Жолдау жүктеген міндеттер алдағы бағытымызды айқындады

0 154

Коронавирустың тигізген зардабы еліміз үшін  оңай  соққан    жоқ. Барлығымыз ауыр батқаны адам шығының болуы. Індеттің кесірінен мәңгілік сапарға бет түзеген ағайындарымыздың, алыс-жақын таныстарымыздың орынын толтыра алмаймыз. Алайда, қалыпты өмірге қайта оралу үшін мемлекет тарапынан барлық әрекеттер жасалып жатыр. Пандемиядан келген қиындықты көзбен көрдік, сын сәттерден сабақ та алдық. Алдағы өміріміз қалай болмақ? Бұл жайында Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында кеңінен тоқталды.

-Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындыққа қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады,-деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Жолдауда айтылғандай, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылып, 70 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы да 150 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтылуына сеп болды.

Мемлекеттік бағдарламалардың қолдау табуы, өз тиімділігін көрсету елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні белгілі. Соның нәтижесінде пандемиядан туындаған қиындықтарға төтеп бере алдық.

Бүгінде басты мәселенің бірі-тауар бағасының тұрақсыздығы. Азық-түлік бағасының құбылуы қарапайым тұрғындардың қалтасына едәуір салмақ салып жатыр. Бұл орайда  азық-түлік бағасын белгілеудің және оны бөліп таратудың тиімсіздігін алға тартқан Мемлекет басшысы: -Орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды. Сонымен бірге, өнім өндірушілердің тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай қажет. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелердің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет,-деді.

Бұл орайда Мемлекет басшысы мәселені реттеудің жөні мен жолын көрсетіп берді.  Сауда құнындағы тұрақсыздық әбден титықтатқан тұрғындарға қажеті де осы болатын.

Президент Жолдауынан халық жағымды жаңалықтар күтеді. Биылғы Жолдау көтерілген мәселелермен ерекшеленеді. Алдағы міндеттер айқындалып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған басым бағыттар атап көрсетілді.

Таңнұр Қапсаланов,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы Талас аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.