Тараздағы халықаралық форумда әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері талқыланды

0 399

«Көне-Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде облыс əкімдігі мен Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау минстрлігінің ұйымдастыруымен «Əлеуметтік кəсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық форумы өтті. Оған онлайн режімінде АҚШ, Ресей, Индия, Израил жəне ТМД елдерінің өкілдерімен қатар өңір кəсіпкерлері қатысты.

Аталған кешеннің көрме залына түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысып, өз жеке кәсібін ашқан кəсіпкерлердің өндірген өнімі мен қолынан шыққан дүниелері көрмеге қойылыпты. Форумның ашылуы алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көрмеге қойылған кондитерлік, сүт, қолөнер мен жиһаз, аяқ киім, қуыршақтар мен қыз жасаулары бұйымдарымен танысты.

Әсіресе, өнертапқыш, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Рауан Рауылбековтың өз бетінше жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға арналған «Метрон» механикалық қозғалтқышы қонақтарды таң-тамаша қалдырды. Рауан бұл құралды жасап шығу үшін 3 миллион теңге несие алып, жұмысын бастап кетіпті. Қазір оның тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға жасап жатқан мұндай аппараты 200 мың теңгеден өткерілуде. Ол мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан төрт адамды жұмыспен қамтып, бұдан бөлек тапсырыспен басқа да бұйымдар жасап жатқанын жеткізді.

Халықаралық форумдыашып берген облыс əкімі Бердібек Сапарбаев шараның маңыздылығын тілге тиек етті.
— Бұл форумды өткізудегі басты мақсатымыз – өңіріміздегі әлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз кəсібін ашып, қоғамға тартылуына жәрдемдесу. Олардың мəселесін форумда талқылап, шет елдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып бірлесе шешуге тырысамыз. Сөйтіп өзге мемлекеттердің озық тəжірбиелерін өңірімізде қолдануға жол ашатын боламыз.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, тәуелсіздікті алғаш алған жылдан бастап Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев əрбір халыққа арнаған Жолдауларында елімізде кəсіпкерлікті дамытуға барынша басымдық беріп келеді. Соның ішінде əлеуметтік топтағы азаматтардың да өз жеке кəсібін ашуына барлық жағдай қаралған. Сол тұста алдымызға қойылған меже – жеке кəсіпкерлікті 30 пайызға жеткізу болатын.
Қазіргі таңда əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа заң Парламенттің қарауында. Ол заң қабылданса əлеуметтік кəсіпкерліктің статусы анықталып, салықта түрлі жеңілдіктер қаралып, басқа да мүмкіндіктер жасалады деген сенімдемін, — деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс əкімі осы санаттағы азаматтардың бүгінгі таңда 500-ден 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант және несие алып, өз кəсібін ашып жатқандардың аз емес екенін жеткізді. Бұдан бөлек, «Асарлатып үй салу» және «Жомарт жүрек» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
Келесі кезекте онлайн режимде қосылған Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов халықаралық форумның маңыздылығына тоқталды.
— Алдымен бүгін шетелдік əріптестерімізбен форум аясында тəжірибе алмасуға бар мүмкіндікті жасап отырған Жамбыл облысы əкімдігіне рақметімді айтқым келеді. Бұл форумның басты мақсаты – әлеуметтік топқа жататын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, өмірге деген құлшынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады деген сенімдемін, — деді министр.
Одан әрі халықаралық форумды әлеуметтік кәсіпкер-модератор Эмин Аскеров жүргізіп отырды. Форумда Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының жоба маманы Мұрат Нарқұлов, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Айнұр Заурбекова атқарып жатқан өз жұмыстарымен таныстырды. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі Ананд Кришна болса, әлеуметтік кәсіпкерлікті еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы мен Талдықорған қалаларында дамыту үшін ондағы кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіп жатқандығын сөз етті.
Израильдің үздік әлеуметтік кәсіпкері Хайм Философ осы бағытта Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын айтты.
— Сіздермен еліміздің бірнеше облысы бірлесе жұмыс істеуде. бірақ оның ішінде Жамбыл облысы жоқ. Алдағы уақытта байланысымызды жандандырып, сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз,- деді өңір басшысы.
Ал тәжікстандық Насибахон Аминова Жамбыл өңірі мен Душанбе арасындағы туризмді дамыту бойынша ұсынысын ортаға салды. Бұл ұсынысты қолдаған аймақ басшысы Тараз бен Душанбе арасында ашылғалы отырған әуе рейсі екі қала арасындағы, соның ішіндегі екі мың жылдық тарихы бар Тараз туризімін танытуға өз ықпалын тигізетініне сенімді екенін жеткізді.
Форум жұмысы түрлі секциялар бойынша жалғасын тапты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.