Еңбек жағдайын жақсарту – маңызды жұмыс

0 199

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті. Онда аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған ірі кәсіпорындармен меморандумдарға қол қою рәсімін аудан әкімдері де белсенді түрде жалғастырып, нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстар республика бойынша 1-ші орынға шыққаны айтылды. Ал, жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттар 6807 кәсіпорында қабылданған.

— Облыс әкімдігі, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» және Жамбыл облысының жұмыс берушілерінің өкілі арасындағы 2021−2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімге қол қойылды. Бұл келісім ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркеуден өтті. Осы өңірлік келісімнің аясында, ұжымдық шарттар қабылдау  жұмыстарын 100 пайызға жеткізу мүмкіндігі ашылып отыр,- еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы дейді Ернар Есіркепов.

Облыстағы еңбек даулары мен шиеленістерін бақылауда ұстау мақсатында, басқармамен еңбек тәуекел қаупі бар кәсіпорындардың тізімі жасақталып, «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған 57 кәсіпорын енгізілген. Оларға ай сайын мониторинг жүргізілуде.

Облыс әкімі жұмысшылардың құқығын қорғауда барлық кәсіпорындарда кәсіподақтар құрудың маңыздылығын тілге тиек етіп,  Еңбек саласын цифрландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, еңбек шарттарын E-HR жүйесіне енгізуге бағытталған жұмыстардың да өзектілігін баса айтты.  Осы орайдағы жұмыстары сылбыр бірқатар аудан және қала әкімдерінің жұмысы сынға алынды.

— Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған төменгі жалақыны көтеру мәселесіне аудандық және қалалық үшжақты комиссиялардың белсенді түрде атсалысып, жоспарлы жұмыс атқару керек. Жалпы, жыл сайын жалақы инфляция деңгейінен кемінде 2 пайызға өсіп отыруы керек. Қосымша көздерді қарастырыңыздар.

«Жұмыс жүргізіп жатырмыз, алдағы уақытта кемшіліктерді жоямыз»,-деген сылтаулар қабылданбайды. Нәтижесі болмаса, ол жұмыстар кімге керек? Жалақы берешектерінің туындауына жол бермеуге тиіспіз. Жұмысшылар еңбегіне қарай жалақыларын уақытылы алып отыруы қажет. Сондай-ақ, тиісті төлемдерді аударуда да  мәселелер орын алмауын назарда ұстаңыздар,-деді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.