Жан жадыратқан нысандар

0 157

Тараз қаласының туған күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көптеген нысандар ел игілігіне берілді. Соның бірі – «Таразға тарту» жобасы аясында ашылған «Мамыр» саябағындағы «Білім» аллеясы. Нысанның ашылуына облыс Бердібек Сапарбаев қатысты. Құны 30,0 миллион  теңге тұратын аллеяға  облыстық білім басқармасы тарапынан абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні мұнда 12 дана орындық,10 жарық шамы қойылып, тас төсенділер төселіп, арка орнатылған.

 Нысан құрылысына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Халықаралық Тараз инновациялық институты демеушілік еткен. Аллеяны аралап көрген аймақ басшысы мұнда университет, колледж, мектеп білім алушыларының қатысуымен танымдық іс-шаралар өткізу қажеттігін айтты.

Жоба шеңберінде осы күні «Ана мен бала» сквері де тараздықтарды қуанышқа бөледі. «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-ның қолдауымен ашылған сквер «Қант зауыты» алқабында орналасқан.

Нысан адам танымастай кейіпке еніп, мұнда жаяу жүргіншілер жолы, 15 дана қоқыс жәшігі, 15 дана орындық, балаларға арналған және спорттық ойын және  Workout алаңшалары  орнатылған. Сквердің ортасында менмұндалап тұрған ана мен баланың айшықты мүсіні де көрген жанды тамсандырмай қоймайды.

Нысанның ашылуында сөз алған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.

– Жамбыл облысы еліміздің басты мерекесі – тәуелсіздік күнін тойлауға барынша атсалысуда. Осыған орай бірқатар өзекті мәселелер шешімін тауып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жұмыс орындары ашылуда. «Таразға тарту» жобасы аясында тұрғындар өздерінің туып-өскен қаласының дамуына өз үлестерін қосуда. Енді біз осы байлықты сақтауға және одан әрі арттыруға міндеттіміз. Бүгін ашылып отырған ескерткіш–аналарға жасалған құрметтің бір парасы. Аналар — ошақ қасы мен отбасылық құндылықтардың сақтаушысы. Біз үнемі жас ұрпақты қазақ халқының салт -дәстүрі мен әдет -ғұрпын ұлықтауға, оларды бала кезінен үлкендерге құрметпен қарауға тәрбиелеуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Мұндай көрікті демалыс орнының ашылғанына алқап тұрғындары да дән риза.

– Бос уақытта бір мезгіл серуендейтін осындай нысанның ашылғанына қуаныштымын. Алқап тұрғындарының атынан облыс башсылығына ризашылығымды білдіргім келеді. Енді мұндағы тазалықтың сақталуын барынша қадағалайтын боламыз, – дейді еңбек ардагері Владимир Лещев. Сонымен қатар мереке қарсаңында облыс орталығының Жамбыл даңғылы бойында «Aster Auto Шымкент» ЖШС жұмысын бастады. Серіктестік жаңа Lada, Renault көліктерін және  айдалған машиналарды сатылымға шығармақ. Қазіргі таңда өндіріс орнында 70 адам еңбек етуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.