Турнирдің түндігі түрілді

0 152

Пандемия мына бізді денсаулықты күтуге, оны қадірлеуге үйретті. Бір сөзбен айтқанда, «Бірінші байлық — денсаулық» деген қарапайым қағиданы санаға мықтап ұғындырды. Бұл туралы жыл сайын Мемлекет басшысы да өз Жолдауында айтып келеді. «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту – аса маңызды. Сондай-ақ, спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады. Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет» деп жергілікті басқару органдарының алдына үлкен міндеттер қойған болатын.

Бүгінде Президенттің бұл тапсырмасы аудан аумағында жүйелі түрде іске асып келеді. Сан түрлі додалар ұйымдастырылып, аталмыш жұмыстар спорттың дамуына ерекше серпін беруде. Солардың бірі – аудан әкімінің кубогі. Шағын футбол түрінен ұйымдастырылатын турнирге биыл 15-ке жуық команда қатысуға ниет танытқан. Спортшылардың ең жасы 18-ден кеше асса, ең үлкені 40-тан асқан азаматтар. Айта кету керек, аудан әкімінің кубогі биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылуда.
Аудан тұрғындарының қатысуымен өтетін чемпионаттың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та қатысты. Алғашқы болып сөз кезегін алған аудан басшысы барша жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ел спортының жандануына үлес қосып жүрген жандарға өз алғысын жеткізді. «Бүгін ауданымызда кіші футбол түрінен өтетін чемпионат өз жалауын көтерді. Бұл турнир аудан тұрғындарын, оның ішінде аудан жастарын спортқа баулу, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылуда. Сонымен қатар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен Мемлекет басшысының Жолдауы бағыт-бағдар ретінде алынған. Белсенділік танытып, қатысуға ниет танытқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Турнир өз деңгейінде әрі әділ өтетіндігіне кәміл сенімдімін» деп әрбір қатысушыға сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында спорт ардагерлері де сөз сөйледі. Ізінен төрешілер жарыс ережесін түсіндірді. Аталмыш жарыс қараша айының соңына дейін жалғасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.