Инфрақұрылымды жаңарту – ел игілігіне

0 207

Жамбыл ауданы аумағында ауылішілік жолдарды жаңарту, асфальттау жұмыстары соңғы екі жылда қызу қарқын алды. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековтің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2020 жылы 98 көше тақтайдай тегістелсе, биыл 31 көшеге жол жабындысы төселмек.

Атқарылған жұмыстарды жоғары бағалаған Шайқорық ауылының тұрғыны Кенжебек Ибрайымов: «Өзгерістерді аңғарып, жұмыстарды көріп жүргеннен кейін бағасын беруіміз керек. Өткен жылы ауылдағы шаң-тозы шыққан 28 көшенің жолы жөнделді. Қысқа көшелер мен бұрылыстардың барлығына асфальт төселіп, ауылдың сәні кіріп қалды. Бір ғана ауылдан осыншама көшеге жабынды төсеу – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімі Сәкен Арубаевтың халық алдында есеп беру кездесуінде осы көшелерге көңіл бөлуін сұрағанбыз. Өңір басшысы ұсынысымызды қабыл алып, ықпал ететініне сендірген еді. Жыл ішінде техника атаулының бәрі 6 ай бойы ауылды қайнаған құрылыс алаңына айналдырды. Абырой болғанда, құрылысшылар күн суымай жұмыстарды тәмамдады, – дейді қария.

«Талап-тілекті ескеру – мемлекеттік қызметшілердің міндеті» деп қарияның сөзін жалғаған ауыл әкімі Бақыт Садырбаев:

– Ауыл азаматтары көптен бері көшенің, жарықтың жайын қаузап келеді. Биыл Телеу көшесіне 11 млн теңге қаржы бөлініп, 870 метр жолға «Тау-құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асфальт төседі. Бұдан бөлек, желдің ұйытқуы салдарынан ауылда жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Ауыл азаматтарының наразылығын тудырған мәселені жұртшылық аудан әкіміне жеткізіп, ретке келтіруін өтінген болатын.

«Сөзден – іске» демекші, Желтоқсан, Ынтымақ, Телеу көшелерінің бағаналарын ауыстыру үшін 33 млн теңге аудандық бюджеттен қаралып, жұмыстар өз мәресіне жетті. Кезең-кезеңімен басқа да көшелердегі бағаналар ауыстырылып, келеңсіздіктер ретке келтірілетін болады, – дейді Бақыт Жұмаділұлы.

Жамбыл ауданына кіреберістегі бас қақпаға ағымды жөндеумен қатар безендіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековтің айтуынша, жұмыстар жуық күндері аяқталады.

– Аудан тұрғындары мен қонақтары бас қақпаның ерекше безендірілгенін ай соңында көре алады. Іргесінен бастап, дизайнына жаңаша леп беріп отырмыз. Жазбаларды жаңартып, өң бердік. Түнгі жарықтандыру жұмыстары да қолға алынды, – дейді Елдос Қыдырбекұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.