Күштік құрылымдар шеберлік сынасты

0 303

1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Ол қазақстандық полицияның міндеттері мен функцияларын анықтаған алғашқы құқықтық құжат болды. 2007 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді. Сол уақыттан бері елімізде жыл сайын 23 маусым күні кәсіби мереке – Қазақстан полициясы күні аталып өтеді.

Қазақстан полициясы күні – бұл қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс білдіріп, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн. Қазақстан полициясы күні аясында барлық ішкі істер органдары мен бөлімшелерінде салатанатты шаралар ұйымдастырылады.

Осы орайда жуырда Тараз қаласында Қазақстан полициясының 29 жылдығына орай «Динамо» спорт кешенінде Жамбыл облысының күш құрылымдары арасында шағын футболдан турнир өтті. Аталған жарысқа ҰҚКД, ТЖД, ҚАЖД, ПД, Тараз қ.ПБ, облыстық прокуратура, 5513 ә/б және басқа да құрылымдардан 13 команда қатысып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті.

Турнирдің салтанатты ашылуына облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов қатысты. Жанат Қуанышұлы өз сөзінде қызметкерлерді алдағы Қазақстан полициясы күнімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал турнирге қатысушы командалар 4 топқа бөлініп, кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтады. Финалдық ойында Жамбыл облысы ҰҚКД және полиция департаментінің құрама командалары кездесті. Шиеленіске толы финалдық кездесуде 1:0 есебімен ҰҚКД командасы жеңіске жетсе, екінші орынды полиция департаментінің  қызметкерлері иеленді. Ал жүлделі үшінші орын үшін болған кездесуде ДГД командасы Тараз қаласы полиция басқармасының командасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, 3-ші орынды иеленді.

Жарыс қорытындысы бойынша «Үздік шабуылдаушы» номинациясын Ерік Сүлейменов (ПД командасы), «Үздік ойыншы» — Эльдар Баймешев (прокуратура командасы), «Ардагерлер арасындағы үздік ойыншы» — Сапар Абдраманов (ІІО ардагерлер командасы) иеленді.

Барлық номинанттар естелік мүсіндермен, ал жүлдегерлер мен жеңімпаздар медальдарға, кубоктарға, дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.