Табиғат пен адам

0 152

Бүгінде Жер атты планетаны мекендеген адамзат баласының алдында оның болашағын айқындар, шешуші қиын проблема тұр. Ол – күннен-күнге шиелені­сіп келе жатқан экология­лық қатер. Бұл әлдебір құдірет күшінің әсерімен емес, адам баласының өз санасының әмірімен дүние­ге келгенін материалистік тұрғыда ойлайтындардың кез келгені түсінеді. Осы бір жанұшырған, жанталасқан адамды ертегіде айтылатын қырық бірінші құпия есікті ашып алып, енді соны жаба алмай отырған кейіпкермен ғана салыстыруға болар еді. Бүгінгі экологиялық тепе-теңдік жолындағы жаппай дүмпудің түп тамырын, таби­ғат тазалығы жолындағы көпшілік қозғалысының себеп-салдарын, осы төңіректен іздестіру керек шығар.
Жалпы, қазақ халқы ежелден-ақ табиғат болмысын өзінің шаруа­шылығының дамуы мен қалыптасуының көзіне айналдырған. Қазақтың көшпелі өмірінің өзінде табиғатты пайдаланумен қатар, оны аялаудың, қорғаудың тамаша үлгілері қалыптасқан. Ата-бабамыз көне дәуірден-ақ табиғат сырын өзінің болашағымен, арманымен ұштастыра білгені «Алтай», «Алатау», «Сарыарқа» деген атаулардан-ақ көрінеді. Бірақ, қазіргі таңда дүниежүзілік ғылыми техника мен адам әрекеті табиғаттағы тепе-теңдікті бұзып, экологиялық проблемаларды тудыруда.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2030» атты Жолдауында: «2030 жылғы Қазақстан ауасы таза, мөлдір сулы, жасыл желекті елге айналуы тиіс. Өндіріс қалдықтары мен радиация бұдан былай үйлеріміз бен бақтарымызға енбейтін болады. Біздің балаларымыз бен балалары­мыз­дың балалары кінаратсыз жағдайда толыққанды өмір сүретін болады», – деген сөз өрбіткен еді. Ал, қоғам ол сөзді ескеріп те жатқан жоқ. Неге деймісіз? Себебі, атмосфераның, топырақтың, әлем мұхиттарының ұзақ уақыттан бері үздіксіз ластануына қарап, экологиялық ахуал әлемдегі нөмірі бірінші проблема деуге болады. Мәселен, адам әрекеті күнделікті өмірде қоршаған ортаны ластап, көлік құралдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар оттегін көп мөлшерде пайдалануда. Сондай-ақ, мұнай өнімдері, нитраттар, фос­фат­тар мен тұрмыстық қоқыстар да мұхиттарды ластауда. Қарап тұрсақ, барлығы адамның көзіне көрінбей­тін іс-әрекетінің арқасында орын алып жатыр.
Десек те, шиеленіскен эколо­гия­лық жағдайды сауықтыруға, туған табиғатты аялауға, табиғи ресурстардың көзін тауып, ұқыпты да үнемді пайдалануға бағыттал­ған жобалар баршылық. Атап айтсақ, «Жасыл ел» бағдарламасы. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп қазекем айтпақшы, «Жасыл ел» сақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде. 2005 жылы қабылданған аталмыш бағдарлама бүгінде өз нәтижесін беріп келеді. Алайда, еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Өйткені, табиғатты таза ұстау, қор­ғау, экологиялық орта қалыптастыру – адамзат баласының міндеті. Бір сөз­бен айтқанда, экологиялық күрес өмір үшін күреспен пара-пар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.