Жуалыда каналдар тазалануда

0 239

Су каналдарын механикалық тазалау және механикалық жөндеуден өткізу аграрлы аудан саналатын Жуалы ауданы үшін өте маңызды. Сондықтан аудан әкімі Олжас Қаржауовтың бастамасымен биыл бұл жұмыстар қолға алынды.Осы істің басы-қасында жүрген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, соңғы үш айда атқарылған жоспарлы жұмыстар жайын жеткізді.

Қазіргі таңда облыстан әкелінген ХМС-215-1,0 кубтық экскаватордың каналдарды тазалау жұмысын атқарып жатқанына төрт айдай уақыт болды. Төрт айдың ішінде 50 шақырым канал тазартылды. Ол каналдар арқылы бүгінде 700 гектарға дейінгі егістік суғарылатын болады. Одан бөлек, ауылдық округтегі елді мекендердің әр бау-бақшасына дейін су беріліп отыр.

Атап айтар болсақ, Шақпақ ата ауылдық округінде 400 ауланың бау-бақшасына су берілді. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінде 6 шақырым канал, оның ішінде Закир, Бейсен, Жаңаталап, Ақмолда каналы тазартылып, 300 гектар егістік сумен қамтамасыз етілді.

Қарасаз ауылдық округінде 8,5 шақырым Жүрімбай, Көктас каналдарын тазалау жұмыстары жүргізіліп, 215 гектар егістікке су жетті. Сондай-ақ, Жетітөбе ауылдық округінде 6 шақырым канал, Қызыларық ауылдық округінде 5 шақырым канал тазартылды.

Ақсай ауылдық округінде 3 тоған жасақталды, Б.Момышұлы ауылдық округі бойынша 300 метр канал тазартылып, 70 камаз топырақ шығарылып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы бойына төселді. Көктөбе ауылдық округінде 6 шақырым канал тазартылып, 97 аулаға су барып, 200 гектар егістікке су жеткізілді.

Қазіргі таңда бөлінген қаражаттан 3 миллиондай қаржы қалған. Алдағы уақытта бұл жұмыстар 100 пайызға жетпек.

Нәтижелі іске ауыл тұрғындары өз алғыстарын жеткізуде. Өйткені, егін еккен шаруалар мен тұрғындар су тапшылығын осы уақытқа дейін көріп келген.  Тіптен жаз бойы еткен еңбектері  өмір нәрінің дұрыс жеткізілмеуінен өнім өңбей қалған жағдайларда орын алған.

Жүрімбай және Көктас каналдары да  тазаланды. Жүрімбай каналынан 87 аула, яғни 27,8 гектар үй іргесіндегі бақша және Көктас каналынан 44 аула, 18,8 гектар үй іргесіндегі жер суаруға мүмкіндік алды. Ал, облыстық кәсіпорын арқылы «Береке» каналы тазаланды, жалпы ұзындығы 4,1 шақырым, Қарасаз ауылының 480 ауласы және шаруа қожалықтардың 27 гектар суармалы жер телімдері муарылады.

Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Өйткені, егін еккен шаруалар үшін су болмай, береке де молшылықта нәсіп етпес.

Leave A Reply

Your email address will not be published.