Құтқарушылардың отбасына мемлекеттік наградалар табысталды

0 163

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен марапатталған Байзақтағы жарылыстан қаза тапқан бірқатар құтқарушылардың наградалары туыстарына табысталды. Шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин  мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Атап айтсақ, әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Заикин Сергей Владимирович І дәрежелі «Айбын» орденімен, № 4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері-құтқарушылары Әділбек Әділет Қанатбекұлы мен Кеңес Әліби Бексұлтанұлы, № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы Тұрманов Жәнібек Жасұзақұлы және автомобиль жүргізушісі-қызметкері Қуатбек Ғафан Жомартұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Наградалар марқұмдардың отбасы мүшелеріне табыс етілді.
Жиынға қатысушылар жарылыс салдарынан қайтыс болған өрт сөндірушілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Юрий Ильин Жамбыл облысында болған қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған өрт сөндірушілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Министр өз сөзінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері олардың отбасыларына алдағы уақытта да қолдау көрсететінін, ал балалары Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсуге ниет білдірсе, көмек көрсетілетінін атап өтті.
Өз кезегінде Бедібек Сапарбаев ерлікпен қаза тапқан азаматтардың әрқайсысы марапатқа лайықты екендігін атап өтіп, олардың отбасыларына қажетті тиісті көмектер көрсетілетінін жеткізді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен сәйкес марқұмдардың отбасыларына тиісті әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Әр отбасыға Үкімет тарапынан 10 миллион, жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге бөлінуде. Сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың жұмыссыз мүшелерін жұмысқа орналастыру мәселесі қолға алынды. Екінші деңгейлі банктерге қарызы бар отбасылардың кредиттерін өтеу мәселесі толық шешілді,-деді Б. Сапарбаев.

Еске сала кетейік, 26 тамызда сағат 18.45 -те «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оқ -дәрілерінің базасының қоймалар өртенген болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.