5 жылда 36 мәдениет нысаны салынады

0 222

Алдағы 5 жылда Жамбыл облысының аумағында 36 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіледі. Биыл Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін 16 нысан күрделі жөндеуден, тағы  16 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеуден өтпек.
– Облыста 2021-2022 жылға құрылысы жоспарланған нысандардың барлық құжаттары дайын.  4 нысанның құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурстар жарияланып жеңімпаздар анықталды. Ағымдағы жылы тағы бір ауылдық мәдениет нысанының құрылысы басталды. Мәдениет нысандарын салу, ағымдағы, күрделі жөндеу өткізу Nur Otan  партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша түзілген республикалық, облыстық жол карталарына сай жүргізіледі. Бұндағы басты мақсат тұрғындардың мәдениет нысандарына сұранысын өтеу болып табылады. Бюджетті оңтайландыруға байланысты кейбір нысандардың құрылысына бөлінген қаражат қысқаруы мүмкін соған қарамастан бұл бағыттағы жұмыстар басқарманың назарында, –дейді облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.
Облыстық мәдени-рухани өмірін серпін беруде аталған басқарма елді мекендерді мәдениет нысандарын қамтамасыз етумен бірге өңірдің киноиндустриясын дамыту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Басқарма жанындағы облыстық кион орталығы түсірген «Зере» фильмі бұл күнде көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.
– Бұл фильм «Қазақфильм» киностудиясы арқылы халықаралық конкурсқа жолданды. Алдағы уақытқа аталған студияның мүмкіндігін пайдаланып, жастарға тәлім-тәрбие беретін 25 бейнеролик түсіру жоспар да бар. Әсіресе облыстың тарихынан сыр шертетін дүниелерді көрермен назарына көптеп ұсынғымыз келеді, – дейді басқарма басшысы.
Әлемдік пандемия жағдайында мәдениет саласының маңызы жойылмайды. Керісінше барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға басымдық беріледі. Бұл орайда кино орталығымен бірге басқарма қарасты барлық 27  мекеменің жұмысы жаңаша сипатқа ие болады. Олар өз қызметінде халық санасында рухани құндылықтарды жаңғыртып, өңірдегі руханият саласының дамуына айрықша мән береді. Сонымен қатар мәдениет ошақтары карантиндік шектеу шараларына бой ұсынып, демалыс күндері саябақтар мен скверлер де мәдени шаралар ұйымдастыратын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.