Мол өнім алуды түріктерден үйренеміз

0 277
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Түркия Республикасының «Göknur Gıda A.Ş.» корпорациясының атқарушы директоры Осман Асланалимен кездесті. Басқосуда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтудың технологиялары талқыланды.
Облысымызда егін шаруашылығы жақсы дамыса да әлі күнге дейін егістің әр гектарынан 20 тоннадан артық өнім алынбаған. Ал заманауи технологияларды пайдаланатын дамыған елдер гектарынан 50-70 тоннадан аса астық бастырады екен. Сондықтан да тәжірибе алмаса отырып, өнімділікті арттыру мақсатында аталған түркиялық корпорация директорымен келісім жасалды.
Келісім нәтижесінде алдағы уақытта «Göknur Gıda A.Ş.» корпорациясымен бірлескен жобаға 98 миллион доллардан аса инвестиция тартылатын болды. Жоба алдымен көкөніспен ішкі нарық қажеттілігін қамтуды көздейді. Сондай-ақ жоба фермерлік кластерді дамытып, негізінен жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарды тартуды мақсат етеді. Мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру да жоспарланған.
– Ел экономикасын ілгерілетуге мүдделі істі жүзеге асыруға 2000 гектарға дейін жер беруге әзірміз. Судан ешқандай мәселе туындамайды. Тамшылатып суғару секілді жаңа технологияны қолдансақ, судан тапшылық көрмейміз. Түркиялықтармен бірге қолға алған жобаны жүзеге асыруға Тараз қаласы мен 5 аудан таңдалды, – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Жамбылдықтардың меймандос көңіліне, ақ пейіліне ризашылықтарын білдірген Осман Асланали қолдау көрсетіп, бірігіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.
– Жамбылдық диқандар бір гектар алқаптан алынуы тиіс өнімнің 5/1 бөлігін ғана алып келіпті. Кеше ғана біздің кеңесімізбен бір гектардан 50 тонна өнім жинаған түлкібастық шаруаның алқабының басына бардық. Шаруа жаңа технологияны қолдану арқылы көкөністен мол өнім жинапты. Бұл жетістікке жамбылдық диқандар да қол жеткізеді деген сеніммен өз көмегімізді көрсетуге дайынбыз, – деген О.Асланали көкөніс өнімдерін өңдейтін зауыттар салу жоспарын да тілге тиек етті.

 

Егер жобалар сәтті жүзеге асса, түркиялық компанияның өңірде картоп чипсыларын, бидай, жүгері крахмалын, концентрат, томат, алмақақ, түрлі шырындар өндіруге мүмкіндігі мол.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.