Ералы Тоғжанов Байзақтағы жұмыстармен танысты

0 120

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Үкіметтік делегация Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Олар Президент тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен, өңірдің дамуымен, Байзақ ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Ералы Тоғжанов аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге Байзақ ауданы Қайнар ауылының жергілікті тұрғындарымен кездесіп, қалпына келтіру шаралары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында екенін және белгіленген мерзім ішінде толығымен аяқталатынын жеткізді.

Жалпы жөндеуді қажет ететін 122 жылжымайтын мүлік анықталған десек, оның ішінде 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық, 4 әлеуметтік нысан бар. Қалпына келтіру жұмыстарына 12 мердігерлік ұйым тартылып, 23 техника мен 185 адам жұмылдырылған. Бүгінгі таңда жеңіл бүлінген 62 тұрғын үй қалпына келтіріліп үлгерілген. Жалпы, қалпына келтіру жұмыстары 10 қарашаға дейін аяқтау жоспарлануда. Жібек жолы ауылындағы №5 мектептің орнына жаңа мектептің құрылысы басталып үлгерген десек, үкіметтік делегация аталған жұмыстардың жай-күйіне қанықты.

Келесі кезекте Премьер-Министрдің орынбасары 14-шағын ауданындағы облыстық онкологиялық диспансерінде болды. «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін тапсыруды жоспарлауда. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары 90 пайызға, сыртқы әрлеу 95 пайызға аяқталған. Диспансер онкологиялық науқастарды емдеу мен оңалтудың халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін технологиялық қондырғылармен жабдықталады.

Бұдан соң Тараздағы «Super Pharm» ЖШС-не барды. «Super Pharm» бір реттік стерильді және стерильді емес киімдер, медицинаға арналған операциялық киім, бір реттік медициналық құралдар мен маскалар өндірісін жолға қойған. Мұнда тәулігіне 60 мың медициналық маска, жылына 15 миллион медициналық бұйымдар шығарылады. «Super-Рһагм» ЖШС мен «СК-Фармация» ЖШС арасында медициналық бұйымдарды жеткізіп отыруға негізделген ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған. Кәсіпорында 550 адам жұмыс істейді.

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенін аралау барысында Вице-премьер Тараз қаласының сәулеті айтарлықтай арта түскеніне назар аударды. Кешен аумағында бірыңғай үлгіде бірнеше нысан салынған. Олардың қатарында ашық аспан астындағы амфитеатр, көркемсурет галереясы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы, шеберлер мен қолөнершілер галереясы, туризм орталығы, көрме павильоны бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.