспарымыз да дайын. Жергілікті білім басқармасы немесе кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау болса, Тараз шаһарында ұлттық нақыштағы отандық мектеп формаларын әлі де түрлі идеялармен толықтырып, өскелең ұрпақтың игілігіне жаратар едік,– дейді Асылжан Қуанышұлы.

Осылайша редакциямызға қайырылған жігерлі жастардың ісіне сәттілік, толағай табыс тіледік. Алдағы уақытта өз істеріне патриоттық сезіммен кіріскен қос Асылжанның ісі қолдау тауып, мектеп оқушылары мен ата-аналардың алғысына бөленеді деген сенімдеміз.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.