Қордайда тіршілік қазаны қайнап жатыр

0 278

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қордай ауданында болды. Әуелі Сарыбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Самғау» шаруа қожалығының егіс алқабына ат басын бұрған аймақ басшысы қожалық иесі Евгений Трубниковтен биылғы егістің жайы туралы сұрады.

2013 жылы құрылған шаруашылық­тың 478,3 гектар жері бар. Биыл тамшылатып суару технологиясымен 100 гектарға пияз, 95 гектарға жүгері еккен диқан алқапқа су беруді 10-12 күн ішінде бастауды жоспарлап отырғанын айтады.

– Егіс басында тамшылатып суаруға арналған станса орнатылған. Ендігі кезекте ленталарды тарту ғана қалып тұр. Дегенмен бірқатар мәселе барын жасыруға болмайды. Соңғы 1,5 айда аспаннан бір тамшы тамбады. Бұл жаңадан жетіліп келе жатқан өскіндер үшін аса қауіпті. Алдағы күндері жауын жаумаса, егістің күйіп кету қаупі бар. Канал арқылы берілетін су әзірге жеткілікті. Алайда айырқалпақты ағайындардың жаз басталысымен шекара асып келетін тіршілік нәрінің көлемін күрт азайтатынына жыл сайын куә болып келеміз. Тіпті тамшылатып суаруға да жетпей қалып жатады, – деген Е.Трубников аталмыш жайт аудан диқандарын алаңдатып отырған ең өзекті мәселе екенін жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі қырғыз елінен келетін судың төңірегіндегі түйткілді шешу жайы назарға алынатынын айтты.
Кездесуде облыс әкімі шаруашылық басшысымен асыраушы сала төңірегіндегі түйткілдер жөнінде пікір алмасты.

Сапар барысында Бердібек Сапарбаев Қақпатас ауылдық округінде орналасқан «Дидар» шаруа қожалығының егіс алқабында болды. Аталған қожалық тиімді технологияны енгізуді қолға алған екен. Осылайша тамшылатып суару арқылы 34 гектарға пияз еккен диқандар бұдан бөлек 40 гектарға күздік бидай, 20 гектар алқапқа арпа сеуіпті. Егіс даласына «Қақпатас» су қоймасынан канал арқылы су келіп тұр. Бидай алқабын аралап көрген аймақ басшысы уақытында су берілмей, өнімсіз қалуды болдырмау үшін аталған жайтты нықтап назарға алуды жауаптыларға тапсырды.

Келесі кезекте облыс әкімі жоғарыда аталған «Қақпатас» су қоймасындағы ахуалмен танысты. 1988 жылы салынған жасанды су айдыны 10,5 миллион текше метр су сыйғыза алады. Бүгінде 1200 гектарды суарып отырған қойма секундына 3,6 текше метр көлемде су босатуға қауқарлы. Алқаптарға су тарайтын арналарға ылғалды ысырап етпей жеткізетін ұзындығы 8 шақырым бетон канал да салынған. Су тоқтататын бөгет басында «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев өңір басшысына су қоймасының қазіргі жағдайын таныстырды.

– «Қақпатас» көрші мемлекеттен су келмей қалған жағдайда қосымша сурару көзі ретінде пайдалану үшін салынған. Қазіргі уақытта қоймада 10 миллион текше метр су жиналған. Бұл деңгейге 7 жылда бірінші рет жетіп отыр. Жақын маңдағы шаруа қожалықтар 6,5 миллион текше метр суға сұрау беріп, келісім жасалды. Қалған бөлігін қосымша қор ретінде ұстап отырмыз,– деді мекеме басшысы.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы суды ысырап етпеу мақсатында салынған бетон каналды салу өте ұтымды шешім болғанын айтып, өзге су қоймаларында да осындай жүйелерді салу жайын қарастыру керектігіне тоқталды.

Сонан соң аймақ басшысы Отар ауылдық мәдениет үйінің құрылыс алаңында болды. 180 орынға арналған өнер ошағын салу жұмысымен «А-Байсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Сметалық құны 296 миллион теңгені құрайтын нысан құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталған. Қазіргі уақытта қабырғасы көтерілген ғимараттың шатырын жабу және ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Бердібек Машбекұлы биылғы мамыр айының 25-інде толық аяқталуы тиіс болған жұмыстың әлі де бел ортасынан аспай тұрғанын қатаң сынға алды. Кемшілікті мердігер компания өкілі Жеңіс Жұмалиев те мойындап отыр.
– Жұмыс жоспардан 1 айға кешігіп келе жатыр. Оған құрылыс материалдарының тапшылығы себеп болып отыр. Қарапайым бетонның өзі жеткізілмей отыр. Ал ағаш енді алып келінді. Әу баста мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландырылатын болып шешілген. Кейін келе бұл жоспар өзгеріп, нәтижесінде қаражат беру тоқтатылды. Дегенмен аудан басшылығы қаржы бөлуді жақын күндері қайта жандандырды. Бұйыртса, жұмыстар өз жүйесімен жүреді,– деді Ж.Жұмалиев.
Қаржыландыру жолға қойылса, құрылысшылардың санын көбейтіп, жұмысты ширату керегін айтқан өңір басшысы нысанның ішін аралау барысында жобалауда кеткен бірқатар кемшілікке тоқталды.

– Ауылдық мәдениет үйі үшін сахна тым тар жасалған. Бұл жерде қос қапталында тұрған қосымша бөлмелердің артық екені анық көрініп тұр. Ертең мерекелік шаралар кезінде мұнда ән де айтылады, би де биленеді. Сол уақытта адам айналып жүре алмайтын қуықтай сахнаның дұрыс емес жасалғаны бірден байқалады. Сол себепті аталған кемшілік дереу түзетілсін, – деді аймақ басшысы.
Облыс басшысының ауданға сапары Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйлердің құрылыс алаңында жалғасты. Мұнда 60 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға беріліп үлгерген. Қосымша тағы 2 үйдің құрылысы жүруде. Олардың әрқайсысына келісімшарт бойынша
833,1 миллион теңгеден қарастырылған.

«Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатқан нысандарда құрылыс қарқынды жүруде. Дегенмен оны бәсеңдетуі мүмкін жағдайлар да жоқ емес. Мердігер компанияның директоры Марат Рахымбердиевтің айтуы бойынша, соңғы бірнеше тәуліктің ішінде құрылыс материалдары күрт қымбаттап кеткен.

– Дүйсенбі күні арматураның тоннасын 440 мың теңгеден тапсырыс берген едік. Ал бүгін оның бағасы 520 мыңға бір-ақ шықты. Қаражат алып үлгермегендіктен оны соңғы қойылған құнымен алуға тура келіп тұр. Швеллердің тоннасы 280 мыңнан 850 мың теңгеге дейін өсіп кетті. Осындай мәселе түгелдей дерлік материалдарға қатысты орын алып отыр. Орташа есеппен алғанда барлығы екі есеге қымбаттап кетті. Бұл бізді біршама шығынға ұшырататын жағдай, – дейді мердігер.

Өз кезегінде аймақ басшысы ҒЗИ қызметкерлеріне арналып салынып жатқан үйлердің құрылыс барысын көру үшін арнайы келгенін айтып, жағдайды шұғыл бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өзара байланыс орнатып, біржақты шешім табу қажеттігін айтты.
Келесі кезекте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қалашықтағы иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауытта болып, ғылыми кешеннің жұмысымен танысты.

Онда нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания өкілдерімен, зауыт қызметкерлерімен кездесіп, ары қарайғы жұмыс жоспарын талқылады.
Басқосуға қатысқан мамандардың айтуы бойынша, бүгінгі таңда құрылыс толық аяқталған. Жуық арада қажетті қондырғылар орнатылады екен.
Сапарының соңында аймақ басшысы қорытынды жиын өткізіп, аудан басшылығына нақты тапсырмалар берді.

Мұратхан ӘЛІМХАН

ARAY.KZ

Leave A Reply

Your email address will not be published.