Биылғы ҰБТ қалай өтуде?

0 20

2021 жылдың наурыз айынан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестті мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы тапсырады. Оқушылардың бір емес, екі мүмкіндігі бар. Жалпы бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді дербес компьютер ұсынылған. Енді ҰБТ тапсыру белгілі бір күнге ғана белгіленбейді. Өткен жылдағыдай оушылар емтихан тапсыратын 10 күнді елеңдеп күтпейді. Өйткені ҰБТ тапсыру үш айға созылады. Мектеп түлегі өзі қалаған кез келген уақытта тест тапсыра алады.

Осы жылы ҰБТ тапсыратындар үшін тестілеу уақыты да әртүрлі: жаратылыстану-математика бағыты бойынша емтихан тапсыратындарға 240 минут (4 сағат) бөлінсе, гуманитарлық бағыттағы мамандық таңдағандардың тест уақыты – 225 минут (3 сағат 45 минут). Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін екі минут, екі сағаттан кейін 15 минут беріледі. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, демала алады.

 

ҰБТ

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл 127 167 оқушы бірінші мүмкіндікке тіркелген. Ал екінші мүмкіндікке – 247 156 өтініш түскен. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 8469 оқушы 1 мүмкіндікке тіркелсе, екіншісіне – 15 476 өтініш түскен. Соның ішінде бүгінгі күнге дейін – 6 990 оқушы тестілеуден өткен.

ҰБТ

ҚР БҒМ Ұлттық тесттілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың айтуынша, пандемияға байланысты ҰБТ-да санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуда. Мысалы, аудиториялар 50 пайызға толтырылады. Емтихан тапсырушылардың бетперде киюі міндеттелген. Оның үстіне, тестілеуге қатысушылар ғимаратқа кіре бастағанда екі метр қашықтық сақталған. Егер түлектің дене қызуы болса, көмек көрсететін дәрігерлер де бар.

– Еліміздің барлық мектебінде сабақтар онлайн өтті. Білім аламын, оқимын деген балалар, әрине, өз білімін дәлелдеуде. Оған ҰБТ-да жинап жатқан жоғары нәтижелер (балл) дәлел болып отыр. Сондықтан пандемия салдарын сылтауратып, тесттілеуден қашқан жас жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6 990 оқушының 4 198 (60,06%) шекті балдан өткен. Жалпы айтсақ, тестілеу тапсырған 115 572 оқушының 72 910 (63,09%) шекті бал жинаған, – деді Наужан Әбдісатарқызы.
ҰБТ

Ереже бойынша мектеп оқушылары ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Бүгінде 224 түлек Ұлттық біріңғай тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Олар аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кірмек болған. Сондай-ақ тестілеу ережелерін бұзғаны үшін 563 адам аудиториядан шығарылып, жауап нәтижелері жойылған.

aikyn.kz

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.