ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ҚОЙ ҚЫРҚУДАН ҮЗДІК ШЫҚТЫ

0 208

«Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың есім-сойы жұртшылыққа жақсы таныс. Мал шаруашылығы оның ішінде әсіресе, қой қырқуды ел арасында насихаттап жүрген ұлтқа жанашыр азаматтың бірі деп, осы Алмасбек Садырбаевты айтсақ болады.

«Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының бастамасымен жуырда Алматы облысының Қаратал ауданында қой өсірушілердің арасында қой қырқу жарысы өтті.

Жарыс тұңғыш рет биыл елімізде аталып өткен Малшылар күніне орай ұйымдастырылған екен. Аталмыш жарысқа Жамбыл, Атырау және Алматы облыстарынан бас-аяғы 22 қой қырқушы қатысыпты. Жарыс барысында қатысушылардың қой қырқудағы жылдамдығы ғана емес, сонымен қатар жүнді сапалы қырқуы да бағаланды.

Бас төрешілік «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі директоры Ербол Есенеевке жүктеліпті. Жарыс қорытындысы бойынша Т.Рысқұлов ауданына қарасты Қызылшаруа ауылының тұрғыны Нұрбол Кен жүлделі I орынды иеленіп, «Жүн қырқудың үздік шебері» болып танылды.

Жерлесіміз 27 минут ішінде 15 қойды қырқып, рекорд орнатыпты. Өзге қатысушылар арасынан дара шығып, өзінің алғырлығын көрсеткен жеңімпазға «Фенигер» атты қой қырқу құралымен 150 мың теңгелік ақшалай сертификат табыс етілді. Бұл жарыста Нұрболдың ғана мерейі үстем болған жоқ.

Қызылшаруалық Дәурен Махсұтхан мен Нұрлан Мұсылманқұл да өздерінің шеберліктерін көрсетіп, осы жарыстан жүлделі болды. Яғни, Дәурен Махсұтхан жүлделі II орынға ие болса, Нұрлан Мұсылманқұл жүлделі үштіктен көрінді. Жарыс ұйымдастырушылары өзіндік ерекшеліктерімен көзге түскен жерлестеріміз Дәурен Махсұтханға 150 мың теңгелік , ал Нұрлан Мұсылманқұлға 100 мың теңгелік сертификат табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.