Жақсымен өткізген жарты сағат…

0 3 602
Жақсы адаммен өткізген жарты сағат, жаманмен өткізген мың күнге татымас дейді ғой.
Алла нәсіп еткен ғибратқа толы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу мен шығармашылыққа арнаған «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Елана» қоғамдық-әлеуметтік, танымдық-ақпараттық сайтының жетекшісі, қаламын татулықтың сиясына батырған Сәуле Мешітбайқызы бүгін Сарысуға сапарлап келіп, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев пен танысып, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
75 –тің жотасына жетіп, сексеннің сеңгіріне қарай адымдаған анамыздың ауданымызға бұл келуі бірінші рет емес.
Өйткені жыл сайын, тек біздің ғана өңірді емес барлық облыстарды аралап, жақсылықтарын жария етуді үрдіске айналдырған апамыздың бұл ерлігін мойындамасқа болмас.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясында «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазақстан дәуірі» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бірлескен «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясымен де талай жерді аралап, ауылдардың ажарланып, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі ерек.
Жалқаулықты жат санайтын анамыздың жанында жарты сағат болудың өзі бір ғанибет. Сөзі мен ісі ілкімді. Тірлігі тиянақты. Тілегі бірлікке шақыру.
Осындай саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы жандармен жиі кездесудің берері мол.
Бұл жолы Еланасын әдеттігідей құрметтеп, Жаңатас қаласының төлқұжаты жанынан, құшақ толы алқызыл гүлдермен күтіп алдық.
Анаға қандай құрмет көрсетсек де аздық етпейтіні белгілі. Ауданға үш ай бұрын келген жаңа басшы Марат Сұлтанғалиевке аналық ақ тілегін білдірген Сәуле анамыз қамшы сыйға тартып, аналық пейілмен ақ батасын беріп, емірен маңдайынан иіскеді.
Осы сәтте жүректерімізде анаға деген сағыныш оты үдей түсіп, еріксіз көзіме жас оралды десем де артықтық етпес.
Ана мен баланың арасындағы сыйластық пен сүйіспеншіліктің бір сәт куәсі болып, аудан әкімінің анаға деген ықылас пейіліне тәнті болдық. «Батамен ер көгерер» деген осы…
Еланасы жүрген жерінде қамшы сыйлап келеді.
Оның өзіндік сырын сөз арасында анамыз былай атап өтті;
— Қазақ қасиет тұтқан бұйымның бірі – қамшы. Біраз шаңырақтың төрінен орын тапқан қамшының ата-баба өмірінде алған орны ерекше.
Көшпелі тірлік салтына байланысты қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қамшы ұстаған, ат-көлік мінетін. Әркімнің өзіне лайық қамшысы болады.
Атқа мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады.
Кейде тіпті қарбалас сәтте ауызға да көлденең тістейді. Ал, үйде отырған кезде қамшы керегенің ­басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады.
Қарбалас кездері киіз-сырмақ тіпті тізенің астында жатады. Қамшы сыйлау – құрметтің белгісі.
Өзінен кіші болса сол қолымен, қыз балаға өрім жағынан, үлкен кісіге сабынан ұстатқан.
Қамшы – қазақ үшін баға жетпес құндылықтың бірі. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінде қамшының алар орны бөлек.
Ол қазақ шаңырағына сән беретін бұйым немесе қару ғана емес, ер жігіттің серігі, сыйлықтың төресі. Бүгінде қамшыны мұражай сөресі мен ұлтын ұлықтаған үйдің төрінен ғана көре аламыз.
«Қамшы ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» деген халқымыз қамшының құнын жақсы білген.
Қалай десек те қамшы сыйлықтың төресі. Қамшы көне жәдігерге айналып кетпеуі тиіс. Дала қазағының өмірінде өшпес ізі бар қамшының қасиетін біліп, құнын түсірмеу – ұлтын сүйер әр азаматтың парызы.
Көненің көзіне айналған құнды мұраны музейдің сөресінен емес, әр үйдің төрінен көрсек дейміз, -деп ағынан жарылды.
«Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, Сәуледей Еланамызбен жарты сағат әңгімелесіп бейнетке толы еңбегінің, ізденіс пен талпынысқа толы ғұмырының куәсі болдық.
Сәуле Мешітбайқызы қоғамдағы газеттің беделі мен оқылымы жайында сүбелі сөз қозғап, «Қазақстан дәуірі» газетінің журналистері қозғаған мәселелер ешқашан назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Аудан әкімі аталмыш газетте тұрақты түрде жарияланып тұратын есімі елге белгілі тұғырлы тұлғалар жайындағы мақалаларды жиі оқып тұратындығын, бұл газеттің бұрын «Қазақстан заман» деп аталғандығын тілге тиек ете келіп, жиынға қатысушыларға «Қазақстан дәуіріне» жазылуға кеңес берді.
Аудан басшысы:
— Еланамызды танымайтын жан елімізде кемде-кем болар. Ауданымызға арнайы атбасын бұрып, жүздесіп отырғанымыз үшін қуаныштымын.
Сәуле Мешітбайқызы үлкен тақырыптарды көтеріп, соларды жеріне жеткізіп жазады. Қоғам қайраткері ретінде зор мәселелерді көтеріп келеді. Тіл, дін, тарих , ауыл басқа да алуан ұлттық тақырыптарда мақалалар жазып, көпшіліктің назарын аударады.
Қай мақаласында болсын С. Мешітбайқызы мемлекетіміздің болашағына алаңдап салиқалы ой-пікірлерін батыл түрде бере білді.
Сондай-ақ, күнделікті қоғамдық өміріміздегі қоғамдық оқиғаларға белсенді түрде ат салысады.
Республикамыздың барлық облысына жылына екі рет экспедицияға шығып барлық аудандардың ауылдарында болып бұқара халықпен билік арасында алтын көпір.
«Қазақстан-2050» стратегиясын қалыптасқан мемлекеттің және саяси бағытын, Президенттің Қазақстан халқына жолдаған жолдауларын, «100 нақты қадам» Ұлт саясатын, мемлекеттің бағдарламаларды жүзеге асыруда, қазақстандық патриотизмды қалыптастыруға, қоғамда ұлтаралық және конфессиаралық келісімді нығайтуға және басқа да үкіметтік шараларды, шетелдік ақпарат құралдарындағы мемлекетіміздің оң имиджін қалыптастыруға шығармашылық қызметімен қызу қолдап келеді.
Жастарға үлгі боларлықтай күш қажыр қайратымен, білім парасатын ұлтынан, елінен аянған емес.
Елбасына адал қызмет атқара жүріп, қыруар істерді атқарды.
Жүргізіп жатқан сан алуан жұмысы, Сәуле Мешітбаеваның қоғам өміріндегі көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген, күрескер,қоғам қайраткері екендігін дәлелдейді.
Сондықтанда тек бір әулеттің ғана емес, Елдің анасына айналып отырған Сәуле Мешітбайқызына қандай баға берсек те жарасады.
Барлық атақ-абыройдан кенде емес анамызға Сарысу ауданының барлық тыныс-тіршілігін Халықаралық деңгейде танытып, басылым, сайт, әлеуметтік желілерден белсенділікпен көрсете білгені үшін аудан халқы қашанда риза.
Ерінбей, еселі еңбек етіп, алыстан жатып алып, ақпарат таста демей, өзі келіп, еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін ахуалын білгісі келетін Сәуле ананың бұл ісі, көпке үлгі боларлықтай.
Жылт еткен жаңалықты жария етіп, көптеген жылдар бойы Сарысудай сары даламды сағындым деп, төркініме келдім деп те еркелей келетін анамызды Сарысулықтар сағына қарсы алады.
Сондықтан міне бүгінгі журналистер күні қарсаңында келген Сәуле Мешітбайқызына «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалі мен аудан әкімінің «Құрмет Громатасымен» марапаттап отырмыз.
Ұлағатты ұстаз, мықты қаламгер, көпке сыйлы, берері мен айтары мол Сәуле анамыздың қаламынан, басылымдарынан әлі де үлгі өнеге боларлық, ізденіп жүріп оқитын тың жазбалардың шыға береріне сенімдіміз,-деді.
Жиналғандар аудан басшысының сөзіне толықтай қосылып, Еланасына деген алғыстарын білдіріп жатты.
Еліне келіп марқайып, көңілдене күлімдеген Сәуле Мешітбайқызы жаңа басшысыға сәттілік тілеп, көл-көсір көңілі мен адал ниетіне ризалығын білдірді.
Дариха Үмбетиярова,
Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.