Қоршаған ортаны қорғау – міндетіміз

0 132

Дүниедегі тіршілік атаулының өмір сүретін мекені-қоршаған ортамыз. Сондықтан қоршаған ортаны, яғни табиғатты қорғау — баршаға ортақ міндет. Қоршаған орта дегеніміз – біздің күнделікті өмір сүріп жатқан табиғатымыздың аясы. Табиғат аясына өсімдіктер дүниесі, жан-жануарлар әлемі, жер, су және ондағы тіршілік иелері кіреді. Қоршаған ортаға сырттан қандай да бір әсер болып, зиян келетін болса, онда табиғат аясындағы тіршілік иелері зардап шегеді. Экологиялық жағдай нашарлап, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады. Соның ішінде адам денсаулығына зиян тигізеді. Адамға қажетті ауа мен судың тазалығы табиғаттың тепе-теңдігіне, экологиялық жағдайдың тұрақтылығына тікелей тәуелді. Тазалық сақталмаған жерде эпидемиялық аурулар пайда болуы мүмкін. Адам ауру-сырқауға ұшырауы ықтимал. Негізінен қоршаған ортада табиғаттың тепе-теңдігін сақтайтын жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі болып табылады. Зер салып қарасақ, табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің табиғат тепе-теңдігін сақтауда алатын өзіндік орыны бар. Өзен мен көл, теңіз де солай. Біздің табиғат аясындағы аңдар мен құстарды, теңіздегі балықтарды қорғауымыздың басты себебі, міне, осында. Айталық, құстар жойылып кететін болса, онда орман, тоғайды ұсақ зиянкестер мен құрт-құмырсқа басып кетіп, орманға зиян келтіруі мүмкін. Сол секілді өзен, көл орынсыз пайдаланудың әсерінен тартылып, табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуына әкеліп соғады. Соның әсерінен төңірегінде құрғақшылық пайда болады. Тіршілік көзі су тапшылығы туады. Оның мысалын алыстан іздемей-ақ кешегі Кеңес Одағы кезінде Аралға құйып тұрған Әмудария мен Сырдария суларын қалай болса, солай орынсыз пайдаланып, ысырап еткенінің әсерінен тартыла бастаған Арал теңізінің тағдырын айтсақ та жеткілікті. Кезінде бұл жағдай төңірегіне недәуір кері әсерін тигізгені елдің есінде. Соңғы жылдары мемлекетіміздің назар аударып, теңізді қалпына келтірудің кешенді шараларын жүргізіп келе жатқандығынан қазіргі таңда Кіші Арал пайда болды. Онда балық өсіріліп, төңірегіндегі халықтың тыныс-тіршілігі де түзеле бастағаны қуантады. Жыл өткен сайын теңіз көлемі де ұлғайып, экологиялық жағдайы қалыпқа келіп жатыр деп естиміз. Енді біздің өңір жайлы айтар болсақ, Маңғыстау жері — шөл аймақ. Мұнда табиғи су көздері тапшы. Бірен-саран бұлақ болмаса. Сондықтан бұл жерде су алтынмен бағаланады. Құрғақ климатты, шөлейтті өңір. Мал шаруашылығы үшін шөп, жайылымдық мәселелері күрделі. Жаңбыр жаумаса, шөп шықпайды, қуаңшылық болады. Шаруалары Құдайдан жаңбыр тілеп отыратын аймақ. Құдай тілегін қабылдап, көктем мезгілінде жаңбыр жауса, жайылым мен шабындыққа қарық болатын жер. Өндіріс орындарына да тұрғындарға да, ауыз су құбырмен келеді. Яғни егін егіп, шөп дайындау қымбатқа түсетін жер. Сол үшін осы өңірде де өсімдік әлемін қорғау өте маңызды. Басқасын былай қойғанда, бұл жерде негізінен жусан мен бұйырғын, еркек секілді шөптер көбірек өседі. Бұл шөптер төрт түліктің негізгі азығы болып есептеледі. Осыған қосымша айтарымыз, біздің Бейнеу ауданымызда өсімдік әлемі, соның ішінде табиғат байлығы орман, тоғайды өркендетуге, қоршаған ортаның ортаймасына үлестерін қосып келе жатқан Бейнеу және Сам аң және орман шаруашылық мекемелері бар. Олар негізінен сексеуіл тоғайларын-түлейлерді қорғап, оның өсіп, өркендеуіне мүмкіндік жасап, қызмет етуде. Соның нәтижесінде сексеуіл тоғайлары-түлейлер толығып, жайылымдық жерлер жайқалып келеді. Сексеуілді жыл сайын егіп, баптаудың нәтижесінде алқаптары кеңеюде. Сексеуіл – табиғат байлығының бірі, көп жылдық бұталы өсімдік. Оның пайдасы ұшан- теңіз. Өсімдіктерді күшті желден қорғайтын, тоғай ішінде тіршілік ететін аң мен құстарға пана. Сексеуіл ормандары қыста жауған қарды іркіп, көктем мезгіліне дейін топырақтың ылғалдылығын сақтауға сеп болады. Ылғал топырақта өсімдіктердің шөптердің жапырақ жайып өсуіне мүмкіндік туғызатыны айтпасақ та түсінікті. Соның себебінен орман ішіндегі шөптер айдаладағы шөптерге қарағанда қалың болып өседі. Бұл да өз кезегінде өсімдік әлемін қорғап, экологиялық жағдайдың қалыпты болуына оң әсерін тигізеді. Мал жайылымы жақсарады. Сондықтан орман, тоғай алқаптарын кеңейту де табиғат байлығын сақтай отырып, қоршаған ортаны қорғауға пайдалы бағыт. Осы жағдайларды ескеріп, әрбіріміз жайылымдық жерлерді, шөп өсетін алқаптарды, шабындық жерлерді қорғап, орынсыз бүлдіруге жол бермеуіміз керек. Шабындық жерлерден шөп дайындаған кезде шөптің тамырына зиян тигізбеу жағын ойлау керек. Маңғыстау жер асты — қазба байлыққа бай жер. Мұнай-газдың өндірістік аймағы саналады. Өндіріс орындары көп. Олар жазатайым мұнай қалдықтарын төгуге жол берген жағдайда сол жерді тез арада залалсыздандырып, қалыпқа келтірмесе, айыппұлдың көлемін арттырып, тиісті шара қолданып, ретке келтіруге міндеттеген жөн. Елдің о шеті мен бұ шетіне даламен сапар шеккен өндірістік мекемелердің автокөлік жүргізушілері жолсыз жүріп, жайылымдық алқаптарды табанымен таптамауы тиіс. Алыста болса, негізгі тас жолмен жүруді естен шығармағаны дұрыс деп есептейміз. Далалықпен  жүрген  көлік біріншіден, шөпті табанымен таптаса, екіншіден, соңында қою шаңды боратып, өсімдіктерді топыраққа көміп кетеді. «Құдай қарғағанды Пайғамбар асасымен түртеді» дегендей, онсыз да шөлден қурағалы тұрған шөпті солдырады. Өсімдіктерді қорғау бағытында өсімдік зиянкестерінің жайлап кетуінің алдын алу мақсатында іс-шараларды жүйелі жүргізіп отыру аса маңызды. Тағы бір айтатын жайт, жол салатын құрылысшылар топырағын пайдаланған жерлерді тегістеп, қалыпқа келтіріп кетуге міндетті. Жергілікті жердің құзырлы орындары осыны қатаң талап етіп, жерді орынсыз пайдаланып, бүлдіруге жол бермегені абзал. Біз жер-суды орынсыз пайдалануға жол бермей, пайдаланылған жерімізді қалыпқа келтіру, топырақты бүлдірмеуді басты қағида етіп ұстанғанда ғана табиғаттың тепе-теңдігін сақтай аламыз. Теңіздің экологиялық жағдайын қалыпты сақтау мәселесіне келетін болсақ, Каспий теңізі де байлығымыздың бірі. Оның табанынан мұнай-газ өндіріліп жатыр. Теңіз су жолы арқылы ерсілі – қарсылы жүк кемелері қатынап, жүк тасиды. Міне, осылар жанар-жағар май мен мұнай, өндірістік қалдықтардың теңізге төгілуіне жол бермеуі керек. Теңізде де табиғат тепе-теңдігін сақтап тұрған тіршілік иелері көп, сан алуан түрін кездестіресің. Олардың адамның қателігінен орынсыз қырылып қалуына жол бермеуді қатаң қадағалау қажет. Онда аса бағалы балықтар мен теңіз маржандары тіршілік етеді. Экологиялық жағдайды тұрақты сақтап отыруға оң әсер ететін тағы бір іс-шара елді мекендерді көгалдандыру. Оның Маңғыстаудай құрғақ климатты аймақ үшін маңызы айырықша. Біріншіден, жасыл желек көмірқышқыл газын бойына сіңіріп, ауаға оттегі шығарып тұрады. Екіншіден, жаз мезгіліндегі ыстық күнде көлеңке, жанға сая. Үшіншіден, көшеге көрік беріп, ауылдың ажарын ашады. Бұл экологиялық жағдайды қалыпты сақтаумен қатар адамның салауатты өмір сүруіне ықпал етіп, денсаулыққа пайдасын тигізетіні сөзсіз. Осылайша табиғаттың тепе-теңдігін бұзбай сақтасақ, экологиялық жағдайды қалыпта ұстап тұруға мүмкіндік болады. Қалыпты экологиялық жағдай дегеніміз ауаның ластанбауы, судың тазалығы, тіршілік етіп жатқан мекеніміздің өмір сүруге қолайлы болуы, соның ішінде табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтай білу болып табылады. Осыны әрбір азамат естен шығармағаны дұрыс. Ең маңыздысы – табиғи ресурстарымызды ретімен пайдаланып, сақтай білу.

Leave A Reply

Your email address will not be published.