Тараздың аяқ киімдеріне сұраныс жоғары

0 232

Қазір кез келген киім дүкеніне бара қалсаңыз Түркия, Қытай сынды шет мемлекеттердің тауарларынан көз сүрінеді.  Оларға деген сұраныстың да жоғары екенін жиі байқаймыз. Сол сәтте санамызда «өзімізде осындай өндіріс орындары бар ма?» деген сауал қылаң беретіні жасырын емес.

Бүгінде Тараз қаласында жеңіл өнеркәсіп саласы да кеңінен дамуда. Мұны «Еllin shoes» ЖШС-не  ат ізін салғанда анық аңғардық.

Табиғи былғарыдан және теріден жасалған ерлер модельдік аяқ киім өндірісін жолға қойған кәсіпорынның жалпы ауданы  450 шаршы метрді алып жатыр. Осында еңбек ететін 10 қызметкердің күшімен жылына 50 мың жұп аяқ тігілетін көрінеді. Кәсіпорын иесі Юлия Починоктың айтуынша, 2016 жылы жұмысын бастаған өндіріс орнының аяқ киімдеріне сұраныс жылдан жылға артуда. Соған орай өнім көлемін арттырып, кәсіпорынды кеңейту жоспарланып отыр екен.

– Мен өзім осындағы «Тараз тері комбинатында» біраз жыл жұмыс істегенмін. Аяқ киім тігудің технологиясын сол жерде үйрендім десем болады. Кейін өз кәсібімді бастауға бел будым. Құрылтайшымыз – грек азаматы  Периклис Скумприс. Әрине, бізге шет мемлекеттерде де осы бизнесті бастауға болар еді. Бірақ біз Қазақстанды таңдадық. Өйткені, мұнда кәсіппен айналысамын деген жандарға барлық жағдай жасалған. Ал бұл бизнесіміздің қарыштауына жол ашып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорын тауарлары «Kimex», «Grand Bazaаr» сынды сауда үйлерінде сатылымға шығарылуда. Бұдан бөлек, көптеген мекемелермен келісім-шарт жасасып, бірлесе жұмыс атқарудамыз. Арнайы тапсырыспен де аяқ киім тігеміз. Егер сіз тура осы өндіріс басынан аяқ киім сатып алар болсаңыз оның бағасы 20-25 мыңның аралығында болады. Бұл баға 5 жылдан бері өзгерген емес. Ал енді ол дүкендерге жеткенде оның құны сәл қымбаттау болатыны анық. Сол үшін де көпшілігі аяқ киімді осы жерден сатып алғанды жөн көреді.  Тағы бір айта кетерлігі, қажетті шикізаттың барлығы отандық өнім. Оның ішінде жамбылдық елтірілер де жетерлік. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қарулы күштер қызметкерлерінің етіктерін тігуді де қолға алдық. Бұдан бөлек, жаөспірімдерді де осыған баулудамыз. Жергілікті кәсіптік оқу орындарынан көптеген жастар бізге өндірістік іс-тәжірибеден өтуге келеді. Соларды мейлінше үйретіп, жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгертеміз.

Қазір біз бұл нысанды жалға алып отырғандықтан, өз кәсіпорнымыздың іргетасын қалауды көздеп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті, – дейді кәсіпорын басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.