Таласта ет өндірісі өркендеуде

0 374

Бақ қонған, құт дарыған киелі өлке Талас ауданында тындырылған тірлік көп. Әрбір салада ілгерілеушілік байқалады. Ел игілігі үшін қолға алынған баянды бастамалар, жемісті жобалар да жетерлік, — деп хабарлайды «Sheraga.kz» ақпарат агенттігі.

Әсіресе, өңірде асыраушы сала алшаң басып, шын мәнісінде аудан экономикасын дамытудың драйверіне айналған. Жалпы Талас ауданы – төрт- түлік мал ұстауға қолайлы аймақ. Бүгінде осынау бай өлкенің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтырып отырғандар аз емес. Нәтижесінде Шопан ата таяғын қолға алған шаруалар кіріс көзін молайтып, табыс тайқазанын тасытып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары ауданда мал саны еселеніп өсіп келеді. Бүгінде аудан бойынша мүйізді ірі қара – 35 044-ке, қой-ешкі – 481 868-ге, жылқы – 14 705-ке, түйе 2 505-ге жеткен. Мал саны өскен сайын өндірілетін өнім де артқан.

Сонымен қатар таластық шаруалар ет өндірісін дамытудың пайдасы мол екенін ұғынғандай. Қазір аймақта таза етті бағыттағы мал өсіру жолға қойылған. Шаруалар шығыны аз, өнімі мол мал тұқымын таңдауда. Мұның бірнеше игілігі бар: біріншіден, шетелден асылтұқымды мал сатып алуға Үкімет жеңілдетілген несие береді, екіншіден, асылтұқымды малдың төлі мен алынған ет өнімі тағы да субсидияланады, үшіншіден, асылтұқымды мал етінің салмағы жоғары.

Ал ағымдағы жылы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 22,2 тонна, «Мирас» шаруа қожалығы 1,6 тонна қозы етін «Меркі» ет комбинатына өткізсе, жыл басынан бері мал бордақылау алаңдарында ауданның шаруашылық құрылымдары 198 бұқашық өткізген. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен 3372,5 тонна мал мен құс еті, 1788 тонна сүт, 728 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын орындау үшін «Әулиеата» несие серіктестігі ЖШС арқылы үш ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 19,2 миллион теңге несие берілген. «Агробизнес» бағдарламасын орындауда Ойық ауылдық округіндегі «Анай-Көшкей» шаруа қожалығы 4,2 миллион теңгеге 17 мүйізді ірі қара мал, «Ердәулет» шаруа қожалығы 5 миллион теңгеге 100 бас қой сатып алған. Мұнымен қоса, мал алу үшін екі шаруа қожалығы құжаттарын өткізіп, комиссия қорытындысын күтіп отыр.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.