Шаршы алаңда атой салған Дана

0 271

Қазіргі күні бокс сүйер қауымның көзайымына айналған Дана Дидай Т. Рысқұлов ауданының мақтанышы екенін білесіздер. Ол Абай ауылында дүниеге келген. Қазір Дана Дидай жасөспірімдер арасынан болашақ Олимпиадаға үміткерлер дайындайтын рес­публикалық колледжде оқиды. Жерлесіміз бокстан Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы екенін де айта кетейік. Сондай-ақ, Азия чем­пионы деген атағы тағы бар. Әлем чемпионатының күміс жүлде иегері. Түрлі деңгейдегі ха­лықаралық жарыстардың же­ңімпазы.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын Польшаның Кельц қаласында жастар арасында әлем чемпионаты өтіп, сол жарыстан жерлесіміз, талантты боксшы ару Дана Дидай 75 келі салмақ дәрежесінде сәтті жұдырықтасып, күміс медаль иеленген еді ғой. Сонда Дана фи­налда тек үн­діс­тандық Тхочем Санамача Чанудан жеңі­луге мәжбүр болды. Олай дейтін себебіміз, төрешілер осы кездесуде Дананың дөп соққыларына көз жұма қарады. Сөйтіп әділетсіз шешім шығарды.

Жуырда әлем бойынша туристер көп баратын Дубай қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Бұл жарысқа Дана Дидай да қатысты. Дубайда өткен айтулы додада 18 мемлекеттің спортшылары бақ сынады. Жеңілгендерінің салы суға кетіп, «келесі жолы көрерміз» дегендей, тістеніп елдеріне қайтты. Ал жеңгендері елдеріне марқайып, жүлдемен оралды. Сол жеңгендердің қатарында Дана қарындасымыздың болғаны қандай қуаныш десеңізші!
Кез келген қарсылас соқ­қысынан именетін еліміздегі тең­дессіз жас спортшы кім десеңіз, дәл осы Дана Дидайдың есімін атар едік. Олай айтуымызға да мысал мың. Өйт­кені, Дана өзі қатысқан жарыстың барлығынан жүлдемен оралып жүр. Сен мықтысың, Дана! Елің саған сенеді.
Отан­дасымыз Геннадий Головкинді өз кумиріне балайтын Дана Дидайдың алға қойған мақсаты көп. Әлбетте, ең бірінші кезекте – Олимпиада шыңы. Ендеше жерлесіміздің мақсаты орындалсын. Біз оған сенеміз. Жас бұрымды арудың шаршы алаңда әрдайым жолы болып, мерейі үстем бола берсін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.