Таласта асыраушы сала алға басуда

0 203

Қазір қай өңірге барсаңыз да ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының саны артып, өркенді істердің молая түскенін байқайсыз. Себебі, ауыл жұртшылығы мал өсіріп, егін егудің тәуір табыс көзі екенін ұғына бастады. Жұмыстың жандануына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың да көп көмегі тиіп жатыр. Бүгінгі таңда облысымызда мол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп отырғандар аз емес. Сол қатардағы Талас ауданы, Қызыләуіт ауылындағы «Еламан» және «Кәусәр» шаруа қожалықтары бірнеше жылдан бері атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтырып, ауылдастарына үлгі болуда.

Өрісі төлді, малы қоңды қос шаруа қожалықтың құрылғанына аз уақыт болса да ауқымды істер атқарылуда. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына ден қойып, табыстың тасын өрге домалатқан ұжым.

«Еламан» шаруа қожалығының жетекшісі Ербол Адиловтың айтуынша, шаруашылықта екі мыңға жуық қой, 69 жылқы, 128 бас сиыр мен 311 бас түйе бар. Он алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қожалық мал бордақылаумен айналысуда.

 – Біз алда қой санын 5000 басқа жеткізіп, 1000 басқа арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге шұбат өндірісін жолға қоймақ ниеттеміз. Ол үшін бізге 150 миллион теңге қажет. Осы қаржыны екінші деңгейлі қаржы ұйымдарынан алу үшін тиісті құжаттарымызды жинастырудамыз, – дейді Е.Адилов.

Қожалық иесі төрт түлікті бордақылап, Тараз қаласын отандық өніммен қамтуды жоспарлауда. Несиеге қол жекізсе 100 миллион теңгені бордақылау алаңының құрылысына жұмсамақ. Ал 50 миллион теңгеге сауын апараттары мен шұбат өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды алып, жұмысты бастап кетпек ниетте.

Ал құрылғанына екі жылдан асқан «Кәусар» шаруа қожалығы асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіруді қолға алған. Қожалықтың еншісінде 1000 гектар жайылым, 27 гектар егістік жер бар.

Қожалық жетекшісі Айман Имашованың айтуынша, шаруашылық 2018 жылы екінші деңгейлі қаржы ұйымдары арқылы 40 миллион теңге несие алып, оған Германия мемлекетінен 40 бас етті, 49 бас сүтті бағыттағы симминталь мүйізді ірі қара сатып алып келген.

Бүгінгі таңда қожалық 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Оның жобалық құны екі миллиард теңгеге жуық. Құрылыс жұмысын тоқтатпай, жобаны жүзеге асыру үшін шаруашылық тағы несие алмақ ниетте. Жоба жүзеге асса ауылдың ондаған адамы жұмыспен қамтылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.