Жаңатаста құрылыс саласы жандана түсуде

0 243

Кейінгі жылдары елімізде халықты қолжетімді баспанамен қамтудың мүмкіндігі артты. «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары тұрғындардың қолайлы жаңа пәтерлерге қол жеткізу мүмкіндігіне барынша тиімді жол ашты. Жемісті жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар ел игілігіне қызмет етіп, сан мыңдаған отбасының арманы ақиқатқа айналды. Бүгінгі таңда Сарысу ауданында да тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға барынша басымдық беріліп, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.

Әсіресе «Нұрлы жер», «Моноқалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының ықпалымен құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озды. Құрыш қолды құрылысшылар жұмысқа қарқын берсе, екінші жақта қоныстойын тойлаушы тұрғындар мәз-мейрам. Қала халқының саны өсіп, тұрғын үйге деген сұраныс көлемі күн санап артып жатқан кезеңде баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың ерекше қарқын алғаны көңіл қуантады.

Жалпы Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында бүгінде жиырма үш мыңнан аса тұрғын тұрады. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін халық көшіп, көптеген үйлер бос қалған болатын. Ал, соңғы (2012-2013 ж) жылдары шаһардың көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, апатты жағдайдағы 112 көпқабатты тұрғын үйлер бұзылып, орындары тазартылған.

«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында және жаңа инвесторлардың келуі шағын қалаға ерекше серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Қайта қоныстану басталып, бүгінгі таңда Жаңатас қаласындағы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегі 1695 азаматқа жетіп отыр.

2020 жылдың желтоқсан айында 2 ықшамаудандағы №24 үй (90 пәтерлі) және 2 ықшамаудандағы №26 (90 пәтерлі) қайта қалпына келтіріліп, кезек бойынша тұрғындарға пайдалануға берілген.

Қазіргі таңда 4 ықшамаудандағы №15а (56 пәтер) үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыс ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар 1 ықшамаудандағы №41 (140 пәтер) және 1 ықшамаудандағы №47 (120 пәтер) үйлерге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде екен. Аталған үйлердің жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жсопарлануда.

Осылайша баянды бағдарламалар жаңатастықтардың алыс болып көрінген аяулы арманын жақындата түсуде. Жалпы, шағын шаһарды дамыту жұмыстары облыс басшылығының ұдайы назарында тұрған жұмыстардың бірі. Сондықтан аталған бағыттағы шаруалар жыл он екі ай жүргізілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.