Олқылығы көп онлайн оқу

0 180

Пандемия кезінде білім саласы үлкен сынақтан өтті. Соған қарамастан педагогтер мен оқушылар бір тоқсан мен бір жылды ойдағыдай өткізді. Әрине, олқы тұстар бар. Мұ­ғалімдер сыныптағы білім сапасының 10-20%-ға түскенін жасырмайды.

Білім сапасы төмендеді

2020-2021 оқу жылының бі­рінші тоқсанында 2,5 млн оқушы қашықтан оқыса, төртінші тоқ­­санда соның 1,3 миллионы үйде білім алды. Аралас форматта өт­кен төртінші тоқсанда 1,7 млн оқушы оқыды. Елімізде 7 мың мектеп бар десек, сондағы 3,4 млн оқушыға 540 мыңнан астам пе­дагог білім берді.

Осы тұста мұғалімдер армия­сының табанды еңбегін жоққа шығаруға болмас. Олар бұрын-соңды атын ғана естіген онлайн білім беру айдынына күмп берді, тайсалған жоқ. Кәрі-жасы бірге бірталай платформаның шаңын қағып, жүйелі құрылмағандарын бірден жағаға шығарып тастады. Бірнеше мұғаліммен әңгіме­­­лес­кенімізде, олар дүйсенбі-жұма аралығында сабақ беріп, сенбі-жек­сенбі күндері онлайн курсқа қатысып, видеосабақ жасауды, платформамен жұмыс істеуді үйренген. Мысалы, педагог-ше­бер Мира Барсакатқызы онлайн оқытудың алғашқы кезеңін былай суреттеді.

«Көп жылғы тәжірибем қа­шықтан оқытуға келгенде тұйыққа тірелгендей болғаны рас. Көктемгі қашықтан оқуда қиналғаным соншалықты жазғы демалыста күн-түн демей қашықтан оқыту­­дың әртүрлі платфор­маларын YouТube арқылы жедел үйрене бастадым. Әрі өзіме тиімдісін таңдадым, ZOOM бағдарламасы бойынша бірнеше сабақ әзірледім. Бірақ сабақ беретін сынып­­­та­­рымдағы оқушылардың әлеу­­меттік жағдайы, смартфондары бұл бағдарламаны көтермеді. Google өнімдері ішінде Meet – Google онлайн сабақ беруге аса қолайлы болды. Әншейінде теле­фоны қолынан түспейтін оқушы­лардың хабарлама алу, хабарлама жазу дағдылары жоқ екенін де байқадық. Бәрін жаңа­дан үйре­нуге тура келгендері де бар. Бірақ игердік. Қашықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін әр оқы­тушы оқытудың жаңа техно­ло­гиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен іс жүргізу ісін орын­дау шарт еді. Сондықтан оқушылар да, мұғалімдер де әр­түр­лі оқыту платформаларында өз бетінше жұмыстың техникасы мен әдістемесін, жоғары дең­гейдегі білімді өз бетімен толық­тыруды көздеді», – дейді ол.

Иә, мұғалімдер Google Forms, Online Mektep, Trello, Google Meet, Zoom, Canvas-ты жеке-жеке қол­данып, зерттеп көрген. Мы­салы, Zoom бағдарламасы олар­ға халықаралық конферен­цияға қатысуға мүмкіндік сыйлаған. Алайда оқушылардың арасында Microsoft Word бағдарламасын қолдана алмайтындар жиі кез­дескен. Осылайша, ұстаздар оқу­шылардың смартфонмен тек ойын ойнамай, білім алуға бола­тынын түсінгеніне қуанышты.

Еліміздегі онлайн оқыту кезеңі интернетпен қамтудың, жаңа технологияларды меңгерудің маңыз­ды екенін көрсетті. Ин­тернетпен қамтылмаған аудандар поштамен хат алмасып, Balapan-мен бірге сабақ оқығанын жақсы білеміз. Ал биыл ұстаздар барын­ша төселіп қалғанын көрсетіп, өзара «егер кез келген ұстаздың онлайн педагог екенін танығыңыз келсе, YouТube каналын ашып көріңіз» дейтін дәрежеге жеткенін білдік. Соған қарамастан педа­гогтер оқушылар арасында білім сапасы түсіп, «Алтын белгісін» ақтай алмай жатқандар барын айтты.

Бағдарлама бір, оқулық әртүрлі

Педагог-зерттеуші Ақмарал Шатемірқызы аталған оқу жы­лында оқушылардың шынайы үлгерімін білу қиын екеніне тоқ­талды. Өйткені біріне ата-анасы көмектессе, ендігісі интернеттен қарап, оқулық ақтарғаны тағы бар. Оның үстіне мұғалімдер БЖБ, ТЖБ жаттығуларын жеңіл­детіп берген.

«Онлайн оқыту кезінде мұға­лімдерге біраз салмақ түсті. Ара­сында денсаулығы нашар­ла­ған­дары бар. Өйткені күні-түні эк­ранның алдында отырып сабақ беру қиын. Оған қоса, дене қи­­мылы болмағандықтан, омыртқа қисайып, ішкі ағза қызметі на­шарлауы мүмкін. Сондықтан мұ­ға­лімдерге қай жағынан болмасын барынша қолдау көрсетуін сұ­раймын. Одан кейінгі ұсынысым, мектеп қабырғасына оралып жатсақ, БЖБ мен ТЖБ алар кезде Google Forms-ты немесе Online Mektep-ті қолдансақ. Бұл бағдар­ламалар бөлім бойынша және тоқсандық бойынша жиынтық бағалауды алу кезінде озық екенін көрсетті. Мысалы, Classroom Online Mektep-тей бола алған жоқ. Егер ұсынысым қабылданса, қа­ғазбастылық жайы біраз реттелер еді», – дейді педагог-зерттеуші.

Оған қоса, ұстаздардың білім сайыстары турасындағы ойын да сұрадық. Олар білім бәйгелері де онлайн форматқа көшкесін әділдік орнағанын айтады.

Пәндік олимпиадалар, ғы­лы­ми жұмыстар байқауы ау­дандық, қалалық, республикалық деңгейде қашықтан ұйымдастырылып, бұрын-соңды болмаған акаде­­миялық адалдықпен өткен. Бұл – жетістік. Бірақ саладағы шешімін таппаған тұстарға тоқталмасқа болмас. Ал мұны мұғалімнен артық кім білсін?!

«Бағдарлама бір болғанымен, оқулықтың әртүрлі жазылғаны қинады.Түрлі бұйрықтардың түп­нұсқасы түсініксіз, калька тәсі­лімен жазылуы – оқу про­це­сін­дегі үдерісті тежеді. Әдіскерлер бір жасаған жұмысын бірнеше нұс­қада қайта жасап, оқу про­цесін бақылауды қолдан шы­ғарып ал­ды, бақылаусыз қалған оқу про­цесі сапаны түсірді. Қашықтан оқу үшін білім бас­қармалары түрлі-түрлі платформа таңдап, ол да білім сапасына тікелей әсер етті», – дейді Мира Бар­сакатқызы. Кейбіріне ақша молынан ау­дарылғанымен, оқушы үшін тиім­сіз болып қала берді. Мұға­лім­дердің қашықтан оқыту тәжірибесі болмаған соң біліктілікті жетілдіру орта­лық­тарынан көмек күтті. Бірақ «Өр­леу» біліктілік көтеру орта­лығы, ПШО (Педагогикалық шеберлік орталықтары) ұйым­дары тек семинар ұйымдас­тырумен ғана шектеліп қалды. «Мұғалімдер АКТ құралдарын тиімді пайда­ла­нуды өздігінен жанталаса үйрен­ді. Ең қиыны, Білім министр­лігінен, Алтын­сарин атындағы Білім ака­де­миясы жасаған ка­никул күн­дерінің және мереке күнде­рінің республика бойынша ұзақтығы соншалық бағдар­ламалар 102 са­ғаттың орнына 97, 68 сағаттық тақырыптар 64 сағат қана орын­далды. Бұл әр бала кем дегенде 4-5 та­­қырыпты мең­гермеді не­месе тақырыптарды қосып өтіп, шала меңгерді деген сөз», – дейді ұстаз.

Осылайша, мұғалімдер бірқа­тар мәселенің басын ашып берді. Расымен, оқулық турасында ша­ғым айтқандардың қатары кө­бейді. Білім саласындағы бұй­рықтар мен әдіскерлер жасаған еңбектің де бірнеше рет өзгергені даусыз. Ал мұның бәрі білім беру үдерісін кешеуілдеткені айқын білінеді. Жоғарыда педагог-шебер қозғаған каникул уақыты жайлы бұрын-соңды мәселе кө­терілмеген екен. Жазғы мектеп ашуға онлайн оқыту әсер етті ме, әлде кейінгі 4-5 жылда рес­пуб­лика бойынша демалыс ұзақтығы себеп пе? Бір білеріміз, жазғы мектепке баласын жіберу-жібер­меу ата-ананың ер­кінде. Сабақ беретін пәндерді таңдауда да оқушы мен ата-ана­ның талап-тілегі ескеріледі.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.