Тәуелсіздік тірегі – ынтымақ пен бірлік

0 157

Облысымызда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы кең көлемде тойлануда. Осы орайда түрлі этностар арасында достық, ынтымақтастық, бірлікті нығайту, насихаттау  мақсатында Қордай аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының  «Қоғамдық келісім» КММ филиалының және аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Достық негізі — бірлікте» атты   концерттік бағдарлама мен көрмеден тұратын этнофестиваль өтті.

Мәдениет үйінің фойесінде өткізілген көрмеде әр этностың ұлттық тағамдары мен қолөнері жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, іс-шарада әрбір ұлттың халықтық музыка аспаптары мен ұлттық нышандағы ән-әуендері аудан тұғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осыған қоса, «Коре» этномәдени бірлестігінің  өкілі Ким Тимур  Жамбыл Жабаевтың «Қайта келген жастық шақ» өлеңін оқып, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нақышына келтіре орындады. Халықтық «Соседушки» фольклорлық ансамблі «Вальстің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында»,  Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әндерін әуелете шырқап, «Севинч» ансамблі әзірбайжан халық әні «Чагыр гальсынды» орындап, бағдарламаны Ержан Серікбаевтың «Достарым» әнімен жалғастырды. Әрқарай, түрлі шығармашылық өнер байқауларының жүлдегері Татьяна Савченко Абайдың әні «Желсіз түнде жарық айды» орындаса, Людмила Калашникова мен Марина Гончарова  «Айналдым елім» әнімен көрерменнің жүрегіне жол тартты.

Бағдарлама жүргізушілерінің ұсынысымен  сахна төріне шыққан, тілі бөлек болса да, тілегі бір апалы-сіңлілі Света және Полина Шевченколар Абайдың күйі «Торжорғаны», ал Алина Айтиева  Бақтыбайдың композициясы  «Әуенді»  әсерлі сезіммен  орындап берді.  Бұған қоса, дүнген ұлтының өкілі Сава Хаким ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Жаса Қазақстан» әнін көпшілікке тарту етті. Концерттік бағдарламада халықтық «Аққу» би ансамблінің «Достық» сюитасы, халықтық «Чунтян» ән-би ансамблінің «Вдохновение» биі, Станислав Насыров пен Светлана Османовалардың орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әні киелі Қордай жерін думанға бөледі.

Кеш соңы концерттік бағдарламаның барлық шығармашылық тобы – қатысушыларының орындауында композитор Ескендір Хасанғалиевтің достық пен бірліктің символына айналған «Атамекен»  әнімен аяқталды.

Ауданның мәдени-рухани өміріне белсене араласып, этнофестивальда өнер көрсеткен барлық қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.