Жамбылдықтар жаңа оқу жылына дайын ба?

0 146

Биыл 1 қыркүйекте Жамбыл облысындағы 442 мектепке 240 мың оқушы барады деп күтілуде. 22 мыңнан аса бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың айтуынша, ағымдағы жылы 23 білім беру нысанының құрылысына 8,9 миллиард теңге қаралған десек, оның 11-і биыл пайдалануға беріледі. Нәтижесінде бір апатты, 3 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешілетін болады. Барлығы 16 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 3,6 миллиард теңге бағытталған.

Барлық мектептер бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. 47 мектепте турникеттер, 18 мектепте дабыл түймелері орнатылған.

Өз сөзінде Талғат Жамалов мектеп оқушыларын жаңа оқу жылында оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жайына да тоқталып өтті. Бұл мақсатқа бюджеттен 3,1 миллиард теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу негізінде сатып алынатын оқу құралдарын жеткізу 20 тамызға дейін толығымен аяқталады.

Білім беру мекемелерінің барлық қызметкерлері (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) COVID-19-ға қарсы вакцина қабылдаған.

— Мектептерде санитарлық талаптарды сақтауға айрықша көңіл бөлінетін болады. Балалардың денсаулығы бәрінен маңызды, сондықтан әр сынып өз кабинетінен ауыспай оқиды. Маска режимі сақталады. Барлық білім беру нысандары «Ashyq» қосымшасына қосылған, — деді Талғат Жамалов. Оның айтуынша, егер бір оқушыда коронавирус диагнозы анықталса, онда сол класс қашықтан оқыту форматына жіберіледі.

Аймақ басшысы тиісті басқарма мен білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департаментке бірқатар тапсырмалар жүктеді.

— Барлық оқушыларды оқулықтармен, елді мекендердегі интернеттің сапасы мен жылдамдығымен қамтамасыз ету, апатты мектептер мәселесін зерделеу, мектептерді облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграциялау бойынша жұмыстарды аяқтау, білім беру нысандарын жылыту маусымына дайындауды жеделдету, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Даладағы дәретханалар мәселесі шешілгенімен, барлық мектептер кәріз жүйесімен қамтамасыз етілмегендігі көтеріліп отыр. Бұл мәселені зерделеңіздер, — деп талап етті өңір басшысы.

Облыс әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдерін жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аймақтың бар мүмкіндігін толық пайдалануға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.